Кітап

Дулат Тастекей: «Кәсіпкер үшін авантюрист болу өте маңызды»

Кітап қоржынына тағы бір туынды қосылды. Алдыңғы жолы сіздерге Ғани Байғалиұлының кітабын ұсынып едік. Ал осы мақалада Дулат Тастекейдің «Өте маңызды» атты кітабын талдаймыз.

Дулат Тастекей – кәсіпкер, меценат, Tascredit компаниясының негізін қалаушы. Шағын ломбардтан басталған оның компаниясы Қазақстанның қаржы саласына жаңа леп алып келді.

«Өте маңызды» кітабы 15 тарау, 235 беттен тұрады. Автордың алғысөзінен басталатын кітаптың әр тарауы бизнестің бір кірпіші іспеттес. Бизнес ұғымының қазақша этимологиясынан бастап, кәсіптің ішкі миссиясын, бренд қалыптастырудың маңызын қамтып, бизнесменнің әлеуметтік жауапкершілігін де жазған. Дулат мырза теориядан бөлек өз басынан өткен кейстерді кірістірген. Кітаптың әр тарауы маңызды. Дегенмен қаймағын жинап, назарыңызға ұсынып отырмыз.

Бизнесмен қазақи түсініктегі білгенін істеп жүре беретін адам емес, керісінше, шаруасы бастан асатын, әрдайым қарбалас, қазіргі заманның адамы дер едім. Дулат Тастекей

 

Бизнес vs Кәсіп

«Бизнес, кәсіп» сөздерін жиі естиміз. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Автор бұл сөздердің аражігін ажыратып берді. Тіпті, тереңірек түсіну үшін кәсіпкер мен бизнесменнің сипаттамасын кесте түрінде келтірген. Қысқаша айтсақ, кәсіпкер – өнертапқыш, жаңа дүние ойлап табады. Ал бизнесмен – бұрыннан келе жатқан бизнес-идеяны жүзеге асыратын адам. Автордың айтуынша, кәсіпкер уақыт өте бизнесменге айналады, ал бизнесмен кәсіпкерге айнала алмайды.

Автор бизнестің брендке айналуын өте маңызды дүние деп қарастырады. Тұтынушылардың бизнеске, қызметке, тауар түріне көзқарасы өзгерген. Олар тұтынатын тауарды кімнің жасағанын, кімнің өнімі екенін білгісі келеді. Қазақстандық кәсіпкерлердің арасында жеке брендін қолға алғандары санаулы және бұл үрдіс жақын арада өзгеруі тиіс дейді.

Кәсіпкер үшін кей кезде табыс пен тұрақтылықты ғана ойлап қоймай, шытырман оқиғаның (adventure) ортасында жүре білетін авантюрист болуы да маңызды. Дулат Тастекей

 

 

Кітапта одан бөлек «стартап» сөзінің мағынасы анық жазылған. «Стартап – бұл ең алдымен IT, заманауи технологияға негізделген жаңа бизнес түрі», – дейді автор. Қазір бұл сөздің сәнге айналғаны сонша, кез келген басталған істі «стартап» деп атай береді. Стартаптың негізгі функциясы –  жаңа нәрсе ойлап тауып, оны заманауи технологиямен ұштастырып, кәсіпті жолға қою.

Дулат Тастекей
Yernar Almabek

Бизнесте серіктес керек пе?

Бизнес жүргізуде серіктестің болуы да өте маңызды дүние екенін атап өтті. Қандай жағдайда сіз бизнесіңізге серіктес іздеуіңіз керек? Автор 4 жағдайды айқындады:

  • Капитал іздеген кезде. Бұл жағдай бәріне түсінікті сияқты.
  • Ақша емес, білім керек кезде. Кәсіби біліміңіз аз болса, өзіңізден білімді серіктес іздеңіз.
  • Идея мен стратегия керек кезде. Ақша бар делік. Алайда, идея мен мықты құрылған стратегия болмаса, құр идеядан пайда жоқ.
  • Қорғаныш керек болғанда. Бизнес кеңейген сайын көз тігетіндер, бәсекелестер көбейеді. Беделі бар, тәуекел, қауіптен аман шығаратын серіктес табыңыз.

Серіктес таптыңыз делік. Енді келіссөз бастау керек қой. Асықпаңыз! Серіктестік жөнінде келіссөз жүргізбес бұрын төмендегі сұрақтарға жауабыңыз дайын болуы керек:

  • Мен келіссөздерден не күтемін?
  • Менің тұрақты серіктесім не істейді?
  • Біздің қажеттіліктерімізді үйлестіруге бола ма?
  • Сәтсіздікке ұшырасақ, компанияма қандай зиян келеді?
  • Менің талаптарым мен ұсыныстарымды серіктесім қалай қабылдайды?
  • Серіктесімнің қандай шешімі мен үшін ыңғайлы?
  • Менің компаниям қандай табысқа қол жеткізе алады?
  • Серіктесімнің компаниясы пайданың қандай үлесін алады?

Сіз серіктес алсаңыз да, біреуге серіктес болсаңыз да, көмегім тиеді, тәжірибеммен бөлісемін деген ниетте болыңыз. Басқа жағдайда серіктес болудың мәні жоқ.

Дулат Тастекей. "Өте маңызды" кітабы
Yernar Almabek

Стратегиялық даму

Кәсіпкердің басқару объектілерінің бірі – стратегиялық даму. Осыған байланысты автор VUCA түсінігі туралы жазады:

  • Volatility – өзгеріс, тұрақсыздық;
  • Uncertainty – белгісіздік;
  • Complexity – қиындық;
  • Ambiguity – екіұшты болу.

Автор ойынша, қазіргі бизнес осы ұғымның айналасынан аса алмай жүр. Пандемия, кепілдіктің болмауы – соған дәлел. Стратегия компанияның даму бағытын, қандай көрсеткіштерге ұмтылатынын айқындауы керек. Кемінде 3 жылдан 5 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Стратегия қарапайым армандаудан басталады. Дулат Тастекей

Кітап бизнес, кәсіп жүргізіп отырғандар мен осы салаларға қызығатын оқырманға пайдалы болары анық. Сылдыр сусыз, өмірден алынған жайттармен өрнектелген, қысқа да нұсқа жазылған құнды ақпарат. Бұл мақалада біз тек кішігірім анонс жаздық. Кәдеңізге жарайды деген үміттеміз!

Кітапты оқыған: Алтынай Абдимади

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!