Психология
Алматы әйелдер орталығы әлем әйелдеріне қазақша білім береді
Алматы әйелдер орталығы немен айналысады?
Алматы әйелдер орталығы – тұлғалық, психологиялық, әйел денсаулығы бағыттары бойынша білім берген орталық. Құрушылары Лаура Сейітбек пен Роза Әшірбаева «бәсекелестерге бас қатырмаймыз» дейді.
АӘО құру идеясы
Алматы әйелдер орталығы идеясы аяқ-асты келген жоқ. Әйел денсаулығы бойынша білім алып жүргенде қыз-келіншектермен жиі бас қосатын едік. Сол кезде білгеніммен бөлісетінмін. Сосын олар тағы да айта түсші деп қолқа солатын болды. Бірақ ол кезде «орталық ашамыз, осылай мыңдаған әйелдерге көмектесе аламыз» деген ой келмепті.
Мен білімімді әрмен қарай жетілдіре бердім. Сөйтіп 2017 жылдың басынан бастап семинарларға спикер қонақ ретінде шақыра бастады. Роза екеуіміз бұрыннан араласатын едік. Өзім оған дейін Қайрат Нұртастың директоры болып жүрдім. Ал Розаның өз бағыты болды.
Алматы әйелдер орталығы ресми түрде 2018 жылдың маусымында құрылды. Бұған дейін елімізде инфобизнес көбіне ер адамдар үшін жүргізілетін. Әрине, іскер әйелдер ол кезде де ерлермен қатарласып білім алып жүрді. Бірақ онда тек бизнес тақырыбы қозғалатын еді. Қазіргідей рухани даму, әйел энергетикасы сияқты ауқымды тақырыптарға көңіл бөлінбеді. Ал әйелдер қауымының табиғаты бөлек. Оларға арнайы білім беретін орталық керек деп көп ойлайтынбыз. Екеуіміздің ойымыз осы мәселеде тоғысты.
Мен бұған дейін PR саласында жұмыс істедім. Әр түрлі компанияда стратегиялық жоспар құрумен айналысатынмын. Кейін Versus академиясында жарты жылдай методист маман болдым. Кезінде үлкен жаңалық болған «Екінші болма» марафонын ұйымдастырдым. Бұл жоба сәтті шығып, оның үш легін өткіздік. Мен оның басы-қасында жүріп көп тәжірибе жинақтадым. Бұл марафонға сол кезде мықты стартаперлер мен кәсіпкерлер қатысып еді. Сол кезде Лаурамен танысып, етене араласа бастадық. Ізгі ниет үлкен жобаға айналып, біз идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік.
Даму бір жақты жүрмейді
Орталықты қыз-келіншектердің даму академиясы деп қарастырамыз. Ал «даму» деген дүние бір жақты болмайды. Орталықтың үш негізгі бағыты бар:
- Тұлғалық даму;
- Психологиялық;
- Физиологиялық.
Орталықтың концепциясы осы үш бағытты байланыстыра отырып әйелді дамытуға негізделген. Мәселен, «Әйел денсаулығы – ұлт саулығы» деп жатамыз. Бірақ бізде ол туралы тіпті базалық ақпарат жоқ. Өзінің ішкі ағзасы, анатомиясы туралы олар білмейді. Дәрігерге тек ауырғанда ғана барады. Адамның тұлғалық дамуы бірінші кезекте денсаулығына байланысты. Жан тыныштығы мен тән саулығы бірінен-бірі ажырамайтын дүниелер. Сол екеуінде бәрі дұрыс болғанда ғана тұлғалық дамуға көше аламыз.
Алғашқы маркетингтік қадам
Біз аудитория жинау үшін гив деген сияқты дүниелерге жолаған емеспіз. Тіпті таргет те жасамаппыз. Біздің алғашқы маркетингтік қадамдарымыз:
- Басында медиа сферада жұмыс істегеніміздің пайдасы тиіп, Жазира Байырбекова, Алтынай Жорабаева сынды эстрада жұлдыздары, бұрынғы әріптестеріміз әлеуметтік желіде бастамамызға қолдау білдірді. Алғашқы оқырмандарымыз солай жинала бастады.
- Инстаграмның ішіндегі конкурстар.
Кейіннен орталыққа жарнаманы біздің клиенттердің өздері жасайтын болды. «Әпкемнен естіп келдім, анам сіздердің посттарыңызбен бөлісті» деп курстарымызға қатысқандар көп болды. Мұны «сарафанды радио» дейміз.
Әлемнен 250 мың шәкірт қалай жиналды?
Алғашында ұранымыз «Қазақ қызына қазақ қызының ғана жаны ашиды» болатын. Сол ұранмен әлеуметтік желіге де шығып жүрдік. Сонда бізге шет елдік оқырманымыздан көптеп ренішін білдірген хаттар келе бастады. «Сіздерді құлшыныспен тыңдаушы едім. Мына сөздеріңізден кейін өзімді бөтен сезініп қалдым» деген хаттарды оқып таң қалдық. Бүгінде қырғыз, өзбек, ұйғыр тіпті орыс ұлтынан шәкірттеріміз бар. Одан қала берді өзіміздің шет елдерде тұратын қандас бауырларымыз да сабағымызға қатысып жатады.
