Миллионер
Құмыралар әдісі. Бюджетіңізді тиімді жүргізіңіз!
Бұл әдіс сізге ақшаны ақылмен және керек нәрсеге ғана жаратуды үйретеді
Құмыралар әдісі — бюджетті жүргізудің тиімді тәсілі. Оның мәні мынада. Әр ай сайын қаражатыңызды 6 құмыраға бөліп саласыз. Әр құмыра белгілі бір шығын түріне арналған. Бұл әдіс сізге ақшаны ақылмен және керек нәрсеге ғана жаратуды үйретеді.
- Бірінші құмыра ең қажетті дүниелерге арналған (айлығыңыздан 55%)
Бұл құмырада жатқан ақша күнделікті керек-жарақ пен есепшоттарды төлеуге жұмсалуы тиіс. Яғни, үйді жалға алу шоты, ипотека, коммуналдық қызметтер, тамақ, транспорт, киім, медициналық қажеттіліктер, салық және тағы басқа төлемдер жатады.
- Екінші құмыра ойын-сауыққа арналған (айлығыңыздан 10%)
Бұл құмырадағы ақшаны сауық-сайранға арнасаңыз болады. Киноға билет, театр немесе массаж сынды өзіңізге ұнайтын, көңіл-күйіңізді көтеретін нәрселерге бөлінетін қаржы. Бұл ақшаны қалай жаратсаңыз да өз еркіңіз.
- Үшінші құмыра жинақтауға арналған (айлығыңыздан 10%)
Бұл құмыра сіздің “алтын қорыңыз” болып саналады. Қаржылық тәуелсіздікке жол ашатын кілт. Үшінші құмырадағы ақша инвестицияларға жұмсалуы қажет. Инвестицияларыңыздан кіріс кірмейінше, «қордағы» қаражатты жарата алмайсыз.
- Төртінші құмыра білімге арналған шығын (айлығыңыздан 10%)
Бұл құмырадағы ақшаны оқуыңызды төлеуге немесе өзіңізді дамытуға жарату керек. Кітап, тіл курстары, мотивациялық тренингтер сияқты қабілеттеріңіз бен дағдыларыңызға пайдасын тигізетін құралдар көп екенін ұмытпаңыз. Өзіңіздің осал тұсыңызды жетілдіріңіз, мықты тұсыңызды шыңдай түсіңіз.
- Бесінші құмыра резервті қорға арналған (айлығыңыздан 10%)
Бұл құмыраға сіз үлкен қажеттіліктеріңіз үшін ақша жинайсыз. Яғни, ол автокөлік, тұрмыстық техника, саяхат сияқты көп қаражатты талап ететін заттарға арналған.
- Алтыншы құмыра сыйлықтар мен қайырымдылыққа арналған (айлығыңыздан 5%)
Бұл құмырадағы ақшаны жақындарыңызды қуантуға немесе қайырымдылыққа жұмсай аласыз. Оның жақсы жері мереке, той-думанға жұмсайтын қаржыңыздың көлемін алдын ала біліп отырасыз және «көрпеңізге қарай көсілесіз».
Құмыралар әдісін пайдаланып, өміріңізді жақсы жаққа өзгертіңіз!