Біліп жүр
Жаңа жұмысқа орналасқан қызметкерлерге кеңес
Жаңа жұмысқа орналасқан қызметкерлер нені ескеруі керек?
Жаңа жұмысқа орналасқан күннің алғашқы аптасында жаңа ортаға үйренісе алмай жүретініміз бар. Әсіресе, еңбек жолын енді бастаған жастар үшін біраз қиындықтар туындайды. Жұмыс орныңызға бойыңызды үйрету үшін не істеу керек? Алғашқы күннен бастап қателік жібермеудің жолдары қандай?
Алғаш рет жұмысқа барар күні жақсылап дайындалыңыз. Алдын ала не киетініңізді жоспарлаңыз. Сөмкеңізге салып баратын заттарыңызды да реттеп алғаныңыз абзал.
Алғашқы жұмыс күні болғандықтан, аздап қобалжуыңыз орынды. Сол түні тіпті ұйықтамауыңыз мүмкін. Жұмысқа кешікпес үшін ерте тұрарыңыз анық. Сол себепті жуынып-шайынып, өзіңізді ретке келтіріп, жақсылап тамақтанып алыңыз. Дайындап қойған киіміңізді киіп, ертерек жұмысқа шығыңыз. Есіңізде болсын, алғашқы күн болғандықтан, 10 минут ерте барыңыз.
Кеңсеге кірген бетте жаңа әріптестеріңізбен амандасып, өзіңіз жайлы жағымды пікір қалыптастыруға тырысыңыз. Жұмысқа кіріспес бұрын, қолға алатын істеріңіздің жоспарын құрыңыз. Егер әріптестеріңіздің атын ұмытып немесе шатастырып жатсаңыз, саспаңыз. Бірден: «Айып етпеңіз, мен бүгін миллион адаммен танысқан шығармын», — деп қалжыңдай салыңыз.
Әріптестеріңізге дәмді сусын ұсынып көріңіз. Тіпті кофе, шайды өзіңіз дайындап жіберсеңіз тіптен жақсы. Ескеретін жайт, түскі үзіліске өзгелерден бұрын жүгірмеңіз. Түскі үзіліс әріптестеріңізді жақсы танып, өзіңізді барынша көрсететін тамаша уақыт. Әңгімеге араласыңыз, соңғы жаңалықтардан хабардар болыңыз. Қалжың әңгімелер айтып, көңілдерін көтеруіңізге болады.
Сіздің жұмысқа кіргендегі басты міндетіңіз — өнімді еңбек ету екенін ұмытпағайсыз. Бірінші күннен бастап көп тапсырма алатыныңыз айдан анық. Барлығын ретпен, мінсіз орындауға талпыныңыз. Білмеген жеріңізді сұрап алыңыз.
Жұмыс болғаннан кейін бастықтың барлық қызметкерлерді жинап алып жиналыс өткізетіні анық. Жиналысқа барынша дайындалыңыз. Сергек отыру үшін бой жазып алыңыз, өйткені жиынның қанша уақытқа созыларын анық білмейсіз. Қолыңызға қалам мен шағын арнайы блакнот ала барыңыз. Жиналыста отырып, бастықтың айтқан маңызды тапсырмаларын ұмытпау үшін түртіп отырыңыз.
Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін дәл уақытында жұмыстан қайтыңыз. Ұзақ отырсам және соңынан шықсам, бастықтың көзіне жақсы қырымнан көрінемін деп ойламаңыз. Енді үйіңізге қайтып, алғашқы жұмыс күніңіздің қалай өткенін ой елегінен өткізіп, жіберген қателіктеріңізді түзетуге тырысыңыз.
Дайындаған: Маржан Сәбет