Миллионер

Жұмысқа тез арада кірісудің 8 әдісі

Жұмысқа тез арада кірісудің тиімді тәсілдері бар ма?

Жұмысқа тез арада кірісудің ең негізгі тәсілі өз жоспарларыңмен бөлісіп отыру.

1. Тапсырмаларды күнтізбе бойынша жоспарлау

Адам өз ісін атқаруға жеткілікті уақыт барын бағдарлағанда, тиімді әрі өнімді жұмыс істейді. Сол себепті соңғы сағатта бәріне үлгеріп қалудан бұрын істі алдын-ала жоспарлаған жақсы. Өз ісіне құрметпен қарайтын кәсіпкердің әрбір күні маңызды шаруалармен белгіленген. Жұмыс ретін күнтізбеге белгілеу арқылы нақты жүйе қалыптастырасыз.

Бұл әдістің екі артықшылығы бар: біріншіден, уақытты тиімді пайдаланатын боласыз, екіншіден – алдағы жоспарыңызды алдын-ала біліп отырасыз.

2. Айналадағы адамдармен жоспарыңызды бөлісіңіз

Біз бәріміз өз-өзімізге өтірік айтқанды жақсы көреміз. Қалаған фильмді көріп тастағаннан кейін міндетті түрде шаруаларға кірісеміз деп ойлаймыз. Бірақ олай болмайды. Өйткені бір қызықты фильмнен кейін екіншісі, сосын үшіншісі міндетті түрде шығады. Бар күш-жігерімізді босқа жұмсап, жұмыс істейтін уақытымызды өткізіп аламыз.

Сол себепті басқа адамдарға міндетті түрде жоспарыңызды айтып үйреніңіз. Өйткені бізге өзгелердің пікірі маңызды. Айтқан сөзімізді орындауға бәрібір талпынатын боламыз. Сол себепті бүгінге жоспарлаған ісіңізді өзіңіз сенетін достарыңызға, әріптестеріңізге айтыңыз. Тіпті болмай жатса, қадағалауын сұраңыз. Қадағалау болған жерде – тәртіп болады.

3. Ұнамсыз тапсырманы орындау

Міндетті түрде орындауға тиіс ісіңіз өзіңізге ұнамай ма? Онда одан да ұнамайтын істі тауып алып, біраз айналысып көріңіз. Бірнеше уақыт өткеннен кейін сіз негізгі іспен айналысуды ойлай бастайсыз.

Мысалы, кейбіреулер үшін ең ұнамсыз істің бірі – үй тазалау болуы мүмкін. Сол себепті басты ісіңізді ысырып, үй жинай бастаңыз. Жұмысқа тез арада кірісудің бір тәсілі осы. Өйткені, күнделікті жұмыстан тез жалығып, басты істі тез қолға алуды ойлайсыз.

4. 5 минутты ішінде шешуге уәде беріңіз

Сіздің ойыңызда өте керемет жоспарлар бар, бірақ оны жүзеге асыруға ерініп жүрсіз бе? Оның да жолын оңай шешуге болады. Өз-өзіңізге жоспарлаған ойыңызды 5 минут ішінде жүзеге асыруға уәде етіңіз. Отырыңыз, 5 минутқа таймер қойып, ештеңеге алаңдамай жұмыс істеуге кірісіңіз. Оның еш қиындығы жоқ. Өйткені 24 сағатыңыздың бар-жоғы 5 минутын шаруаға арнау оп-оңай.

Бұл тәсілдің қызығы, сіз жұмысқа берілгеніңіз соншалық, 5 минут өткеннен кейінде жалғастырып отырғаныңызды өзіңіз де байқамайсыз. 2 минуттың ішінде бітіруге болатын шаруаңыз болса, онда дереу іске кірісіңіз. Кішігірім тапсырмаларды бірден шешуді әдетке айналдырыңыз. Ертеңге қалдырмаңыз. Осылай етсеңіз, негізгі шаруаларды шешуге ештеңе кедергі болмайды.

5. Тапсырманы кішкентай бөліктерге бөліңіз

Көлемді әрі күрделі жұмыстарды бірден орындау қиын. Ал ұсақ істерді, керісінше, кедергісіз орындауға болады. Сондықтан көлемді істерді бірнеше кішкентай бөліктерге бөліп орындаңыз.

1000 қадамдық жол бір қадамнан басталатынын ұмытпаңыз. Бірнеше бөлімдерге бөліп, әрқайсысы үшін қандай қадамдар жасайтыныңызды анықтап алыңыз. Содан кейін әр бөлімді орындаған сайын дайын болғанын сызып отырыңыз. Бұл кезде сізге қарапайым қағаз, қалам немесе компьютер көмекке келеді.

6. Өзіңізді марапаттаңыз

Әр істі уақытымен аяқтаған сайын, сіздің рахаттанатыныңыз анық. Сол себепті әр істің соңында, өзіңізді мадақтап отырыңыз. Мысалы, өзіңізді: «Мен осы істі аяқтасам, өзіме көптен бері ұнап жүрген затымды сатып аламын», — деп шабыттандырыңыз. Шаруаны аяқтадыңыз ба, міндетті түрде сол затты сатып алып, өзіңізге берген уәдеңізде тұрыңыз.

Бұл ең тиімді тәсіл. Өйткені қалаған нәрсеңізді алу үшін жұмысты бастау оңай болады. Бұл стратегия Pomodoro атты техникада көп қолданылады. Мысалы, сіз 25 минут тоқтамай жұмыс істейсіз. Сосын өзіңізге 5 минут демалыс жариялайсыз.

7. Әріптестеріңізбен кеңесіңіз

Сіз маңызды ісіңізді әлі бастамадыңыз ба? Онда әріптестеріңіздің көмегіне жүгініңіз. Талқылау барысында жұмысқа деген қызығушылығыңыз артып, бірден іске кірісіп кеткеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Тіпті әріптестеріңіздің сіздің ісіңізді қызыға талдап жатқаны жақсы мотивация болуы мүмкін. Өйткені ісіңіз елеусіз болса, оны тез аяқтауға талпыныс жасамайтыныңыз анық.

8. Оқуды аяқтап, әрекетке көшіңіз!

Жалқаулықты жеңу туралы мақалаларды оқу да жалқаулыққа жатады. Сол себепті бұл мақаланы сақтап қойып, іске кірісіңіз. Өйткені сіздің қолға алған жұмысыңыз өзгелерге пайдалы әрі қажет болуы мүмкін. Қажеттіліктерді орындап, қоғамға пайдалы адам болуға асығыңыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!