Айта кету керек, сол жан-жақтан жиналған шәкірттеріміздің бәрі қазақ тілінде білім алады. Бізге осыған дейін «орысша жүргізіңіздерші» деген ұсыныстар, өтініштер келген. Бірақ біздің әуел бастағы мақсатымыз қазақ тілінде сапалы білім беру болатын. Сондықтан бұл жоба қазақша жалғаса бермек.
Курс қандай платформаларға салынады? Вебинарлар қайда өтеді?
Біз үшін ақпараттық қауіпсіздік маңызды. Қыздардың бәрін жеке-жеке қосамыз. Себебі ол жерде интимдік сауаттылық туралы сөз қозғалған соң мұның бәрі ескерілуі керек.
Сондықтан да курстар дизайны жасалынған, сервері мықты, технологиялық жағынан ыңғайлы білім платформасында өтеді.
Білім зекетін береміз
Әлеуметтік желіде «білімнің зекеті» ретінде тегін берілетін курстарымыз да бар. Қыздармен өзекті тақырыптарда айына 1-2 рет тегін сабақтар өтіп отырамыз. Оның барлығы да жабық парақшаларда жүреді. Өйткені онда тек әйелдердің тақырыптары қозғалады. Жабық парақшаларды жүргізу өте қиын. Оны инстаграм қызық бөліміне шығармайды.
Бәсекелестік
Қазір бәсекелестеріміздің саны көбейіп жатыр. Бірақ бұл уайымдайтын дүние емес. Керісінше, ізгі істің бастамашылары көбейіп жатыр деп ойлауымыз керек.
Әр спикердің берері бар. Бұл жерде адам ақпаратқа емес спикерге, спикердің эксперттілігіне, энергетикасына келеді.
Егер біз фокусты бәсекелестерге бұрып, бас қатыратын болсақ, дамуымыз тоқтайды. Өзіміз құрған стратегия бар. Мақсатымыз айқын.
Заман ағымынан қалмау маңызды
Инстаграмдағы контенті Лаура екеуіміз жасаймыз. Басқа жұмыстың бәрін командамен атқарамыз. Қазір командамызда бізден бөлек 10 адам бар. Олардың бәрін кезінде өзіміз инфобизнестің қыр-сырына үйреттік. Әрине, соншама жұмысқа екеуіміз ғана үлгере алмаймыз. Командамыздағы қыз-келіншектер – кезінде курстарымыздан өткен үздік шәкірттеріміз.
Әлеуметтік желіде тек пайдалы ақпаратты бөлісе беру оқырманды жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан онда олардың көңіл-күйін аулайтын контент те болуы керек. Оның бәрі трендте болуға көмектесетін жұмыстар. Мәселен, қазір Tik-tok трендте. Біз соған сай қызықты видеолар да түсіреміз. Конкурстар, стористегі тесттер, міне, осының бәрі желінің талаптары. Әлеуметтік желіні қолдана білу керек. Елімізде инстаграмнан басқа желінің мүмкіндіктерін пайдаланатындар көп емес. Мысалы, қазақ тілді аудиторияда телеграм канал жүргізетіндер мыңнан біреу.
Сен өз салаңның нағыз білгірі болуың мүмкін. Бірақ сен маркетингтен ештеңе түсінбесең, жеке брендің болмаса, стратегия құрмасаң, білігің мен біліміңнің пайдасын көп адам көре алмайды.
Өзімізге әрқашан инвестиция саламыз
Заман ағымына, талабына сай әрекет ету маңызды. Орталықтың үш бағытын да екеуіміз алып жүргендіктен білімге әрдайым инвестиция салып отырамыз. Украинада Драгманов атындағы университет бар. Мен сонда сексолог мамандығын аяқтадым. Қазір халықаралық федерацияға мүшеміз. Онда берілетін ақпарат әлі бір тілден екінші тілге аударылып жатыр. Бірақ біз ол ақпаратты саралап, вебинар жасап үлгердік. Міне, бұл – өзімізге салынған ай сайынғы инвестицияның нәтижесі.
Квалификацияны көтеру маңызды. Жалпы, әлеуметтік желідегі оқырманымыздың саны 850 мың. Олардың назарын ұстап тұру үшін де өзімізді дамытып отыруымыз керек. Мәселен, коучинг саласы бұрын көбірек мотивацияға көңіл бөлсе, қазір психотерапияға ден қойған. Өйткені адамның ішкі жай-күйі маңызды екені ескеріле бастады. Сол сияқты қазір барлық сала қарыштап даму үстінде. Біз сол дамуға ілесуге барынша күш саламыз.
Сұхбаттасқан: Дидар Сұлтанбекқызы