Миллионер
«Рахат» фабрикасы. Шоколадтың қазақ брендіне айналуы
«Рахат» фабрикасы әр жылда қалай дамыды
«Рахат» кондитерлік өнімдер фабрикасы – Қазақстандағы ең ірі әрі танымал кәсіпорындардың бірі. «Рахат» АҚ құрамында 14 түрлі топқа жататын әртүрлі кондитерлік өнімдердің 400-ден астам түрлері бар. 4200 қызметкер жұмыс істесе, оның 3200-і өндірістік персоналдар.
Бүгінде Қазақстанның кондитерлік нарығының жалпы көлеміндегі «Рахат» АҚ-ның үлесі 24%-ды құрайды. Орташа тауар айналымы айына шамамен 5,2 миллиард теңге. Ал компания акцияларының жалпы нарықтық құны — 64 800,00 млн. теңге ($ 172,01 млн). Сонымен қатар компания сыртқы нарықтарға кеңеюін жалғастыруда, бұған экспорттық тауарлардың өткен жылмен салыстырғанда 10% -ға өсуі дәлел.
Рахат кондитерлік фабрикасының өнімдері бүгінде Ресей, Германия, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ауғанстанға экспортталады. Негізін салған – Анатолий Попелюшко, ал қазіргі таңда кәсіпорынды Константин Федорец басқарады.
КСРО кезіндегі фабрика
Ол 1942 жылы Алматы дистилляттау зауыты мен Бабаев және Рот фронты атындағы Мәскеу кондитерлік фабрикаларының шеберхана базасы негізінде құрылды. Осылайша Харьковтан эвакуацияланған жабдық негізінде «Алматы кондитерлік өнімдер» фабрикасының өндірісі басталды. КСРО ыдырағанға дейін фабрика Қазақ КСР азық-түлік өнеркәсібі министрлігінің «Конденсатор» мемлекеттік бірлестігінің құрамына кірді. 1992 жылы жекешелендірудің нәтижесінде ол мемлекеттен жеке меншікке өтіп, акционерлік қоғам болып қайта құрылды.
«Сен істемесең, ешкім де істемейді…»
Анатолий Попелюшко — қарапайым «қызыл директор», сол кезде кондитерлік өнімдер фабрикасын басқарған. Ол еңбек жолын Қарабұлақ қант зауытында электр газын дәнекерлеуші ретінде бастаған. Мәскеудің тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтында оқып, нәтижесінде қант зауытының директорына дейін көтерілген. Кәсіпкерлер арасында Попелюшконы дағдарысты басқарушы деп атайды, себебі бір қант шығаратын зауыттың деңгейін көтеріп, екіншісіне ауысқан азамат. 1984 жылы сол кездегі қиын кезеңдерді басынан өткізіп жатқан Алматы кондитер фабрикасында бас инженер болып жұмыс істеді. Бірнеше айдан кейін директор болып тағайындалды. Одақ ыдырап, жекешелендіру туралы алғашқы жарлық шыққан кезде оның не екенін ешкім білмеді, білсе де, түсінбеді. Көп директорлер не істерін білмей, қиналды.
Іс жүзінде кондитерлік фабриканың 25% мемлекетке қалуы керек еді. Бірақ капиталистік еңбекті ұйымдастырудың қағидаларын толық білмейтіндігіне қарамастан, директор өзіне сенімді болды. Ол Мәскеу мемлекеттік мүлік комитетіне барып, басқаша келіскен. Бұл 25% -ды зауыт орналасқан Фрунзе ауданының (қазіргі Медеу ауданы) мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін адамдарға сатуға рұқсат алған. Соның арқасында мұғалімдер, дәрігерлер, тіпті қалалық және республикалық газеттердің журналистері «Рахат» ұлттық кәсіпорнының акционерлері болды. Попелюшконың негізгі идеясы — жеке тұлғаларды ғана акционер қылу арқылы тәуелсіз болу. Осы акциядан кейін Рахат ұлттық кәсіпорын мәртебесін алды. Басынан бастап компания толықтай ашық саясат негізінде құрылды, тәуекелді инвестициялар мен «қос бухгалтерлік есепке» бейім емес болатын.
Анатолийдің қағидасы
Фабрика үшін 1994-1995 жылдар ең қиын кезең болды. Директордың айтуынша, 1000 рубльді 2 теңгеге айырбастаған кезде айналым капиталын жоғалтып, барлық жерде бартер орын алды. Қызметкерлер тауарлы жалақы сұраған. Ал өзге кәсіпорындардан Полюшконың ерекшеленген тұсы – ол ешқашан заттай айлық бермей, ақша түрінде беруге тырысты. Себебі бұл кәсіпорынның экономикасы үшін қауіпті еді. Демпингтің өршуіне алып келуі мүмкін. Демпинг дегеніміз – бәсекелестікті жеңу үшін жасанды жолмен тауарды не қызмет түрін арзандатып сату. Сол себепті директор жағдайдың қиындығына қарамастан жалақыны тек ақшалай беруді қағида еткен. Осы кезеңдердің өзінде 1994 жылы серіктестік 4 мың тонна өнім сатты.
