Миллионер

Шығын: Ақшаны қалай бәріне жеткіземіз

Шығын. Дұрыс жұмсау және жинау

Шығын – адам айналып өте алмайтын мәселе. Шығынның көп болуы сізді қаржы тапшылығына алып келуі мүмкін. Шығын жоспарын жасамасаңыз, қаржыны ұстап тұру қиынға соғады. Бай адамдар өз ақшасы жеткілікті болғанымен дұрыс бөлу мен жұмсауды ойларынан шығармайды. Сіз де қаржыны жоспарлап үйреніңіз!

«50,30,20» әдісі

Бұл әдіс тұрақты кіріс көзі бар жандарға арналады. Алайда аяқ-асты саудалар ақшаны жинақтауға кедергі болып жатады. «50,30,20» әдісі бойынша кірісті үшке бөлесіз. Бірінші бөлік толық қаржының 50 пайызын құрайды. Бұл ақша ай сайынғы міндетті төлемдер (коммуналдық төлемдер) мен азық-түлікке жұмсалады. Екінші бөлік 30 пайызға тең. Ақшаның бұл бөлігі қажетті заттарды сатып алуға керек. Ғаламтор, киім-кешек, сандық телевидение секілді заттар осы бөлікке кіреді. Қалған 20 пайызды болашаққа жинаңыз. Сіз ойламаған оқиғалар немесе қарапайым жинақ шотына қажетті қаражат ретінде қарастырыңыз. Сыйлықтарды осы ақшаға сатып аласыз.

«Қарапайым» әдісі

«Қарапайым» әдісі жоспарлау мен өзін шектеуді ұнатпайтын жандарға арналады. Өзіңіздегі қаражатты екіге бөліңіз. Біріншісі тұрақты шығындар, екіншісі қалған заттар мен жоспарлар. Бірінші бөлікке сіз ай сайын  құртатын шығындар жатады. Олар: тамақтану, коммуналдық қызмет, жанармай, электронды байланыс, ғаламтор т.б. Екінші бөлікке кез келген көңіл көтеру, қажетсіз саудалар мен өзге де жоспарларды жатқызуға болады. Бірінші бөлікке көп ақша қалдырған жөн. Себебі олар кейде көп қаржыны қажет етеді.

«Базалық бюджет» әдісі

Тұрақсыз кіріс көзі бар және ақша жинақтағысы келетін адамдарға арналған тиімді әдіс. Ай сайынғы минималды кіріс көзін есептеңіз. Ол 50 000 теңгеден төмен болмауы тиіс. Қажеттіліктерге қанша ақшаның кететінін есептеңіз. Ал артылып қалған қаржы мөлшерін өз мақсаттарыңызға пайдаланыңыз. Серуендеу мен көңіл көтеру, сыйлықтарды осы қаржыға алған дұрыс.

«Апта сайынғы қаржы» әдісі

Бұл әдіс келесі жалақыға дейін қаржысы бітіп қалатын адамдарға арналады. Осы әдіс арқылы қосымша қаржыны да жинақтауға болады. Алдымен ай сайынғы табыстың қаншасын қажеттіліктерге жұмсайтыныңызды анықтаңыз. Қалғанын шетке ысырып қойыңыз. Бірінші бөліктегі қаржыны төртке бөліңіз. Бұл ақшаны әр апта сайын өзіңізге беріп отырыңыз. Әр аптадағы ақшаны барлық қажеттіліктерге жеткізуге тырысыңыз. Екінші бөліктегі қаражатты жинақтай беріңіз. Бұл сіздің болашаққа деген салымыңыз. Осылайша өз жалақыңызды орынды әрі тиімді жұмсай аласыз.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!