Біліп жүр

Жылдам жазуды үйренгісі келетіндерге арналған 7 лайфхак

Жылдам жазуды меңгергісі келетіндерге арналған кеңестер

Жылдам жазуды меңгергендердің бағы бес елі. Себебі бірнеше минуттың ішінде бәсекелес БАҚ-тың журналисі сенсациялық жаңалықты сізден бұрын жариялап, басқа біреудің блогы көбірек қаралым жинауы мүмкін. Оқырман жылдам авторды таңдайды. Ал табысы жұмыс жылдамдығына тікелей байланысты штаттан тыс копирайтер туралы үндемей-ақ қояйық. Сонымен барлық жазғышқа көмектесу үшін Balbal.kz мотивациялық сайты әйгілі америкалық журналист және жазушы-жаттықтырушы Дафна Грей-Гранттың  жазба уақытын оңтайландыруға арналған кеңестерін қазақшаға аударды.

Дафна Грей-Грант:

Бірнеше журналистен сағатына қанша сөз жазуға болатындығын сұрап көріңіз. Барлығынан болжалды ғана жауап аласыз. Мен мұны білемін, өйткені жақында ғана өзім журналистерге осындай сұрақ қойдым. Өнімді жазатын сияқты көрінген ондаған достарымның ішінен ешкім сұрағыма нақты жауап бермеді. Жауаптар әртүрлі болды: біреуі сағатына 200 сөз, ал кейбірі 1500 сөз жазатынын айтты.Бір ғажабы, олардың көпшілігі мәтінді редакциялау нақты жазудан гөрі көп уақытты алады дейді.

Әрбіріміздің тез жазуға деген талпынысымыздың өз себептері бар. Фрилансерлер үшін бұл жай ғана ақша: сіз неғұрлым тез жазсаңыз, соғұрлым көп ақша табасыз.  Жұмыс беруші сіздің басқалардан қысқа мерзімде көп жұмыс істеуіңізді күтеді. Тағы басқалары жазып жатқан кітабын мүмкіндігінше жылдам аяқталғанын қалайды, сүйте отыра тек бос уақыттарын ғана пайдаланады. Осындайда немесе өзге де жағдайда сізге менің 7 кеңесім мақалаңызды тез бітіруге көмектеседі деген үміттемін.

Жазуды бастамас бұрын мақсатыңызды нақтылаңыз

Егер тұтынушы сізге мәтіннің қажетті көлемін нақты айтпаса, өзіңізге мақсат қойыңыз.  500 сөз бен 5000 сөзді жазудың айырмашылығы – оңтүстікте күйіп тұрған күн мен Арктикадағы салқындықтың арасындай. Сапарға бара жатып өзіңізбен бірге қандай киім алып келу керек екенін білуіңіз керек?  Мәтінмен де дәл солай – мақсатыңызды анықтамай оның бітер уақытын кесіп айту мүмкін емес.

Мәтінмен компьютердің алдында жұмыс істемеңіз

Егер сіз тақырыпты алдын ала зерттеуге ниеттенсеңіз де болашақ мәтінді ойланудан бастаңыз.  Мұны қарапайым физикалық жаттығулармен яғни жаяу жүрумен, жүгірумен, тіпті үйді тазалаумен байланыстырыңыз.  Мәтін туралы ой өздігінен пайда болады деп күтпеңіз!  Дамытқыңыз келетін бірнеше тезистерді ойластыруға тырысыңыз немесе мәтіннің жалпы құрылымын көз алдыңызға елестетіңіз . Мысалы, мен банкке, наубайханаға немесе пошта бөлімшесіне барар жолда ойланамын.

Зерттеңіз, ізденіңіз!

Егер сіз мәтіннің құрылымын жақсылап ойластырған болсаңыз, онда сізге қандай ақпарат қажет екенін және қандай мөлшерде болатынын сөзсіз білесіз. Ойыңызды туралаңыз, көп немесе аз болмауы қажет. Егер көп болса, сіз ойға батып кетесіз, ал аз болса, не жазарыңызды, қалай толықтырарыңызды білмей қаласыз.

