Компас
Ерекше жағажайлар – табиғат туындысы
Ерекше жағажайлар деген кезде көз алдыңызға не елестейді? Мүмкін, құмы қара Вик жағажайы болар? Әлде әйнекке толы Калифорниядағы жағажай есіңізге түсті ме? Мақаламызды оқып, ерекше жағажайлар туралы ақпаратпен таныс болыңыз!
Мальдив аралындағы Ваадху жағажайы
Ваадху жағажайлары түнгі уақытта миллиондаған жарық нүктелерімен жарқырайды. Бұл жарқырау шілде айынан бастап ақпанға дейін жалғасады, қараңғы айсыз түнде бұл көрініс әсіресе әсерлі көрінеді. Жұлдыздар аспаннан түсіп, суда және жағалауда жатқандай керемет көрініс сыйлайды. Жалпы Мальдив аралдары – жер шарындағы теңдесі жоқ жер. Дәл осы жерде адамдар табиғаттың әсемдігі мен тыныштығын сезіне алады.
Исландияның қара жағажайы – Вик
Исландияның табиғи көрікті жерлерінің бірі – Вик жағажайы. Жағажай құмның қара екендігімен танымал. Мұндағы құм қара базальт жыныстарынан тұрады. Мұхит толқындарымен жуылған қара құмның үстімен жүргенде басқа бір ғаламшарда жүрегендей сезімде боласыз. Бұл жерде фотосессия немесе фантастикалық фильмдер жиі түсіріледі. Бірақ бұл аймақта 100 жылдан бері атқыламаған Катла жанартауы орналасқан. Сол себепті, Вик жағалауына саяхаттамас бұрын абай болыңыз!
Дурбан жағажайы
Оңтүстік Африкада орналасқан туристер үшін танымал жағажай. Жағажай құмы таза және ақшыл, суы көз жасындай таза. Жағалау бойында көптеген кафелер мен мейрамханалар бар. Қарапайым және ерекше стильдегі дүкендер мен қызықты бұйымдарды да таба аласыз. Дурбан жағажайлары ашық аспан астында жұмыс істейді. Жел өте жиі көтеріледі, ал бұл серфинг әуесқойлары үшін керемет мүмкіндік. Сондай-ақ, мұнда сіз су спортымен, балық аулаумен айналыса аласыз.
Жаңа Зеландиядағы ыстық жағажай
Ыстық су жағажайы Жаңа Зеландияның Окленд қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан. Теңіз жағалауына жақын орналасқан ыстық су көздеріне байланысты осылай аталады. Жағажай – туристер мен тұрғындар үшін танымал жерлердің бірі. Су температурасы 60 градусқа дейін жетеді. Бұл жағажайға демалушылар өздерімен күрек әкеліп, жағажайды қопарып, су шыққанын күтеді екен. Жер астынан шығатын судың емдік қасиетіне сеніп келетіндер де жоқ емес.
Махо жағажайы
Сен-Мартин аралында орналасқан. Жағажайдың ерекшелігі жанында Ханшайым Юлиана атты халықаралық әуежай бар. Осыған байланысты ұшақтар жағажай маңына жақын әрі таңқаларлықтай төмен биіктікте ұшады. Дәл сол себепті, Ханшайым Юлиана – ең қауіпті әуежайлардың бірі.
Багам жағажайы
Багам аралдары – әр турист көруді армандайтын планетамыздың ғажайып бұрышы. Мұнда жыл сайын жұмсақ климат билейді екен. Өйткені Багам аралдарынан жылы Гольфстрим ағысы өтеді. Бұл штат екі жарым мың рифті және жеті жүз аралды қамтиды. Дегенмен, адамдар отыз аралда ғана қоныстанған. Багам аралдары әдемі маржан рифтерімен, таза теңіз жағалауы суларымен және табиғатымен туристерді қуантады.
Калифорниядағы шыны жағажай
Бұл жағажай Форт Брэгг қаласының жанында орналасқан. Алайда жергілікті тұрғындар тастаған қоқыстар осы жерге тау болып жиналып, тіпті, шыны қалдықтар бүкіл жағалауды басып қалған. Осылайша көп ұзамай олар жарқырай бастайды. Бүгінгі күні жағажай мұқият бақылауға алынған әрі туристер арасында танымал. Қазір арал өте таза, бірде-бір өткір әйнек табу мүмкін емес.
Дайындаған: Гаухар Бердібек