Wolt – тапсырыс беру және жеткізу қызметімен шұғылданатын сервис. Сонымен қатар тұтынушы мейрамханаға бармас бұрын, алдын ала тағамға тапсырыс бере алады. «Wolt» 2015 жылы Финляндияның Хельсинки қаласында құрылған. Бүгінгі таңда Еуропаның 14 елінде жұмыс істейді. Balbal.kz «Wolt» компаниясының дамуы мен Қазақстан нарығына енуі жайлы материалды назарыңызға ұсынады.
Компанияның дамуы
Компанияны «Booking.com»-тың СЕО маманы Кис Кулен, «Skype»-тың негізін салушы және бұрынғы директоры Никлас Зеннстрем, «Nokia» компаниясының өкілі Ристо Сииласмаа құрған.
Сервис Финляндияда және Еуропада кеңінен дамыған. 2018 жылғы есеп бойынша компания 30 миллион доллар инвестиция алған. 2019 жылғы деректерге сүйенсек, сервис әлемнің 20 елінде, 70-тен аса қаласында жұмыс істейді. Олардың қатарында Осло, Прага, Берлин, Турку, Баку, Белград, Афины бар.
Бүгінгі таңға дейін «Wolt» ICONIQ Capital, Highland Europe, 83North, EQT Ventures , Inventure, Lifeline Ventures секілді компаниялардан 150 миллион еуро инвестиция тартқан. «Wolt» 530 қызметкерді жұмыспен қамтыған. Болашақта бұл санды 1 000-ға дейін өсіру жоспарланып отыр.
«Wolt» 2020 жылы Еуропадағы жылдам қарқынмен өсіп жатқан компаниялар арасында 2 орынды иеленген.
Wolt-тың Қазақстанға келуі
Компанияның Қазақстандағы бөлімін Әлібек Есов басқарады. Басшы жеткізу қызметі жайлы vlast.kz сайтына толығымен баяндап берген. «Wolt» көбісі ойлайтындай франшиза емес, бұл – ірі компанияның толыққанды бір бөлімі.
Директордың айтуы бойынша командада барлығы 20-ға жуық қызметкер бар. Сонымен қатар «Wolt» еліміздің нарығына енгенде, мұндай сервистер саны 3-ке жеткен.
Қазақстандағы жеткізу қызметі шамамен 30 миллион долларға бағаланады. Ал өсім көрсеткіші 15-25%-ға тең. Салыстыру үшін, Ресейде бұл нарықтың құны 2,5 миллиард доллар.
Жеткізу қызметтерінің бірнеше түрімен келісім жасау арқылы мейрамханалар көбірек пайда табады. Әлібек Есовтың айтуынша, мейрамхана бұл арқылы көп мөлшердегі аудиторияны қамтиды. Өз өнімдерін еркін саудалай алады.
Жеткізу қызметінің ерекшеліктері жөнінде
Курьерлер жұмысқа фрилансер ретінде қабылданады. Мұнда екі нұсқа бар: жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеу не болмаса азаматтық құқықтық келісім жасау. Көбісі келісім бойынша жұмыс істеуді жөн деп санайды. Бүгінгі таңға дейін курьерлер арасындағы ең үлкен табыс – 620 000 теңге, ең азы 500 теңгені құраған екен.
Пандемия кезінде компания жұмысын тоқтатпаған. Тұтынушылар қауіпсіздігі үшін қол тигізбеу жеткізу қызметін қосқан. Бұл қызметті қосымша арқылы қосуға және өшіруге де болады.
Есовтың пайымдауы бойынша, сервистің болашағы жайлы айту әлі ерте. Дегенмен соңғы уақытта мейрамханалардың қызығушылығы мен қызметкер санының өсуі байқалады.
«Wolt» Қазақстан нарығына 2019 жылдың қарашасында енген. Бүгінгі таңда Алматы және Астана қалаларында дамыту бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Бұдан кейін Қазақстанның және Орталық Азияның өзге қалаларына өту жоспарланып отыр.