Харуки Мураками – жапониялық жазушы және аудармашы. Оның кітаптары әлемнің 50 тіліне аударылып, басылған. Жазушының еңбектері оқырмандар мен сыншылардың арасында жоғары бағаланып, халықаралық деңгейдегі марапаттарды жеңіп алған. Назарыңызға Харуки Муракамидің жазушыларға берген кеңестерін ұсынамыз.
Харуки Мураками:
Көп оқыңыз
Менің ойымша, кез келген жазушы, ең алдымен, көп оқуы қажет. Бұрыннан айтылып келе жатқан пікір екені белгілі. Алайда бұл өте маңызды. Себебі роман жазу үшін сіз романның неден құралып, қалай жазылғанын білуіңіз керек. Әсіресе жас күніңізде көбірек кітап оқуға тырысыңыз. Романның жақсы не жаман, бұрын не енді жазылған болуы маңызды емес. Әр түрлі жанр және жазушылармен танысыңыз.
Ескі сөздерге жаңа дем беріңіз
Менің сүйікті джаз пионистім – Телониус Монк. Бірде одан «Пианинодан ерекше дыбысты қалай шығарасыз?» деп сұраған екен. Сонда Монк пернелерді нұсқап, «Мұнда ешқандай жаңа нота жоқ. Егер бұл ноталарды сезіне алсаңыз, онда ол да жаңаша үн береді. Сіз өзіңізге қажетті және түсінетін ноталарды ғана таңдаңыз», — деп жауап берген екен.
Мен жазу және ойлану кезінде дәл осы ойды көп есіме аламын. «Жаңа сөз жоқ. Біздің мақсатымыз – ескірген, жатық болған сөздерге жаңа мән-мағына беру». Бұл маған үміт сыйлайды.
Анық әрі дәл түсіндіріңіз
Жазу барысында мен жалпы көріністі ұсақ бөлшектер арқылы жинастырамын. Нәтижесінде сюжет пайда болады. Әрі қарай мен сюжетті оқырманға түсіндіремін. Мұны пайымдау барысында өте абай болыңыз. Сізге қарапайым сөздер, сәтті метафора, жақсы аллегориялар қажет. Міне менің жасайтыным осы: барлығын анық әрі дәл түсіндіру.
Шындықты білу үшін жазыңыз
Өз басым жазу барысында оқиға соңын білмеймін. Оқырман екеуміз бір қайықта боламыз. Бір оқиғаны жазуды қолға алғанда, оның немен аяқталатынын тіпті елесете де алмаймын. Кісі өлтіру жайлы кітап жазсам, кімнің кісі өлтіргенін білмеймін. Кітабымды осыны білу үшін жазамын. Егер кісі өлтірушінің кім екенін білсем, бұл жайлы жазудың мәні кетіп қалар еді.
Романыңызға материал жинаңыз
Стивен Спилбергтің «Өзге ғаламшарлық» фильміндегі басты кейіпкер гараждан тапқан заттардан туған жерімен байланыс құруға арналған құрылғы жасайды. Бұл заттардың ішінде шам, табақ пен қолшатыр және өзге де заттар бар. Жақсы роман жазу да осыған ұқсайды. Құрамындағы қосалқы бөлшектердің сапасы емес, нәтиже маңызды. Жазу үшін сиқыр керек. Ал сиқыр дегеніміз – күнделікті оқиғаларды қарапайым тілмен ерекше әрі керемет туындыға айналдыру.
Күн тәртібі де маңызды
Роман жазу барысында мен күнделікті таңғы 04:00-де ұйқыдан тұрамын. 5-6 сағатты жазуға арнаймын. Күнімнің екінші жартысында он шақырым жүгіремін не болмаса 1 500 метр жүземін. Ал кешке 21:00-де ұйықтаймын. Бұл күн тәртібін бұзған емеспін. Әрі мұндай режимді ұзақ уақыт ұстану үшін де физикалық және психологиялық күш қажет.