Копирайтинг

Зейнолла Қабдолов: «Сөз өнері» кітабында эссе жазуға қойылған талаптар

Зейнолла Қабдолов "Сөз өнері" кітабында эссе жазуға қойған талаптары

Зейнолла Қабдолов — жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы. «Сөз өнері» оқулық-монографиясында Зейнолла Қабдоловтың эссе жазуға қойған талаптарын ұсынамыз.

Зейнолла Қабдолов кім?

Қазақтың біртуар тұлғаларының бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Зейнолла Қабдолов 1927 жылы 12 желтоқсан күні Атырау облысы Доссор кентінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиет кафедрасын басқарған.  «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдарының, «Жанр сыры», «Сөз өнері» оқулық-монографияларының және «Адам», «Сыр» әңгіме-очерктерінің авторы. 2006 жылы дүниеден өткен. Алматы қаласында көшелердің біріне аты беріліп,  Желтоқсан көшесіндегі №132 үйдің қабырғасына мемориалы орнатылған.

«Сөз өнері» кітабынан

Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялалар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену керек.

Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезіммен көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады.

Үшіншіден, қиял. Творчестволық фантазия. Бақылап білген, сезінген шындықты кең өріске шығаратын қанатты творчествалық қиял – таланттың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерден жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес.

Төртіншіден, интуиция және бесіншіден, өмірбаян, тәжірбие молдығы. Өмірде көрген-білгені, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты.

Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы. Құр соқыр сезіммен, бір ғана интуициямен ұзаққа, биікке самғау мүмкін емес. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.

Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық – еңбек сүйгіштік.  Талант- бәрінен бұрын еңбек, содан соң батылдық деп те тегіннен-тегін айтылмаған. Қатал тәртіп, азабы ауыр еңбек жоқ жерде жібі түзу қаламгер де болмақ емес. Өнердегі шын шеберлікке апарар жол – шыдамды еңбек, дилентанттыққа (үстіртікке) – шыдамсыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуі тиіс. Ал шеберлік шексіз.

Сегізіншіден, шабыт. Шалқыған шабыт болмайынша, шеберліктен де ештеңе шықпайды.  «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек» (Пушкин). Адам биік мақсатқа, асыл мұратқа іс жүзіндегі шабытты еңбек арқылы ғана жетпек. Шабытсыздық – қабілетсіздік, қабілетсіздік – дарынсыздық, дарынсыздық – талантсыздық.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!