Біліп жүр

ZOOM компаниясының басты ұстанымы – адамдарға бақыт әкелу

ZOOM видеоконференция сервисінің негізін қалаушы Эрик Юань 2020 жылдың бизнес пен технология әлеміндегі қаһарманына айналды. Ол басқарып отырған ZOOM компаниясының нарықтағы құны 16 млрд доллардан 160 млрд-қа дейін көтерілді. Бір жыл бұрын ZOOM қызметін күніне шамамен 10 млн адам пайдаланған, ал 2020 жылдың көктемінде (карантин басталған кез) бұл көрсеткіш 300 млн-ға дейін өсті. Microsoft және Google сияқты ғаламтор алпауыттарынан озып, бір жылда осындай дәрежеге жетуге не көмектесті? Жаһандық карантиннен кейін әлем қалай өзгереді? Осы және өзге де сұрақтарға Эрик Юань алғаш рет онлайн форматта өткен WebSummit конференциясында сөйлеген сөзінде жауап берді. Біз оның сөзінен ең қызықты үзінділерді жариялаймыз.

Клиентті қанағатандыру маңызды


Эрик АҚШ-та

Мен Кремний алқабына (АҚШ) 1997 жылы 27 жасымда көшіп келдім. Ғаламтордағы төңкерілістің алғашқы толқыны болып жатқан кез. Экономикалық инновацияны  экожүйе стартаптары алға жетелейтінін сол кезде-ақ түсінген едім. Мен де бір күні өз бизнесімді ашамын деп ойлайтынмын.  Бірақ ол қалай және қашан жүзеге асатыны белгісіз болды. Мен бизнес бастауға іштей дайындалдым. Дәл осы арман менің WebEx-тегі жұмысымды тастауымның басты себебі болды (WebEx қызметі бейне хабар тарату қызметін ұсынады, 2007 жылдан бастап Cisco компаниясына тиесілі. Эрик Юань компанияда менеджер болып жұмыс істеді). WebEx-тің қызметіне қанағаттанған бірде-бір клиентті көрмедім. Бұл менің жұмыстан кетемін деген шешімімді күшейте түсті.

ZOOM-ға қажет қаржы

ZOOM-ды іске қосу үшін ақша іздеген кезде ұсынысымнан бас тарқан инвестордың нақты санын айта алмаймын. Олар тым көп болды. Ол кезде нарықта бейне байланыс қызметін ұсынатын компания да көп еді. Көпшілігі ақысыз қызмет ұсынатын. Бірақ мен сервис клиенттерімен көп сөйлестім. Олардың барлығы өздері қолданған өнімдерге наразы болды. Сонда мен пайдаланушыларды қанағаттандыратын табысты өнім ойлап табуға аз да болса мүмкіндік бар екенін түсіндім. Құрылған сәттен бастап (2011 жыл ) және біздің IPO-ға шыққанға дейін (2019 жыл) ZOOM-ның өсу деңгейі бәсекелестермен бірдей болды. Алғашқы бірнеше жылда біз шамамен екі есеге өстік, содан кейін өсу қарқыны біршама баяулады. Өйткені бағдарламалық жасақтаманы жасаушылар әдетте тез өспейді. Бұл дамудың жақсы үлгісі болды. Бізге мұндай даму қарқыны ұнайтын. Себебі, қарыштап даму үлгісіне компания әлі дайын емес еді.

 

Covid пен ZOOM

Дағдарыс пен пандемияға дейін біз мұндай өсім туралы ойлаған жоқпыз. 2020 жылдың басында бізде 2019 жылдағыдай міндеттер бар еді: жаңа клиенттер мен қызметкерлерді тарту, бизнесті кеңейту, кірісті ұлғайту бойынша күш-жігерді екі есе арттыру. Ал өсім тез болған кезде, бұл өте қиын шаруа. Бір жағынан, біз қуандық. Көп жұмыс істедік, соңында бүкіл әлемге байланыста болуға көмектесу арманы шындыққа айналды. Қызметкерлер өте ынталы болды.  Екінші жағынан, кенеттен өсу қарқыны көптеген сұрақ туғызды. Біз мұның бәрін қалай шешетінімізді түсінбедік. Бізге одан да табанды жұмыс істеу керек болды, алдымызда көптеген процесті жақсарту міндеті тұрды. Жылдам өсу мен танымалдылық – бұл сәттілік қана емес, сонымен бірге үлкен сынақ. Мен барлық қызметкерлерге өте ризамын. Олар аянбай жұмыс істейді. Біз күн сайын өз клиенттеріміз туралы, қойылған мақсаттарға қалай қол жеткізуге болатыны туралы ойлаймыз. Егер басқа компаниялар B2C сегментінен бастап, содан кейін B2B-ді игерсе, бізде керісінше болды. Бізге енді жаппай тұтыну сегментін игеру керек. Біз өнімді, ішкі процестерді, қауіпсіздікті жақсарту туралы ойланамыз. Біз жаңа бағыттарды мүмкіндігінше тез дамытуымыз керек. Бұл үшін тез үйреніп, тез әрекет ету қажет.

Zoom бәсекелестерін қалай басып озды?

