Алмастырушы бала – оның алдында өлген баланың орнын басу үшін дүниеге келген бала. Бұл миссия баланың да, ата-ананың да психологиясына зақым келеді. Бұл туралы Морис Поро «Алмастырушы бала» кітабында түсіндірген. Balbal.kz мотивациялық сайты «Алмастырушы бала» синдромы және өмірдегі алмастырушы балалар тағдыры туралы материал дайындады.
Алмастырушы бала – ол кім?
Бақытты отбасы бар делік. Балалары 7-10 жас шамасында. Бір күні ол не аурудан, не апаттан қаза табады. Ата-анасы депресияға ұшырайтыны сөзсіз. Кейде жүкті әйел түсік тастайды. Өлген баланың орнын жоқтатпай, қайта бақытты отбасыға айналу үшін ерлі-зайыптылар бала асырап алады не жүктілікті жоспарлайды. Міне, осы бала алмастырушы балаға айналады. Оған психологиялық түрде қайғыны сейілту, ана баланы жоқтатпау миссиясы міндеттеледі.
Алмастырушы баланың психологиясы
Автор осындай алмастырушы балалар статистикасын жүргізе отырып, оларға бақылау жасаған. Ол алмастырушы бала рөлінің бірнеше нұсқасын талдап шықты.
Алмастырушы бала ата-анасын депрессиядан қорғайды. Сондықтан ол көп жағдайда еркін болмайды, ата-ананың шектен тыс бақылауында болады екен. Ата-ана баланың жеке шешім қабылдауына мүмкіндік бермейді. Салдарынан бала өзін төмен бағалайды, томаға-тұйық болады. Сөйтіп жүргенде ортаға сіңісіп кете алмай оқшауланады.
Көп жағдайда аутоагрессия пайда болады. Ол дегеніміз – өз-өзіне жеккөрініш, қасақана зиян келтіру. Бұл сезім ата-ана өлген баланы алмастырушымен салыстырып, оған көңіл бөлмегенде пайда болады. Алмастырушы бала өзінің тірі қалғаны үшін ұялып, азап шегеді. Бауыры емес, өзінің тірі жүргеніне қиналады.
Алмастырушы бала рөліндегі атақты адамдар
Нидерланды суретшісі Винсент Ван Гог:
«Өлген бала тұлға бола алмады, сол себепті ата-анам оны мінсіз тұлға образында елестетті. Оны ақылды, талантты, мейірімді деп санады. Мен қателескен кезде ол бәрін мінсіз жасап, жетістікке жетер еді. Осының кесірінен мен қателесуден қорқатын болдым. Не істесем де, ол мені озып кететін сияқты. Мен өмір бойы өлі Винсентпен күресіп келдім».
Суретші Сальвадор Дали:
«Мен өмірден бұрын өлімді сезіндім. Анамның құрсағында жатып мен оның қайғысын сезіндім. Менің ұрығым тозақ плацентасында дамыды. Олардың қайғысы мені ешқашан жібермейді. Мен тірі болғаным үшін өкініп келдім, өзімді толық емес сияқты сезінемін».
Психоаналитик Дидье Анзье:
«Мен өзімді жалғыз бала деп есептегеніммен, мен екінші болдым. Әпкемнің өлімі отбасымыздың үлкен қайғысы. Сондықтан тірі болып жер басып жүруім арқылы ата-анамды қорғай аламын. Олар мені өмір бақи шектен тыс қорғады. Кішкене жел тұрса да сақтануымды өтінді. Ауырып қалмас үшін бәрін істеді. Мен еркін болмадым, жоқ адамды алмастырушы ғана болдым».
Ал Людвиг ван Бетховен есейгенге дейін алмастырушы екенін білмеген. Себебі ата-анасы өлген бауырының есімін, соның туған жылын жазып, соның құжатын берген.
Ата-ана психологиясы
Ата-ана үшін әр баланың орны бөлек. Бірақ олар бір баланың қазасын екінші баламен өтейміз деп қателеседі. Ана жүктілігі үш кезеңді қамтиды: өлген баласын есіне ала береді; өлген баласының тек жақсы жағын еске түсіріп, оны үздік деп санайды; енді дүниеге келетін баланы жоғалтып алудан қорқады;
Алмастырушы бала дүниеге келсе де, сол өкініш жоғалмайды. Керісінше көпшілігі өлген баланың алдында өзін кінәлі сезіне бастайды. Оған сатқындық жасағандай сезінеді. Тіпті кей аналар алмастырушы баласын емізуден бас тартқан.
Ананың тарапынан алмастырушы балаға деген амбивалентті сезім оянған. Ол дегеніміз – жақсы көру әрі жек көру сезімі. Баласын жақсы көрсе де оны әрдайым өлген баламен салыстырып, оны іштей кінәлайды. Осы арқылы отбасы одан сайын бақытсыз күй кешеді.
Тән жарасын оймен емдеу методикасы
Жильбер Реноның ізі бойынша тән жарасын оймен емдеп жүрген маман Мади Алдабергенов бар. Ол әртүрлі негатив ситуацияларға тап болып, қиналып жүрген жандар арасында алмастырушы балалар барын айтады.
Алдыма келген пациенттің ата-бабасы, ата-анасы жайлы бар ақпаратты сұраймын. Олардың жасына, үйленген жылдарына мән берем, қайтыс болу себептеріне үңілем. Ата-бабасы, ата-анасы жайлы бар шындықты білу адамды әртүрлі негативтен – «Ата-баба синдромынан» қорғайды. Қазақ сондықтан да жеті атаны тануға ерекше мән берген. Сонымен қатар анасының қанша рет жүкті болғанын, түсік жасатқанын не жасатпағанын сұрастырам. Мұндай сұрақтарға екінің бірі жауап бере алмайды. Олар анасы жайлы бар шындықты біле бермейді. Мен алдыма келген жанды анасымен ашық әңгімелусе көндірем. Кейде өмірде өз жолын таппай жүрген пациентім алмастырушы бала болып шығады. Қайтыс болған баладан кейін көп ұзамай дүниеге келген ол шындықты білу арқылы мойнындағы зіл батпан жүктен босайды.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова