Біліп жүр
Вестерн жанрында түсірілген «Саташ» фильмі
2018 жылдың 1 қарашасынан бастап, вестерн жанрында түсірілген «Саташ» фильмі отандық прокатқа шығады. Фильмнің режиссері – режиссер, сценарист және журналист Төлеген Байтөкенов.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен Саташ есімді учаскелік полицей туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді.
Фильмдегі басты рөлдерді Ақылхан Алмасов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин және Ержан Нүсіпақыновтар сомдайды. Ұрыс сахналарын қою Бахадүр Жалметов пен «Жал» каскадерлер ассоциациясына жүктелген. Түсірілімдер Алматы облысы, Қапшағай қаласынан 40 км шақырымда орналасқан Бригадир ауылында өткен.
Естеріңізге сала кетсек, «Саташ» фильмі қазанның 12-і мен 21-і аралығында өткен 34-ші Варшава кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан болатын. Режиссер Төлеген Байтөкеновтың айтуынша, фильмді тамашалаған польшалық көрермендер мен түрлі елден келген БАҚ өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, картина ұнағанын айтқан. Мысалы, SLANT Magazine атты америкалық танымал басылымының киносыншысы Чак Боэн фильмге: «Аталған кинотуынды әсемділігімен ерекшеленеді. Бәрі үйлесімді, әр кадр орынды, ерекше атмосфераға толы, оқиға желісі де қызықты. Фильмнің соңы да ойдағыдай аяқталады, әр композициясы есте қаларлық. Бұл нағыз заманауи вестерн», — деп баға берген.