ZOOM қағидаты

Zoom-ның, біздің корпоративтік мәдениетіміздің басты қағидаты – бақытқа кенелту. Клиенттің көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл бізге әрқашан көмектеседі. Істеген ісімізге клиенттің көзімен қарауға тырысамыз. Әдетте біздің корпоративтік клиенттердің it-командалары кейбір функцияларды қосу үшін бізбен бірге жұмыс істейді. Қарапайым тұтынушыларда it тобы жоқ. Сондықтан біз клиенттерге барынша ыңғайлы сервис ұсынамыз.

1000 +

Бір кездері компанияда мыңнан аз адам болған. Бірақ қазір біз тоқсан сайын бірнеше жүз қызметкерді қосып, қарқынды дамып келеміз. Осыған қарамастан, ұйым біртұтас жұмыс істеуі керек деп санаймын. Өз компаниямызға келгендердің ұжымға тез сіңіп кете алуы үшін барлығын жасаймыз. Жаңа қызметкерлермен компанияның мәдениеті, құндылықтарымыз туралы сөйлесеміз. Біз әрқашан ізденістеміз, бұл оңай емес. Әрбір ZOOM қызметкері үшін, соның ішінде мен үшін, басты мақсат – жобаны жақсарту үшін не өзгерте алатынымызды шешу. Дағдарыс пен пандемияға дейін біз күн сайын  өзімізге осы сұрақты қойдық. Тек осылай ғана ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізуге болады. Біз жаңа басшыларды жалдаған кезде олардың басқа компаниялардағы тәжірибесіне емес, олардың әлеуетіне қараймыз. Біз үшін адамның өз бетінше дамуы да компаниямен бірге өсуі де маңызды.

Пандемия біткен соң ZOOM-ның қолданушылары азая ма?

Мәңгі on-line

Біз ғалымдардың тиімді коронавирустық вакцинаны тапқанын және әлемнің вирустан біржола құтылғанын қалаймыз. Бәріміз әдеттегі қарым-қатынасқа тезірек оралғымыз келеді. Бірақ сонымен бірге пандемия кезінде өміріміз, жұмысымыз және оқуымыз айтарлықтай өзгергеніне сенімдімін. Егер пандемия ертең аяқталса, бәрі кеңсеге орала ма? Менің ойымша, әдеттегі кеңсе режиміне оралудың керегі жоқ.

Барлық жерде ZOOM

Пандемия бір шындықты ұқтырды. Жұмыс күнін толықтай кеңседе өткізудің керегі жоқ. Мысалы, бір апта кеңседе, бір апта үйден жұмыс істеуге болады. Немесе дүйсенбі, сәрсенбі және жұмада  үйде болып, ал сейсенбі мен бейсенбіде кеңсеге баруымыз мүмкін. Климаттың өзгеруін ескере отырып, еңбек өнімділігіне байланысты біз осы жаңа шындықты қабылдауымыз керек. Zoom-ға келсек, ол бәрімізге қызмет етуін тоқтатпайды. Пандемия аяқталып, барлығы бейнеконференциядан бас тартуы екіталай. Zoom коммерциялық міндеттер, отбасымен байланыс үшін ғана емес, медицинада, оқу сыныптарында т.б. көп жағдайда қолданылады.

ZOOM-ның мүмкіндіктері кеңейе бермек

Бір болуға бөгет жоқ

ZOOM-ның мүмкіндіктері арта бермек. Мәселен, іскерлік кездесуге келгенде біз серіктестермен қол ұсынып амандасқандай боламыз. Болашақта ZOOM арқылы байланыса отырып, серіктесіңіздің ұсынған қолын сіз де сезінетін боласыз. Сондай-ақ өзіңізге кофе құйсаңыз, серіктесіңіз оның хош иісін сезіне алады. Осылайша сіз онымен бір жерде отырғандай сөйлесесіз. Егер әртүрлі тілде сөйлесетін болсақ, мүмкіндігі жоғары құралдардың көмегімен біз бір-бірімізді түсіне аламыз. Тұрғылықты жеріне және тілді меңгеруіне қарамастан, адамдар бір-бірімен еркін тілдесе алатын болады.

Эрик Юаньнан кеңес

Егер сіз қазір бизнесіңізді бастау туралы ойланып жүрсеңіз және идеяңыз болса, тартынудың қажеті жоқ. Барыңыз және жасаңыз. Артыма көз салсам, мен Zoom-ды іске қосарда бұл идея мені қаншалықты қызықтыратынын түсінген жоқпын. Сондықтан маған «Nike» компаниясының «just Do it» деген ұраны ұнайды («жай ғана жаса»). Тек жасаңыз!
Екінші Кеңес: компанияның мәдениетіне ерекше назар аударыңыз. Бұл  маңызды. Мүмкін, алғашқы бірнеше жылда бұл айқын көрінбейтін шығар. Бірақ егер өзіңіздің бизнесіңізді ішкі мәдениетке сүйенбестен ұлғайтамын деп шешсеңіз, сіз шешімі жоқ көп қиындыққа тап боласыз.
Тағы бір айтарым, шыдамды болыңыз. Табыс туралы ойламаңыз. Не істесеңіз де, қандай істі жақсы істей алсаңыз сонымен айналысыңыз. Тұрақты бизнесті құру – бұл ұзақ жол, бұл шығындар мен жаңа клиенттерді сатып алу. Сондай-ақ жеңістер мен жеңілістерді қабылдау біліңіз.

Дайындаған: Дидар Оңалбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!