Әлеумет

Жемқорлық індет, күресу міндет

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Біздің елімізде бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің ең бірінші кезектегі міндетіне айналғанын атап өткен ләзім. Қоғамға зор қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Десек те, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесінің маңызы жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес. Жалпы, жемқорлық ұғымын қалай түсінеміз? Айталық, мемлекеттік міндеттерді атқара жүріп, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану. Яғни, жеке өзі немесе делдардар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу — сыбайлас жемқорлық болып есептеледі. Халық арасында жұлынқұрт, індет аталып кеткен осынау дертті толық жою қиын болғанымен, тежеуге болатыны рас. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Атап айтқанда, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыстықпен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Демек, жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресудеміз. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатып, мінберлерден ауызымызды толтырып айтқанымызбен, осының түп-тамырына қалай балта шабуға болады деген сауалға жауап іздеп жүргеніміз шамалы.

Жемқорлық дертіне қалай душар болдық?! Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?! Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Баю үшін ар, намысынан бас кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына айналды. Жемқорлықтың да бастауы осыдан. Осы қағиданы  бұзбай  қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары. Сондықтан, біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті – азаматтарымыздың  жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтанды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды.

Сыбайлас жемқорлық індет, оған қарсы күрес міндет деп айтып  жүрміз. Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу. Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігіне төңкеріс жасау. Яғни, оның сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату.  Біздің қоғам ақниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста, соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз қажет.

Болашақта өскелең ұрпақ жемқорлыққа жирене қарауы үшін біз қандай әрекет жасап, оларға қандай бағыт сілтей аламыз?! Бүгін, ертең демесек те, алдағы он – он бес  жылдан  кейін сыбайлас жемқорлықты толығымен ауыздықтап тастамасақ та, оның қазіргіден әлдеқайда әлсізденетіндігіне өз басым кәміл сенемін. Сол мақсатқа жету үшін әрбір отбасында,  балабақшада тәрбиеленетін, мектепте білім алатын баланың бойына имандылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді тереңінен сіңіруіміз шарт. Жаны таза, ары ақ, елі мен жерін көркейтер нағыз азамат қалыптасуы үшін ұлттық рухты жас ұрпақ бойына дұрыс дарыта алуымыз қажет. Сонда ғана біз оны қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін жемқорлықтай келеңсіз әлеуметтік құбылыстан арашалай аламыз. Сол себепті, ұлтжанды азамат тәрбиесіне селқос қараудан аулақ болған жөн. Қайта, бар назарымызды ұрпақ тәрбиесіне шоғырландыра алсақ, жарқын болашаққа  сенімді әрі нық қадам тастарымыз анық.

«Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің» 1-курс студенті Темірбеков Ернат

 

Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!