Психология

Қандай әйелден еркек тез суиды?

50-ден астам психологиялық рөлдің түрі бар екен

50-ден астам психологиялық рөлдің түрі бар екен. Бүгінгі әңгіме ең негізгі үшеуі туралы болмақ. Balbal.kz порталының эксперті психолог Марзия Бекайдар «әйелді бақытты да, бай-қуатты да ететіні – осы рөлдердің қайсысын таңдауы байланысты» дейді.

Instagram: @marziya_bekaidar Хабарласу: +7 747 929 2919

Марзия Бекайдар:

Бірінші рөл – ата-анаға, екінші рөл – ересек адамға, үшінші рөл – балаға тән. Бұл рөлдердің адамның жас ерекшелігіне, статусына еш қатысы жоқ. Сіздің сөйлеген сөзіңізге, жасаған әрекетіңізге қарап-ақ қай психологиялық рөлге кіріп кеткеніңізді дәл айтып беруге болады. Адамның бойында осы 3 рөлдің біреуі міндетті түрде басымырақ болып келеді.

Статистикаға сенсек, адамдардың 70%-ы ата-ана рөліне еніп, сол рөлден шыға алмай өмір сүреді екен. Менен жеке кеңес алып жүрген қыз-келіншектердің өмірін саралай келе олардың 90%-ы осы рөлде қалып кеткендеріне көзім жетті.

Ата-ана рөліндегілерге сипаттама берейік. Ол:

  • үнемі сыни пікір білдіреді;
  • біреуге баға бергенді құп көреді;
  • ақыл айтқанды жақсы көреді;
  • біреуді қайта тәрбиелегенге құмар;
  • кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жасағанына талдау жасап отырады;
  • өзін мектептегі кілең бестікке оқитын оқушы сияқты ұстайды;
  • өзімен бірге өзгенің дамығанын қалайды;
  • «осылай істеуге бола ма?», «бұл дұрыс емес қой» деген сөздерді жий айтады;

Өмірден мысал келтірейік

Жаңадан күйеуге шыққан қыз өте белсенді болады. Күйеуінің туысқандарын жете танымай жатып, бәріне қол ұшын созып, көмектескісі келеді. Жұмысы жоқтарға жұмыс тауып беріп, сүйіктісі жоқтарға қыз іздеп, сырқаттанғанға дәрігер іздеп шарқ ұрады. Оның көмегіне ол адамдар мұқтаж болмауы да мүмкін. Бірақ ата-ана рөліне кіріп кеткен келіннің ертең үміті ақталмай, сол адамдардан көңілі қала бастайды.

Ата-ана рөліне кімдер тап болады?

Адамға жас қосылған сайын мәселелер саны да көбейеді дейміз. Өмірдің қиындығын көріп, ауыртпалығын көтерген сайын кешегі аңқылдақ, ақкөңіл қыз қатая түседі. Мықтылық танытқан бойда мәселенің шешілетіндігіне көзі жеткен ол осы мықтылықты өзіне қорғаныс етіп таңдайды. Бәріне жауап қайтарғыш, мысы басым, ержүректі болсам, өмір жеңілденеді деп түсінеді. Сондықтан да басында көмектескен, оны қиындықтан алып шыққан ата-ана рөліне кіріп кетеді.

Тағы бір жағдай. Кішкентай кезінде қыз баланың құлағына «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деген тыйым сөздерді құя берсе, ол қыз өсе келе ата-ана рөлімен өмір сүруді қалыпты жағдай деп таниды. Ол өзінің де, өзгенің де қателік жасағанына шыдай алмайды. Себебі оған «қателік жасауға болмайды, көйлегің үнемі таза, шашың үнемі өрулі болуы қажет» дегендей шектеулерді көп айтқан. Сондықтан бала тәрбиелегенде оған қателік жасауға мүмкіндік берілуі тиіс. Әйтпесе арты өкініш пен ренішке алып келеді.

Тағы бір себеп бар. Өзін өзгерткісі, өз-өзімен жұмыс жасап, дамығысы келмеген кертартпа адам өзгені өзгерту оңайырақ деп осы рөлге тап болады. Байқағаныңыздай, сынап-мінеуге уақыт табатын адамдардың әдетте қолы шын мәнісінде бос.

Ата-ана рөліндегі әйелдің өмірі неге бақытсыз?

Ол күйеуіне, бала-шағасына көп үміт артады. Үміт артып қана қоймай, талап етеді. Сол талабы орындалмай жатқанын көргенде көз жасын көл қылады. Содан соң сүйіктісінің жанды жеріне тиіп, ауыр-ауыр сөздер айтудан қаймықпайды. Мұның бәрі дер уақытында тоқтамаса, отбасылық драмаға айналып кетеді. Мұндай әйелдердің күйеулері әдетте қуаныш пен шаттықты өзгенің құшағынан іздей бастайды.

Келесі материалдарда экспертіміз ересек адам, бала рөлдері туралы әңгіме қозғайды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!