Сонымен қатар, «үлкен көлемде» яғни даму үшін «Рахат» тек шетелдік банктерден — Citibank, ABN AMRO, кейін RBS-тен несие алған (жергілікті банктерде қысқа мерзімді несиелеу болды, бірақ тек айналым капиталы үшін). Сонымен бірге компания несиені кепілсіз алды. Себебі оның банктердегі несиелік тарихы жақсы болды. Оған қоса таза бухгалтерлік есеп, барлық бухгалтерлік баланс, капитал қозғалысы барлық стандарттар сай келді. Deloitte & Touche компаниясының, бірнеше жылдан кейін EY тексерісінен өткен. Кез-келген банк бұл есептерді қабылдады, өйткені кез-келген банкир үшін тазалық пен ашықтық ең басты құндылық болып табылады.Оның екінші қағидасы – қаржылық тазалық пен шындық. Ол банкті серіктес ретінде құрметтеуді дұрыс көреді.
«Рахат» ешқашан мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидия алмады. Себебі есеп беру, түбіртек жинауды құптамайды, тәуелсіз болғысы келді.
«Рахат» атауы
1992 жылы Алматы кондитерлік өнімдер фабрикасы атауын өзгерту керек болған. Сол кезде «Рахат» деген атауды фабрикадағы жұмысшының он жастағы қызы ойлап тапқан. Әкесінің тәттілер арасында жұмыс істегеніне қызығып қойылған деген болжам бар. 1993 жылы қызға сол атауды ойлап тапқаны үшін сыйлық берілген.
«Рахаттың» кәсіпорындарының кеңеюі
2001 жылы Шымкенттегі бұрынғы кондитерлік фабриканың ғимаратын сатып алып, «Рахаттың» еншілес кәсіпорнын салуды қалады. Бұл үшін олар банктен қарыз алып, өз қаражаттарын да қосқан. Осылайша кәсіп тез дамыды, зауыт төрт ауысымда жұмыс істеп, 100%-ға күш салынды. Қазіргі таңда «Рахат» АҚ сату географиясы бүкіл Қазақстанды қамтиды, өйткені компания 18 қалада, 14 облыс орталығында тарату жүйелеріне ие, сонымен атар Бішкекте еншілес компаниясы жұмыс істейді. Алматыда өнімдерді сату ірі көтерме сауда орталығы, сондай-ақ брендтік бөлшек сауда дүкендері арқылы жүзеге асырылады.
«Рахат» өнімдерді қайдан алады?
«Рахат компоненттерінің 90%-ы сырттан келеді. Қазақстаннан тек ұн, сірне мен су алады. «Рахаттың» негізгі өнімі — какао бұршақтары. Барлық ірі компаниялар оны негізінен бір елден сатып алады, бұл — Гана. Басқа ингредиенттерге келетін болсақ, шетелден жаңғақтардың 7 түрі импортталады. Жержаңғақтың көп бөлігі Бразилия мен Аргентинадан, бадам Калифорниядан, кешью Вьетнамнан, фундук Түркиядан, Германиядан тәтті салма әкеледі. Ал қантты Ресейден сатып алады, өйткені отандық қанттар «Рахат» стандарттарына сәйкес келмейді.
Шетелдік инвесторлар «Рахатты» сатып алғысы келе ме?
Олар кейін даму үшін инвесторлар іздей бастады, даттармен, түріктермен, орыстармен сөйлесті, Nestle осында келді. Кореялық Lotte компаниясы ұсыныстары ең қызықты болды. Басында олармен 50%-ға келіскен. Бірақ кейін кореялықтар компанияны сатып алғысы келді. Алайда Попелюшко ол оқиғаның орын алуына мүмкіндік бермеді.
2013 жылдың қаңтарында Оңтүстік Корея тобы «Рахат» АҚ акционерлерімен акцияларды сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Сату туралы қауесеттер тарала бастағанда Рахаттың акциялары өсе бастады: алдымен 2,5 мың теңгеге болса, мәміле жасалған кезде 6,5 мың теңгеге дейін өсті. 2013 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан нарығының 10% -ын иемденетін зауыт акциялар пакетінің төрттен үш бөлігі 156,6 млн доллар немесе бір акция үшін 43,5 доллар деңгейін ұсынды.
2013 жылдың 29 шілдесінде оңтүстік кореялық LOTTE кондитерлік компаниясы «Рахат» акцияларының шамамен 76%-ын сатып алу туралы келісім жасасты. Акцияларды сату бойынша мәміленің нәтижесінде Британдық BD Associates Limited (29%), Анатолий Попелюшко (25,79%), Наталья Хилчук (11.54%) ірі акционерлер тізімінен шықты.
2013 жылғы 10 желтоқсанда LOTTE кондитерлік компаниясы «Рахат» АҚ-ның қалған 23,75% жай акцияларын сатып алу туралы жариялады және миноритарлық акционерлерді хабарландыру жарияланған күннен бастап 30 күн ішінде өз акцияларын сатуға шақырды.
2019 жылы «Рахат» АҚ-ның орналастырылған акцияларын сатып алатын LOTTE Confectionery өз үлесін 95,5656%-ға дейін арттырды.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова