Әлеумет

Арман адастырмайды…

Өзіңе сенімді әрі берік болсаң, арман адастырмайды. Бұл 16 жастағы Юлияның бізбен сұхбатындағы алғашқы әңгімесі. Арманшыл қыз Тараз қаласынан келген. 9 жасынан Тараздағы балалар үйінде тәрбиеленген. Бес бірдей бауырымен анасы сонда тапсырған екен. Елгезек Юлияның тамақты дәмді етіп пісіруге икемі болып шықты. Өзінің қабілетіне қарай аспаз мамандығын таңдап, биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжге түскен. Бұған дейін Тараздағы балалар үйінде кондитерлік өнімдер әзірлеуден үйірмелерге қатысып, қабілетін жан-жақты дамыта жүріп, арманындағы кәсібін тапқан. Оңтүстіктің ыстығына үйренген Юлия сарыарқаның суығы ғана қорқытты деп күлді әңгіме барысында. Ал арманын орындауға себепші болған бас қала әбден ұнапты.

Жақсылық көрсем өзімнен…

Бірінші курс студенті колледж белсенділерінің қатарында. Аспаздықтан бөлек ән айтып, би билеп, сурет салатын өнері де бар. Оқу орнында өтетін концерттер мен кештерге қатысудан қашқан емес. Биылғы карантин жағдайына байланысты олар шаралар онлайн өтуде. Ал жатақханадағы өзі секілді тағдыры бір қыздармен дос-бауырмыз дейді. Қазақшаға судай тараздық қыз «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» емес пе деп Сұлтанмахмұт ақынның өлеңін мысалға алды. Өзің жақсы болсаң, дос та, туыс та қасыңнан табылатынын үнемі есінен шығармайды. Сырларын айтып, арман-тілектерімен  бөлісетін құрбыларының татулығын мақтан етеді. Жатақхана қабырғасында да шағын кездесулер, семинар-тренингтер өтеді. Сондайда психологтардан, әлеуметтік педагогтардан тіпті құқықтық сауаттылықтарын жетілдіретін заңгерлерден кеңес алып жүр екен. Осы орайда Нұрсұлтан қалалық жастар саясаты басқармасы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қалалық филиалының жиі қолдап отыратынын да жасырмады. Жас та болса, кез келген мәселеге байыппен, аса бір зейінмен қарайтын Юлияның қағылез мінезіне тәрбиешілері де, мұғалімдері де риза.

Ең сырлас досым – кітап…

Юлияның сөз саптауына қарап «Қандай кітаптар оқисың?» деп сұрадық. Ол 10 жасында  «Абай жолын» оқып бастағанын айтты. Абайдың балалығымен танысқан бала жүрегінің дұрыс жолды таңдағанына риза болдық. Тамара Үмбетованың «Заберите меня домой» кітабы да Юлияға өзгеше әсер еткен. Онда қазақстандық өзі секілді жетім балалардың тағдыры туралы жазылған. Ал қазір көбіне фантастикаға толы ғажайып әңгімелерді оқитынын да жасырмады.  Қазір кітаппен дос бала аз. Юлияның кітапқа деген ықыласы ерекше. «Кітап менің досым, керек жерде сөйлеуге ақыл қосады. Кейде үнсіздікке үйретеді. Өйткені үнсіздік те адамның ең сенімді досы» дейді.

Бауырларымды тастамаймын…  

Қоғамдағы ең қорғансыз әрі әлжуаз жетімдер мәселесі өзекті. Біз осы жетімдер сөзімен-ақ оларға кейде үстірт қарап, олардың жүрегіне үңіле бермейтініміз рас. Юлия бауырларының ең үлкені өзінен кейінгі сіңлісі де балалар үйінен шығып, өз мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ал үш бірдей бауыры Тараздағы балалар үйінде қалған. Әкесі туралы қысқа ғана қайырды. Түрмеде екен…  Ал өздерін тастап кеткен анасымен хабарласып отырады.  Ата-ананың қателігін емес,  қадірін тым ерте түсінген Юлияның тағы бір арманы бар. Ол оқу аяқтап, жұмысқа тұрып, пәтер алған соң анасы мен бауырларының басын қосып бір шаңырақ астында тұру. Қазақта «Жетім қозы отығар де жетілер» деген сөз бар. Міне, тұла бойы мейірімге толы,  бауырмалдық сезімінде шек жоқ, ақжарқын мінезі бар Юлия ешкімді кінәламайды. Бала жүрегі қаламаған тағдырын қазір барынша түсінуге тырысады. Сөйтіп тек жасқылықты ғана ойлауды мақсат еткен. Өйткені қазір білім алуға мүмкіндік жасаған жақсы адамдар айналасында толып жүр. Алда әлі талай қуанышты, берекелі күндердің куәсі боларына сенеді.

Түйін: Қазір қоғамды әлеуметтік жетімдердің көбейгені рас. Біз кейде таланты мен дарынымен танылған балалардың өнерін асыра мақтап, жариялап жатамыз. Ол да жөн. Сол секілді тірілей жетім атанған балалардың жүрегіне үңіліп, арман-тілектерін жеткізу де парыз.  Өйткені Юлия секілді зерек ойлы, ертеңіне тек сенім мен үмітпен қарап отырған қаншама бала бар?

Дайындаған: Гүлжан Абайқызы

Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!