Миллионер
YouTube арқылы бизнесті дамытудың жолдары
YouTube арқылы бизнесті дамытудың тиімді жолдарымен танысыңыз
YouTube – әлемдегі танымалдылығы бойынша екінші орынды алатын видеохостинг. Бұл желіні кәсіпкерлер бизнестері үшін қосымша құрал ретінде пайдаланады. Көбіне «Вконтакте», «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілерін қолданады. Алайда видеомаркетингтің тілін таба алсаңыз, тұтынушылардың көп бөлігін өз тауарыңызбен қызықтыра аласыз. Назарыңызға «YouTube» арқылы бизнесті дамытудың жолдарын ұсынамыз.
YouTube-тің артықшылықтары
«YouTube» видеохостингі әлем бойынша танымал желілердің үштігіне кіреді. Жеке бизнес-арна ашу сіздің кәсібіңізге бірнеше мүмкіндіктер береді. Өз клиенттеріңізбен байланыс орнатып, сарапшы пікірлерінің арқасында негізгі кемшіліктерді білесіз.
YouTube-ті бизнес үшін қолданудың әдістері
Тауарды көрсету және сынау
«YouTube»-тың көмегімен тауарды таныстырып, оны қолдану әдістерін көрсетуге болады. Клиент тауарды сатып алмас бұрын видеоны көреді. Сапасын зерттейді. Негізгі кемшіліктерін біледі.
Тауарға бейнешолуды көрген тұтынушылар көп жағдайда осы тауарды сатып алады екен. Статистика бойынша клиенттердің 40%-ы бренд-видеоны көрген соң компанияның сайтына шолу жасайды.
Маманның пікірін қосу
Енді дамып келе жатқан компания жайлы, оның табысы мен жетістігі туралы көп нәрсені жазуға болады. Алайда бұл нағыз маманның пікіріне қарағанда әлсіз болады. Осы себепті «YouTube» арнаңызда маманның кеңестерін, сұхбат және түрлі танымдық материалдарды жариялаған дұрыс. Нақты бір саладағы маманның пікірі де тұтынушыда сенімді тудырады.
Имидж жасау
«YouTube» брендтің артықшылығын көрсетуге жақсы мүмкіндік береді. Тауарды жасау процессін көрсетіңіз. Оның құрамындағы материалдың ерекшелігін айтыңыз. Өніміңізді қолданудың ерекше жолдарымен бөлісіңіз.
Клиенттің қарсылығымен жұмыс істеу
Видео арқылы клиентте туындайтын қарсылық пен сұраққа жауап беруге болады. Мысалы: арнаңызда өнімді қолданудың нұсқаулығын жариялаңыз. Туындайтын мәселелерді өздігінен шешу жолдарын көрсетіңіз. Мұндай бейнероликтер тұрақты тұтынушыны пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етеді.
YouTube арқылы мақсатты аудиторияны қалай қалыптастыруға болады?
Бизнес жайлы видео жасау барысында түрлі форматтарды қолданыңыз. Мысалы, компания жайлы ақпарат, танымдық, ақпараттық видео, сарапшымен сұхбат, бренд жайлы документалды фильм.
Тауардың артықшылығы мен кемшілігін көрсететін видео арқылы тұтынушы сенімін арттыруға болады. Сонымен қатар тұтынушылардың пікірі де өзге адамдарға ерекше әсер қалдырады.
Видеоның танымалдылығын арттыру жолдары
Видеоның сипаттамасына кілт сөздерді жазыңыз. Тегтерді қосуды ұмытпаңыз. Арна, плейлист пен бейнежазбаны дұрыс рәсімдеңіз.
Жарнама жайлы ұмытып кетпеңіз. Белгілі блогерлердің арнасында жарнама орналастырыңыз. Сіздің бейнеролигіңізді неғұрлым көп адам көрсе, тұтынушылар саны да арта түседі.