Кітап
Сен жалғыз емессің: Лаула, раушандай қазақ қызы!
"Cен жалғыз емессің" кітабын не үшін оқу керек?
«Сен жалғыз емессің» деген атаумен Алматы әйелдер орталығының құрушылары Лаура Сейітбек пен Роза Аширбаеваның кітабы жарық көрді. Кітап ниет, кешірім, эгоизм, байлық және арман түсініктері бойынша қыз-келіншектерге білім беруді мақсат еткен. Мұны кітап авторлары «қазақ қызының бақытты, табысты болуының негіздері» деп бағалайды.
250 беттік кітап 5 бөлімнен тұрады. Әр бөлімді оқыр алдында оқырман QR кодты сканерлеп кітап авторлары дайындаған видеоны тамашалай алады. Соңында бөлімді қорытындылайтын сұрақтар легі қойылады. Сонымен қатар орындауға кеңес берілетін тапсырмалар да тізбектелген.
Ниет. 1 бөлім инсайты
Өмірін өзгерткісі келетін қыз-келіншек өмірді емес, алдымен өзін өзгерткені абзал. Өзін өзгерту деген не? Ұзаққа созылатын өзгеру процесі ниетті түзеуден басталады. Ниеттің 2 түрі болады дейді. Біріншісі – беткі, екіншісі – түпкі ниет. Екеуінің арасы жер мен көктей. Мысалы, біреуге көмегіңізді ұсындыңыз. Сосын оның сізді мақтағанын, елеп-ескергенін күтесіз. Мақтау сөз естімей қалсаңыз, «бекер көмектестім» деген ойға келесіз. Шын мәнінде, беткі ниетіңіз көмектесу болса, түпкі ниетіңіз мақтау есту болды. Жақсылық атауласын шын яки түпкі ниетпен жасаңыз. Адам баласы оны бағаламаса да, Жаратқан сізге жар болады дейді авторлар.
Өзіңізді өзгертудің келесі кезеңі 5 қадамнан тұрады. Біріншісі – әрқашан дәретпен жүру. Екіншісі – ми мен жүректі тыныштандыру. Бұл дегеніміз уатсаптағы, инстаграмдағы, теледидардағы, ютубтағы түкке тұрғысыз ақпаратты оқудан, көруден, талқылаудан бас тарту. Сонымен қатар зікір-матик құралын күнделікті пайдалану. Үшіншісі – шүкір айту. Төртіншісі – құран тыңдауды әдетке айналдыру.
Кісі ақысы деген не?
Кісі ақысына қол сұғу – түбі тесік шелекке су құюмен тең деген әдемі сипаттама келтіреді авторлар. Сонымен кісі ақысы дегеніміз – біреудің жеке шекарасын бұзу. Әлдекім туралы сыртынан әңгіме етсеңіз, ғайбаттасаңыз, затына тиіссеңіз, аманатына қиянат жасасаңыз, мұның бәрі – жеке шекараны бұзу. Ол адам осы тірліктің бәрін жасағаныңызды білмей-естімей-байқамай қалуы мүмкін. Бірақ ана дүниеде соның есебін екі түрлі жолмен алады. Не сауабымызды тартып алады, не күнәсін мойынға арқалатып жібереді.
Инсайт:
Егер кісі ақысының жауапкершілігін барлық адам терең түсінсе, елімізде бірде-бір лас әжетхана қалмас еді.
Кешірім. 2 бөлім инсайты
Реніштің 2 түрі болады екен: қысқамерзімді жеңіл реніш пен ұзақ уақыт бойы ұмытылмайтын өкпе. Сіздікі реніш пе әлде өкпе ме? Мұның жауабын білу үшін сізді ренжіткен адаммен көрісіңіз. Оны көргенде бойыңызды алай-дүлей эмоция билесе, сіз оған өкпелісіз. Сізге бұл өкпеден арылу керек дейді авторлар. Себебі өкпе жолыңыздың болмай, неше түрлі дертке ұшырап аурухана жағалауыңызға себеп бола алады. Психологияда мұны психосоматика дейді. Кешірім беру арқылы сіз Құдайдан пәрменді, күшті еместігіңізді өзіңіздің есіңізге саласыз. Ең қызығы, кешіру үшін сізді ренжіткен адаммен қайта достасу шарт емес. Бұл ең алдымен өзіңді жақсы көретініңнің көрінісі. Сол себепті өзіңізге жаныңыз ашыса, ұзақ ғұмыр сүргіңіз келсе, кешірім беріңіз.
