Әлеумет

Apple жүлдесін алған Асқар Әлмұхамет

Стив Джобс негізін қалаған әйгілі Apple компаниясы жыл сайын жас өнертапқыштарды ынталандыру мақсатында Shift Student Challenge инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Жыл сайын бұл байқаудың қатысушылары АҚШ-та өтетін WWDC конференциясына шақырту алады екен. Биыл әлемдік пандемияға байланысты конференция онлайн өтті.

Әлемнің үздік  жас өнертапқыштарының арасынан суырылып шығып, жүлде алған зияткер оқушының табысы таң қалдырды. Асқар Әлмұхамет Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. Ол Shift Student Challenge инновациялық жобалар байқауына мобильді қосымша арқылы домбыра тартуды ұсынған.  Яғни екі аптада  аспапсыз ойнауға болатын домбыраны ойлап шығарған. Осылай әлемнің кез келген түкпірінде домбыраны смартфон арқылы тартып, қазақ өнерін насихаттауға болады — дейді Асқар. Инновациялық жобаға қазақтың қара домбырасын алуы да тегін емес. Өйткені өзі де  домбырада ойнайды. Сөйтіп Асқар Әлмұхамет Apple жүлдесін жеңіп алды.

Зияткер бала

Асқар өзінің ерекше ойлау қабілетінің арқасында инновациялық жобалар жасайды. Жобаларының ерекшелігі қазақтың ұлттық өнерімен үндесіп жатыр.  Білімді жастың әлемдік жобаға ұлттық құндылықтарды енгізуі ерекше еңбек деп бағалады байқау сарапшылары.  Зияткер бала  бұған дейін ІТ саласында жобалар жасаған. Мысалы,  Qulynym мобильді қосымшасы. Мұнда  мектепке дейінгі балалар үшін iOS платформасында қазақша контент жинақталған. Қазіргі уақытта командасымен бағдарламаның соңғы нұсқасын толықтыруда. Енді бір арманы осы жобаны жарыққа шығару.

Калифорнияға саяхат

Байқау жеңімпаздарына берілген грант арқылы АҚШ-тағы Apple инженерлерімен кездесуге зор мүмкіндік бар. Асқар алдағы жылы IT саласының әйгілі мамандарымен жүздесуді асыға күтіп жүр.  Сондай-ақ Американың ең биік және ең төменгі нүктелерінің арасында тұратын 39 миллион халқы бар Калифорния штатын көру – Асқардың арманы. Осындай жерге саяхаттау, жаңа дүниелерді көру тың идеялар тудырады дейді өнертапқыш жас. Ендігі басты мақсат Apple жүлдесін алып берген еңбегін яғни домбыра стимуляторын App Store қосымшасына орналастыру. Сол үшін әлі ізденіс пен еңбек керектігін мойындайды.

Отбасын үлгі тұтқан дарын  

Асқар үлгі тұтар жанды даладан іздемейді. Ол өз отбасын мақтан етеді. Туған ағасы Абайдан әрдайым үйренері көп. Асқардың қосымша білім алуына, көп дүниеге қызығуына ағасы ықпал еткен. Ағасы Абай қазір Канаданың Торонто университетінде қаржыгер мамандығы бойынша оқиды. Ол да Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген. Ал ІТ саласын таңдауына себепші болған әкесін де мақтанышпен айтады. Ол бағдарламалауды үйренуге кеңес берсе, анасы бұл бағытты жобалар туралы оқығанын айтып, түрлі идеялар беріп отырады. Асқардың арманын бірге арқалаған отбасының ынтымақ-бірлігі, білімділігі бүгінгі әр отбасына өнеге боларлық. Өйткені ең жақын жандардың қолдауы, рухани демеу жасауы маңызды. Содан-ақ  баланың болашағына даңғыл жол ашылады. Асқардың да болашағы асқар биік болсын деп тіледік!

Материал Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының тапсырысымен дайындалды.

Дайындаған: Гүлжан Абайқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!