Ментальды карта жасаңыз

Мен ақыл-ой карталарының нағыз жанкүйерімін. Ментальды картаны мүмкіндігінше тиімді ету үшін сізге парақтың ортасына тақырып қоймай, болашақ мәтініңізге жауап беретін сұрақ қоюға кеңес беремін.  Егер сіз клиенттің жаңа өнімі туралы мәтін жазып, өнім атауын ортасына қойсаңыз, тығырыққа тірелесіз.  Картаның ортасына «Өнім не үшін қажет?» деген сұрақты қойған дұрыс.  Біздің миымыз сұрақтарды ұнатады, өйткені жауап іздейді.

Бірдей тапсырмаларды топтаңыз

Мәтінді жазу,  ақпарат іздеу, ойлану және редакциялау сияқты жұмыстарды бір-бірінен бөлек жасау тиімді, әйтпесе басыңызда хаос пайда болады және сіз мәтінді ұзақ жазасыз. Ойлау –зерттеу – жоба жазу – редакциялау.  Осылай жүйелеңіз.

Жазу кезінде редакциялаудан аулақ болыңыз

Көп адамның жаман әдеті осы. Бұл үлкен қателік. Өйткені сіз бүкіл мәтінді көрмейсіз, сонымен қатар екінші реттік тапсырмалармен де алаңдайсыз. Одан арылу үшін мына кеңестерімді ұсынамын:

  • Егер көрмей жаза алмасаңыз, мониторды қағазбен жауып қойыңыз. Сіз не жазылғанын және қайда жазылғанын көрмесеңіз, оны өңдей алмайсыз.
  • Таймерді қолданыңыз. Оны 25 минутқа қойып, бір тапсырма орындаңыз.  Бұл сізге екінші мәселе туралы алаңдамауға және барлығын мүмкіндігінше тез аяқтауға көмектеседі.  Тек екі жұмысты бір уақытта жасамаңыз.
  • Мәтін жазу барысында сөздің, фамилияның немесе кез келген фактінің дұрыс жазылуына күмәнданған болсаңыз, жақшаға арнайы таңбалап кетіңіз. Олар сізге нақтылағыңыз келетін ойларды бірден көруге мүмкіндік береді..
  • Интернеттегі Write немесе Die қызметін пайдаланыңыз. Бастар алдында уақыт пен көлемін көрсетіп, «Try» тетікшесін басасыз.  Егер бағдарлама ұзақ уақыт бойы ештеңе жазбайтындығыңызды байқаса, экран қызғылт түске боялады, ал егер сіз мүлдем ештеңе жазбасаңыз, онда экран толығымен қызыл түске айналып және бағдарлама жағымсыз дыбыс шығарады. Мысалы, жылаған бала немесе айқайлаған көлік дабылы.  Бұл материал жазу кезінде өнімді болуға көмектеседі.
  • Сіздің ішкі дауысыңыз бір нәрсені түзету керек десе, оны елемеңіз, тек редакциялау кезінде барлық түзетулерді енгізесіз.

Статистика жүргізіңіз

Шынымды айтсам, кәсіби жазушылардың аз бөлігі ғана нақты қанша сөз жазатынын білетіндігі мені таң қалдырды. Ия, әрине, әр мәтін әртүрлі.  Егер сіз өзіңіздің шығармашылық процесіңізді ыждағаттасаңыз, онда мәтіннің күрделілігіне байланысты нақты санын тез айта алар едіңіз.  Мысалы, мен жеңіл мәтіндерді сағатына 750 сөзбен, ал күрделі мәтіндерді  сағатына 300 сөзбен жазамын.  Нақты сан маңызды емес, бірақ оны таралымын білу мен бақылау өте маңызды. Сондықтан мен мәтін статистикасын жүргіземін: бір парақ алып жұмыстың атын, күнін, сөздер санын, жазу уақыты мен редакциялау уақытын жазамын.

Статистиканы білу келесі тапсырыстарға уақытты саналы түрде арнауға және нәтижені біртіндеп жақсартуға көмектеседі.

Дайындаған: Мадина Тілекова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!