Салауат

Марафон – үйде отырып дамудың жолы

Марафон - үй жағдайында өзін-өзі дамытудың тиімді жолы

Марафон – белгілі бір уақыт аралығында сынақ арқылы даму. Коронавирус індетінің кесірінен бүкіл әлем карантинда отырған кезде, сіз де пайдалы іспен айналысыңыз . Balbal.kz мотивациялық сайты карантиндегі уақытты пайдалы өткізу үшін иммунитетті көтеріп, жеке дамуға арналған марафондарды ұсынады.

Таңғы жаттығу

Алдымен қарапайым марафоннан бастайық. Карантин уақытында адамдар үйде отырған соң, күнделікті қозғалыс азаяды. Ол өз кезегінде денеде шаршаңқылық туғызады. Қан айналымның жұмысын бәсеңдетеді. Ал ондай жағдайға жол бермес үшін 30 күндік таңғы жаттығу марафонын бастаңыз.

Таңертеңгі жаттығуға қарапайым жаттығу ретінде қарамаңыз. Ол сіз үшін ішкі жарысқа айналсын. Арнайы қойын дәптерге әр күнді белгілеп отырыңыз. Сонда спортпен айналысу сізге қажет емес, міндетті болады. Ал міндетті жұмысты біз әрдайым орындаймыз. 30 күннен соң бұл міндеттілік жойылып, рахаттана өз қалауыңызбен жасайтын боласыз.

Таңғы жаттығу марафонын бастаған күні айнаға ашық денеңізбен қарауды тоқтатыңыз. Сонда 30 күн өткен соң, кішкене ғана жаттығудың арқасында сымбатыңыздың қалай артқанын байқайсыз.

Тұз бен қанттан тыйылу

Кез келген аурумен күресе алатын мықты иммунитетіңіздің болғанын қалайсыз ба? Онда бүгіннен бастап тұз бен қанттан тыйылу марафонын бастаңыз. Алайда көпшілік үшін дәмді мен тәттілерден бірден ұзақ уақытқа тыйылу қиындық тудырады. Сондықтан марафон уақыты 1 апта болсын. 1 апта ішінде ас мәзіріңізден тұз, қант және газдалған сусындарды мүлде алып тастаңыз. Оның орнына көбірек көкөніс пен жеміс жеңіз.

Сонымен қатар бұл марафонда да 1 апта айнаға қарамаңыз. Нәтиже сізді таңқалдырады. Марафон аяқталған кезде денеңізді сергек сезінесіз. Бұлшық еттеріңіз орынсыз ауырмайтын болады. Теріңіз тазарып, безеулер азаяды. Мұндай өзгерістерді айнаға қараған кезде бірден байқайсыз.

Шатқа отырып үйрену

Қай жаста да дамып, жаңа заттар үйреніп отыру  керек. Ал ол денсаулыққа пайдалы болатын болса, тіпті жақсы. Сондықтан біз сіздерге 30 күндік шатқа отыру марафонын бастауға кеңес береміз. Ол үшін күнделікті мына жаттығуларды орындап отырсаңыз болды:

  1. Бірінші қадам. Жақсылап денеңізді қыздырыңыз. Әсіресе, іш пен бел бұлшық еттеріне назар аударыңыз. Созылу, керілу жаттығуларын мұқият орындаңыз
  2. Екінші қадам. Арқаңызды түгел қабырғаға сүйеп, малдас құрып отырыңыз. Бірақ аяғыңыздың табандары бір-бірінің үстіне шығып емес, бір-біріне тиіп тұрсын. Одан кейін қолмен асықпай екі тізеңізді жерге қарай басыңыз. Жаттығу мақсаты – тізені жерге тигізу.
  3. Үшінші қадам. Бір тізеңізге отырып, екінші аяғыңызды барынша созыңыз. Осылай кем дегенде 30-40 секунд тұрыңыз. Әр аяққа кезекпен 2-3 рет жасаңыз.
  4. Төртінші қадам. Отырып, аяғыңызды екі жаққа барынша созыңыз. Одан соң денеңізді алдыға қарай қисайтып, барынша созылыңыз.
  5. Бесінші қадам. Шатқа отырып көріңіз.

Осы жаттығударды күнделікті мұқият орындайтын болсаңыз, марафон аяғында қалай шатқа отырғаныңызды байқамай қаласыз.

Смартфоннан тиылу

ХХІ ғасыр адамдары үшін физикалық марафондарға қарағанда смартфоннан тыйылу қиыныраққа түседі. Бірақ сіз бұл марафонды үйде жүріп міндетті түрде орындаңыз. 1 апта қиынға соқса, 5 күнге телефоныңызды өшіріп тастаңыз. Мүлдем қолға алмаңыз. Алғашқы  күндері өзіңізді бір нәрседен құр қалғандай сезінуіңіз мүмкін. Бірақ марафонның соңында  қаншалықты бос уақытыңыздың көбейгенін, көзіңіздің қаншалықты демалып қалғанын байқайсыз. Кішкентай экранға телмірмей-ақ толыққанды өмір сүруге болатынын түсінесіз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!