Кітап
Уақытты тиімді пайдалану яғни тайм-менеджмент туралы 7 кітап
Уақытты тиімді пайдалану өмірдің сапасын арттырады
Уақытты тиімді пайдалану – жетістікке жеткісі келген кез келген адамды толғандыратын мәселе. Бүгінде тайм-менеджмент немесе уақыттың қадіріне жету бойынша ақыл-кеңесін айтып, арнайы білім беретін мамандар баршылық. Солардың бірі – Анна Всехсвятская. Balbal.kz мотивациялық сайты «Время в порядке» (Уақытымды бағалаймын) кітабының авторы, «Уақытымды бағалаймын» академиясының негізін қалаушы оқуға ұсынатын топ-7 кітапты назарға ұсынамыз.
Тайм-менеджмент тақырыбын қозғайтын кітаптарды оқудың өз ережесі бар. Қолыңызға қалам, керек жерін түртіп алатын дәптер арнамай ол әдебиетті оқу тиімсіз.
Себебі уақытты тиімді пайдалану мәселесін қозғайтын кітап қиял мен ойды дамытуды емес, нақты мәселені шешуге арналады. «Ешнәрсеге уақытым жетпейді» деп қынжылып жүрген сіз кітапта айтылғанды дер кезінде тәжірибеден өткізу арқылы ғана алға жылжисыз. Сонымен қатар мен ұсынған тізімде бұрын оқыған кітабыңыз болса, ол кітаптан аттап кетуге асықпаңыз. Бүгін сіз сол ақпаратты басқаша қабылдап, өзгеше әсер алуыңыз әбден мүмкін.
Дэвид Аллен «Шаруаларды реттейміз немесе қалағаныңа шаршап-шалдықпай қол жеткізу өнері» (Getting Things Done. The Art of Stress-Free Productivity)
Бұл кітап уақытты тиімді пайдалану дағдысын қалыптастырғысы келетіндер үшін таптырмас кітап. Тіпті академиямыздың «Бәріне үлгеремін» деп аталатын негізгі курсы да осы кітапта айтылған GTD жүйесінің негізінде құрылған болатын. Кітапты оқи отырып сіз уақыттан бұрын, ой-санаңызды басқаруды үйренесіз.
Кітаптан үзінді: «Өтініш, шындықтың көзіне тура қарайықшы. Сіз бір шаруаны реттеуге кірістіңіз, ал өзіңіз сіз шын мәнісінде онымен не үшін айналысып жатқаныңызды білмейсіз. Ол шаруаны реттеу сізге қатты қажет емес. Айналамыздағы адамдардың кейде себеп-салдарсыз іске кірісетіндерін көріп таң қаламын. «Бұл сізге не үшін қажет? Нені көздейсіз?» деген қарапайым сұрақ оларды аспаннан жерге түсіреді. Өзінің мақсаты мен мұратына сәйкес іске кіріскен адам ғана жоспарын 100% жүзеге асырады. Ешнәрсеге қарамастан. Ал мұның бәрін жай ғана қызық көріп жүрген адам сәлден соң қызығушылығын жоғалтып, назарын басқа дүниеге аударады».
Стивен Кови. «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» (The 7 habits оf highly effective people)
Американың ең ықпалды адамдарының бірі жазып шыққан бестселлер кітап. Қабылдауға күрделі тілмен жазылған кітаптың оқырманға берер пайдасы көл-көсір. Себебі онда жеке адамның жетістікке, табысқа жетуіне жол нұсқайтын құнды кеңестер көп. Стивен Кови бұл кітапты жазбан бұрын табыс тақырыбын қозғайтын 800 кітапты оқып шыққанын білгейсіз.
Кітаптан үзінді: «Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаны көз алдыңызға елестетіңізші. Ол уақытында жасалынуы тиіс шаруаны кейінге қалдыра отырып қуланып әрекет етпейді. Көктемде дәнін сеппесе, жаз бойы сауық-сайран салып демалса, күз келгенде қалайша астық алады?! Меніңше, ауыл шаруашылығы – дер кезінде жасалған нақты әрекеттердің нәтижеге алып келетіндігінің айқын көрінісі».
Яна Франк «Муза және құбыжық. Шығармашылық жұмысты қалай ұйымдастырамыз?»
Шығармашылыққа жақын адамға уақытты тиімді пайдалану мәселесіне бас қатырудың қажеті жоқ деп ойласаңыз, онда бұл кітап сізге арналған. Кітап жеңіл жазылған. Өмірде қолдануға болатын нұсқаулықтарға толы. Аталмыш кітапты электронды нұсқада емес, қағаз күйінде оқуға кеңес беремін.
