Әлеумет
Бүгінгі күннің қаһармандары
Ерлік ойда жоқта туады
Әңгіменің ашығына келсек, ерлік жасалмайды, туады. Осы күнге дейін көзсіз ерлікке барып, қаһармандық танытқандардың қай-қайсысы да ерлік жасай қояйын деген жоқ. Мұндай батыл іске өнбойларын еріктен тыс кернеп кеткен алапат күштің, сезім- түйсіктің, ой-мақсаттың жетелеуімен тәуекел етті. Мұның бәрі де адамды, елді, жерді, қоршаған ортаны сүюден бастауын алып жатады. Ерлік адамның өзін-өзі тәрбиелеп, жетілдіруінен, ерік-жігерінің мықтылығынан, рухының асқақтығынан да туады.
Оттан, судан тайынбай…
Оралдық 23 жастағы Серік Мұқашевтің де жер-жиһанды бір тарының қауызына сидырған аса қатерлі індет белең алған тұста Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында ерікті-санитар болып жұмыс істеп, бір ай бойы ауырған адамдарға, дәрігерлерге қолғабыс жасап, көмектескені ерлікпен пара-пар іс қой, шын мәнінде де.
Сол бір күндерде еліміздің өзі сияқты мыңдаған еріктілерінің (волонтерлер) арасында Серік те ауру жандардың тезірек сауығына септесіп, қауіп пен қатердің, от пен өрттің ортасында жүрді десе де болады. Өзгелер үшін өз өмірін қауіп-қатерге тікті! Жүрегінің жылуарлығы, рахым, мейірімінің молдығынан ғой, бәрі де. Әрі балалар үйінде тәрбиеленіп, өмірдің сынағын жастайынан басынан өткергендіктен, өзгеге көмектесудің қаншалықты маңызды екенін де жақсы білген еді ол.
Осында, аурулар үздіксіз түсіп, дәрігерлердің оларды емдеуге үлгермей қарбаласып жатқаны тұсында басынан өткерген алғашқы төрт тәулік ұмытылмастай болып жадына мөрленіп қалыпты. Ол дәрігерлерді тамақтандыру, ауруханаларда ауыр оттегі баллондарын тасу, санитарлық қызмет секілді уақыт күттірмейтін жұмыстарға қызу кірісіп кеткен.
– Мен ауруханаға келген алғашқы күні екі адам, келесі күні тағы бір адам емделіп, ауруханадан шықты. Үшінші күні үйлеріне қайтқан ешкім болмады. Есесіне төртінші күні өзім жұмыс істейтін бөлімнен бірден 16 адамның індетінен айыққаны қуантты, – дейді ол.
Оған арнайы киімді киіп жүрудің өзі оңай тимеген. Вирустан қорғайтын бірнеше қабат костюмнен ауа өтпейтіні соншалық, адам қобалжып, тұншығып қалуы әбден мүмкін екен. Арнайы киімнің әр қабатын киген сайын қиюласуы тиіс тұстарын таспамен жабыстырып отырады. Осының өзінен медицина мамандарының күнделікті жұмысының оңай емесі, ерлікке пара-пар екені байқалады емес пе? Осындай арнайы киімді сағаттап киіп, науқастарға ем-дом жасап жүрген медицина қызметкерлері алдында баршамыз болып басымызды исек еш артығы жоқ-ау.
Серік ауруханаға келіп, көмектесуге өзі ерік білдірген. Әрине, әуелгіде көңілінде ауру жұқтырып алам ба деген қорқыныш, үрей де болыпты. Бұл тұрғыда өзіне жақын адамдармен де ақылдасқан. Әйтеуір, жас жігіттің дәрігерлер мен сырқат жандарға көмектесуге бүйрегі бұрған да тұрған.
Қайырымдылық – қасиетті іс
Волонтерлік ету мұқтаж жандарға еш қайтарымсыз қолдау білдіру деп түсінемін. 8-сыныптан бастап осы жолға бет бұрдым. Сол уақыттан бері жинаған тәжірибемді қазір Орал қаласында құрылған Волонтерлер академиясында оқушыларға үйретемін. Одан бөлек өзім секілді балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, түлектерімен тығыз байланыстамын. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Жиі кездесулер өткізіп, жастарға өзімнің басымнан өткен мысалдар арқылы жаман жолға түспеуді, дұрыс жол таңдап, өмірден өзіңді табу туралы ойыммен бөлісемін. Менің тәжірибем біреуге сабақ болып, тура жолға салса, қуаныштымын, – дейді кейіпкеріміз.
Ол кезінде «қиын бала» болған екен…
Серіктің кішкентай кезінен бастап арқа сүйер, қорғаныш тұтар ешкімі болмады. Тағдыры оған қатаң сынақтарын тосты. Шешесі өзінен босанысымен бас тартып, перзентханаға тастап кетеді. Арада алты ай өткенде (бағы бар екен) оны асырап алушылар табыла кеткен. Алайда олар жылтырақ заттарды ұрлауға бейім, «жүгенсіз», бұзық бала тәрбиеленуіне «үлестерін» қосқан еді. Арнайы комиссия шешімімен Серік балалар үйіне қайтарылды. Сол күн – 2005 жылдың 21 желтоқсаны оның күні бүгінгідей есінде. Сол күннен бастап оның жаңа өмірі басталған. Алты жасына дейін «Берік» атанып келген жеткіншектің аты-жөні түгелімен өзгеріп шыға келді. Оның айтуынша, ол өмірін өзі жоспарлап, өзін-өзі жетілдірумен болған. Өмірде тұяқ тірер «таянышты» да сол тұста тапқан. Содан бері оның өміріндегі түрлі оқиғалар мен жағдаяттар өз арман-мақсаттары аясында түзілумен келеді екен.