Инсайт:
Өзіміз өзге адамды кешіре алмасақ, қалай Жаратушыдан күнәміздің кешірілуін күтеміз?
Эгоизм. 3 бөлім инсайты
«Өзіңді бағалау» дегенді эгоизммен шатастырмауға кітапта кеңес беріледі. Өзіңді бағалау дегеніміз – өзіңнің бар жақсыға лайық екеніңді түсіну және түсіндіре білу. Күйеуге шықтым, бала тудым деп әйел өзін ұмытуға жол бермеуі тиіс. Бұл өз кезегінде күйеуін не баласын жақсы көрмейтінін білдіртпейді. Керісінше өзін ұмыту арқылы ол «сендер үшін қиналып жүрмін» деген сигнал береді. Бала-шағаға «сенің жегенің – менің жегенім, сенің кигенің – менің кигенім» деп айтпаңыз. Жолдасыңыз бір нәрсе алып бергісі келсе, «үнемдейік» деп жаныңыз ашымасын. Мұндайда күйеуде де, балада да сізді бағалауға, еркелетуге, жақсы көруге деген себеп қалмайды.
Инсайт:
Өзіне қарамай кеткен әйелдің өміріне сынақ келеді. Неге? Өйткені ол Алланы емес, өзін емес, өзге адамдарды (күйеуін, бала-шағасын) алдыңғы орынға қойды. Солардың ризашылығын алғысы келді. Күйеуінің көзге шөп салуы сол сынақ болуы мүмкін. Әйел осы сынақтан кейін ғана оянып, боянып, өзіне көңіл бөле бастайды. Сол үшін сынақ келмей тұрып ояну керек. Өзіңе көңіл бөлу, өзіңді бағалау – Алланың қалауы.
Байлық. 4 бөлім инсайты
Алла бай адамдарды жақсы көрмейді деген түсінікке осы бөлімде ерекше тоқталады. Кітап авторлары «Исламның 5 парызының екеуі (зекет пен қажылық) байлықты қажет етеді. Демек шариғат бойынша бай болуға ұмтылудың, байлықты тілеудің еш жамандығы жоқ» дейді. Табысты болғыңыз келе ме? Оның 6 құпиясы бар екен: 1 – табыс пен байлықты тек Алладан сұрау, 2 – байлық туралы мидағы түсінікті өзгерту, 3 – адамға көмектесетін бизнес ашу, 4 – Алланы ұмытып кетпеу, 5 – ризықтың ешқайда, ешкімге кетпейтінін білу, 6 – қызғанбау, сынамау.
Инсайт:
Байлықтың басқа формуласын іздеп әуре болмай, бүгіннен бастап садақа бер!
Арман. 5 бөлім инсайты
Мақсат 2 түрге бөлінеді екен. Біріншісі оңай, ал екіншісі қиын орындалады. Неге? Біріншісін өзіміз қаладық, екіншісін мықты, әдемі, бай болып көрініп, жұрттан қалмау үшін мақсат еттік. Міне, сондықтан да ол мақсатқа жету жолында сан кедергіге тап болып, шаршап, ауырып қаламыз. Ал арман деген не? Сол мақсатқа жетемін деген ой.
Инсайт:
Көлікті армандасаң, оның маркасын, бағасын, жылын, іші-сыртын бәрін де анықтап жаз. Ми мақсатқа жету жолында нақтылықты жақсы көреді.
Кітапты оқыған: Жазира Байдалы