Кітаптан үзінді: «Бәріне үлгердім десем де, өзімді бақытты сезіне алмадым. Сөйтсем уақыт бәріне үлгеріп қалу үшін арналмаған екен. Тек уақыт қана бізге шындықты жайып салады екен. Ол дегеніміз қолымыздан келетін мүмкіндік, орындай алатын жоспар».
Люси Джо Палладино «Максималды концентрация (Find Your Focus Zone)
Атауы мазмұнынан хабардар ететін кітап. Назарын бір нәрсеге бөле алмай, бір уақытта пәленбай шаруамен айналысу шын мәнісінде тиімсіз дейді автор. Оның айтуынша, бір істі аяғына дейін жеткізбей жатып екіншісіне көшу бекер уақыт алып, күшті кемітеді. Ұсақ-түйекке алаңдамай, мойын бұрмай, бар назарды бір нәрсеге бөлу арқылы ғана тиімділік артады.
Кітаптан үзінді: «Ақпарат көп. Миллион нәрсені ойлап, миллион нәрсеге көңіл бөлеміз. Біздің алаңдататын осындай алақ-жұлақ дүниелер көп болғандықтан жүйеге салмақ түседі. Миымыз энергия қуатын үнемдеуді ойлайды. Сондықтан баяу әрекетке көшеді. Нәтижесінде сіз асықпай қимылдап, асықпай шешім шығара бастайсыз. Кейде жүйе істен шығып жатады. Енді сіз аяқты көтеріп қойып, ештеңе ойламай, мәнсіз және мағынасыз уақыт өткізе бастайсыз. Өз-өзіңізді басқаруды да қоюыңыз мүмкін».
Нейл Фьоре «Бүгінгіні ертеңгіге қалдырмаудың қарапайым жолдары» (The Now Habit: A Strategic Program for Overcoming Procrastination and Enjoying Guilt-Free Play)
Прокрастинация ұғымы туралы естіп пе едіңіз? Хабарсыз болсаңыз, кітап оқуды ертеңге қалдырмаңыз. Себебі кітап пайдалы ақпаратқа бай.
Кітаптан үзінді: «Неге бүгінгі істейтін шаруаңызды ертеңге қалдырасыз?» деген сұраққа көбісі «еріншектігім ұстап қалды» деп жауап бере салады. Алайда прокрастинаторлардың өзі спортта, музыкада, инвестиция құюда, адамдарға жақсылық жасауда, бау-бақшаға көңіл бөлуде, ғаламторда отыруда күш-қуатын аямайды. Көбісі өздері таңдаған салада табандылық танытып, басқаға келгенде еріншек бол салады. Менің теориям бойынша прокрастинация еріншектің не мінездің кемшілігі емес».
Глеб Архангельский «Тайм-драйв: жұмысқа және өмір сүруге қалай үлгеру керек?»
Кітап негізі ер адамдарға арналған. Кейбір тұстары бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан да шығар. Алайда оқырман назарына ұсынатын мысалдары қарапайым әрі түсінікті.
Кітаптан үзінді: Бір істі бастауға «зәкір» тастау техникасы себепкер бола алады. Кез келген шаруаға көші сізге қиындық тудырса, ең алдымен қарапайым техникалық тұсына мән беріңіз. «Зәкір» техникасын Н.В. Гоголь досының «бүгін жаза алмай жатырмын» деген шағымына былайша жауап берген: «Бүгін жаза алмай жатырмын» деген сөзді ақ параққа жаза беріңіз. Жазып отырып ойға жақсы идея топ етіп түсуі мүмкін. Одан кейін екінші, үшінші идея келеді. Әйтпесе шабыты сарқылмайтын жазушы жоқ. Жазуды бастау үшін жай ғана жазу керек».
Ричард Темплар «Өзін-өзі ұйымдастыру ережелері. Басты қатырмай бәріне қалай үлгереміз?» (How to Get Things Done)
Неше түрлі ереже мен кеңестерге толы кітап. Автор айтпақ ойын әзіл-қалжың және өз өмірінен алынған мысалдар арқылы жақсы жеткізеді. Бірақ автормен келіспейтін тұстар кездесіп жатады. Кітап уақытты тиімді басқарудың тереңіне бойламай-ақ жоспарлаған дүниені бастап үйренгісі келетіндерге арналған.
Кітаптан үзінді: «Мен жоспарлаған шаруамды соза берудің шеберімін. Таңертең бойы бір шайды демдеп жүре бере аламын. Бір іске көшудің орнына құр жоспар жазып уақыт өткіземін. Жасөспірім кезімде емтиханды дайындалуды ұзақ жоспарлағаннан білек сыбанып дайындыққа көшуге кейде уақытым қалмайтын».