Психология

Дұрыс таңдау жасаудың қарапайым қағидасы

Айтыңызшы, сіздің өміріңізде таңдау жасауға тура келген сәттер болған шығар? Тіпті, қай жолды таңдағаным дұрыс деп бас қатырған боларсыз. Сізге бір құпияның бетін ашайық…

Негізі адам тағдырында дұрыс таңдау, бұрыс шешім деген болмайды. Әрбір таңдауымыз біз үшін қайырлы. Тек соның ішінен өзіңіз нені көбірек қалайтыныңызды анықтап алу керек. Ол үшін…

1. Бір бет ақ қағазды алып, өзіңізге хат жазыңыз. Сізді қинаған таңдаудың біріншісін таңдадым деп есептеңіз. Енді қиялыңызға ерік беріп, дәл осы таңдауды жасағаннан кейін алты ай өткенде өміріңіз қалай өзгеретінін жазыңыз. Яғни, қазіргі өзіңізге болашақтан хат жолдаңыз. Дәл сол таңдаудан кейін сізді не күтіп тұрғанын ойлап, бірін қалдырмай тізіңіз. Қандай қиындықтар мен қандай жақсылықтар болатынын таразылаңыз. Өзіңіздің көңіл күйіңізді де сипаттаңыз. Осы таңдауға көңіліңіз тола ма, жоқ па оны да хатта баяндаңыз. Өміріңізді мәнді еткен өзгерістерді де қосуды ұмытпаңыз. Хаттың соңында осы таңдауды жасағаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтыңыз. Хатты жазып болғаннан кейін ақ қағазды бүктеп, көзден таса жерге тығып қойыңыз.

2. Қолыңызға тағы бір ақ қағаз алыңыз. Сіз екінші рет хат жазуыңыз керек. Бұл хатта екінші таңдауды жасаған кезде өміріңізде қандай өзгерістер болатынын жазыңыз. Бірінші хатты жазып отырған кездегі эмоцияңызды шығарыңыз. Сіздің таңдауыңыз екінші шешімге түссе, сізді алда қандай мүмкіндіктер күтіп тұрғанын таразылап көріңіз. Соңында өз таңдауыңызға алғыс айтып, хатты бүктеген күйі тығып қойыңыз.

3. Арада бір апта өткеннен кейін… (уақыты өзіңізге байланысты, бірақ бір аптаға дейін ашпаңыз) Қолыңызға қос хатты алып, оларды кезек-кезек оқып шығыңыз. Арада бірнеше күннен кейін жазған хатыңызды оқысаңыз, ерекше бір күйге енеріңіз анық. Көңіл күйіңіз қалай өзгергеніне мән беріңіз. Барлығын дұрыстап оқып, жүрегіңізге жақынын таңдаңыз.

Бұл тәсіл дұрыс таңдау жасауыңызға шынымен де көмектеседі. Бірақ әрбір ұсақ-түйегіне мән беруді ұмытпаңыз! Хатты біраз уақыттан кейін оқысаңыз, мүлдем бөлек үшінші адам жазғандай әсер аласыз. Бұл өте дұрыс. Өйткені, сырттан бақылап отырып, екі таңдаудың қайсысы сізге керек екенін саналы түрде сезінесіз. Болашақтан сізге хат жазған өзіңізді тани алмай қалуыңыз әбден мүмкін. Хатта жазылған әрбір жетістігіңіз сізді жетілдіреді. Көңіліңіздегі күдікті ойлар сейіліп, оп-оңай таңдау жасайсыз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!