Оның балалар үйіндегі өмірі қатал сынақтарға да толы. Бұл кезең ол үшін «өмір университеті» де болған еді… Қуанышқа орай, ол өз тағдырынан не күтетін дер мезгілінде ұғып, түйсінді. Оған мұндай ой өзі жеті жыл оқыған арнайы мамандандырылған мектептің қабырғасында жүргенде келген еді.
Оның бұл мектептен кейін жоғары оқу орнында емес, қаладағы арнайы топтарға арналған жалғыз ғана колледжде оқуына мүмкіндігі болды.
Ол өзін өзі жетілдірді
– Ал менің қалыпты түрде әлеуметтенуім керек еді. Он бес жасымнан үлкен мейрамхананың бірінде даяшы болып жұмыс істей бастадым, – дейді ол. – Осылай еңбектену арқылы ғана табыс тауып, көздеген мақсатыма жете алатын едім. Жоғары оқу орнына грантпен оқуға түсуді де ойлап жүрдім.
2016 жылы оның бұл арманы да орындалып, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер факультетіне хореографтық мамандық бойынша оқуға қабылданады. Бір мезгілде мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру ісін де қоса меңгеру үстінде.
Ол үкіметтік емес ұйымдармен арада тығыз байланыс орнатып отыр. Оның телефон книжкесінде бірнеше жүздеген таныстарының телефон нөмірлері бар. Жас азаматтың әлеуетті бір қыры да осынысында сияқты. Арнайы мектепте оқыған балалар үйі тәрбиеленушісінің жастайынан айналасына көп таныстар жинап, еліміз бен өңірдің танымал тұлғаларымен әріптестік қарым-қатынас орнатып үлгеруі таң-тамаша қалдырады. Оның бойына мұндай қасиет қайдан жұғысты болып жүр?
«Өмір үйретті, балалар үйі шыңдады. Сондықтан да әрбір күнімді еңбекпен, ізденіспен өткізуге тырысамын» дейді ол.
Жетім балалар жайы да алаңдатады
С. Мұқашев мәртебелі мінберлерден балалар үйі түлектеріне қатысты мәселені көтерудей-ақ көтеріп жүр. Шын мәнінде де олардың мәселелері шаш-етектен. Бұлар –тұрғын үй, қаржыландыру, мүгедектік, сырқат түрлерін анықтау мәселелері. Балалар үйлері түлектерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы әр кезде де есте. Бүгінде жастардың басты назары жаһандық тақырыпқа ауулы. Бұл бұрынғы балалар үйлері тәрбиеленушілерін әлеуметтендіру арқылы қоғамға кіріктіру екені белгілі. Олар үлкен өмірге жолдама алғаннан кейін өздігінен өмір сүріп те кете алмайды. Адамдармен сөйлесуге, қарым-қатынас жасасуға машықтанбаған. Тіпті үй шаруашылығын қалай жүргізуді, отбасылық немесе жеке қаражаттарды қалай, қайда жұмсауды, өз өмірлерін жоспарлауды да білмейді. Олар бір күндік өмірді ғана ойлайды. Тағы бір мәселе, олардың он сегіз жасқа толғанға дейін жинақталған қаражаттарына қатысты. Бұл ақшаны олар қолдарына тисе, мақсатты түрде жұмсай алмайды. Немесе бірер апта ішінде тауысып бітеді.
Сондай-ақ олар жұмыс істемеуіне, басқа да жағдаяттарға байланысты мемлекет берген пәтерлерінің коммунальдық төлемақысын төлеуге де қауқарлы емес. Осы тұрғыда олардың құқықтық сауаттарын жетілдіру де керек сияқты.
– Облыстық ассамблеяның құрамына енуім мен үшін маңызды қадам болып отыр. Бұл өз бастамаларым мен идеяларымды көпшілік қауымға жеткізуіме мүмкіндік береді деп сенемін, – дейді Серіктің өзі.
P.S. Оның алдына қойған арман-мақсаты, жұмыс жоспарлары да көп-ақ. Бірінші кезектегісі, әрине, өзі оқып жүрген жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіру. Сондай-ақ, оның жеке кәсіпкерлік ісін бастағысы келеді. Бұл тұрғыдағы бизнес жоспары да дайын. Алдағы уақытта құрылыс компанияларының айрықша сұранысына ие қағаз қапшықтар жасау өндірісін ашсам дейді. Оның «барбер-шоп» үлгісіндегі жекеменшік шаштаразы дүниеге келер күні де алыс емес. Ол брадобрейлер курсын бітіріп, бұл ісін дамытуға демеушілік көрсететін меценатты да тауып қойыпты.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті С.Мұқашев қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Ол Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің балалар үйі түлектерінің мәселесі бойынша штаттан тыс кеңесшісі әрі «Ақжайық адалдық алаңында» қызмет етеді. Болашақ хореограф маман оқуды аяқтаған соң, өзін мемлекеттік саласында сынап көретінін айтады. Бұл арман ғой. Ал армандар, сөз жоқ, орындалады!
Дайындаған: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының атқарушы директоры Лариса Алдабергенова