Психология

Монтессори методикасы: бала тәрбиесіндегі үздік құрал

Әдіс бойынша оқыту жүйесі қалай жүргізіледі?

Монтессори методикасы баланың дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ата-аналар үшін бала тәрбиелеу қиын боп барады. Ендеше назарларыңызға ерекше әдісті ұсынамыз.

Монтессори деген кім?

Методиканың негізін қалаушы — көрнекті италья дәрігері, мұғалім, ғалым, философ және гуманист Мария Монтессори. Ол науқас, ақыл-есі кем балалармен жұмыс істеді. Кейін оның кемтар шәкірттері тұлғалық даму жағынан дені сау балаларды озды. Бұл медицина мен педагогика саласында сенсация тудырды.

«Егер дені сау бала мидағы ауыр жарақат алған балалардан интеллектуалды дамуы төмен болса, не істеу керек?» — деп өкінеді. Осыдан кейін ол сау балалармен жұмыс істеуді қолға алады.

Монтессори методикасы қашан қолданылды?

Монтессори техникасы жүз жыл бұрын пайда болды. Оны зерттеген Лев Толстой еді. Ресейде бірінші Монтессори балабақшалары Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ашыла бастады. Оларды дереу жапты. Өйткені бұл тәсіл кеңестік білім беру жүйесіне сәйкес келмеді. Дегенмен 1992 жылдан бастап Ресейде осы педагогикалық жүйеге сәйкес балабақшалар пайда бола бастады.

Балалардың даму ерекшелігі

0-ден 6 жасқа дейінгі жас «сезімтал кезеңді» өткереді. Бұл сәтте нәресте өзіне қажет ақпаратты еш қиындықсыз игере алады. Бұл кезеңде байқаған барлық нәрсені ол өмір бойы сіңіреді. Дәл сол кезде сөйлеуді үйренеді, сезімдері оянады. Жалпы әлеуметтік ортаға бейімделеді.

Егер осы уақытты дұрыс пайдаланса, онда бала өзінің дамуында үлкен жетістіктерге жете алады. Болашақта да ересектердің араласуынсыз тез үйренеді. Алты жылдан соң бұл кезең өтеді. Монтессори осы алты жылды бос кетіріп алмауға үйретеді.

Методиканың басты қағидасы

Адамға білу, өзін-өзі дамыту, үйрену туғаннан бастап тән. Мария Монтессори өз жүйесінде осы қасиеттерді атап өткен. Ол бастысы қызығушылықтың табиғи көрінісіне кедергі жасамау  керек деп санайды. Баланың өзі ересектердің көмегінсіз үйренуге, өзі үшін қызықты және пайдалы әрекетті таңдауға қабілетті. Еркіндік жылдам дамуға мүмкіндік береді.

Методика бойынша оқыту жүйесі

Бала не істеу керегін өзі таңдайды

Монтессори деп аталатын ортада бала өз әрекетін еркін таңдай алады. Ересектер тарапынан қысым жоқ.

Балалар өз бетінше оқиды

Тәрбиешілер ештеңе түсіндірмейді. Балалар концепцияларды тәжірибе жүзінде үйренеді. Берілген материалдармен өз бетінше оқиды. Әрине, мұғалімдер баланы бақылайды. Бірақ олардың мақсаты — дұрыс бағыт беру. Балаларға «былай істе» деп міндеттемейді.

Белгілі бір ережелерді міндетті түрде сақтау

Қақтығыстар мен тәртіпсіздікке жол берілмейді. Монтессори жағдайында міндетті ережелер бар. Сіздің еркіндігіңіз басқа адамның бостандығы басталатын жерде аяқталады. Ойнадыңыз ба, өзіңізден кейін жинап жүріңіз. Бір қызығы, кішкентай балалар бұл ережелерді жақсы меңгереді.

Әр түрлі жас аралығы

Әр жастағы балалар бір топқа жиналады. Ең көп таралғаны — 3-тен 6 жасқа дейін. Үлкен балалар кішілерге көмектеседі. Ал кішілері олардан сабақ алады.

Балалар — процестің белсенді қатысушылары

Білім мен уақытты мұғалім мен ата-ана емес, баланың өзі басқарады. Бала өзі істей алатын нәрсені ол үшін жасаудың қажеті жоқ.

Бағалардың болмауы және бәсекеге қабілеттілік

Мұнда балаларға баға қойылмайды. Тек өзін өзімен салыстырады. Мысалы, «бүгін кешегіден гөрі жақсы жасадың». Балаға нені дұрыс, не дұрыс емес екенін айтып керек емес.

Монтессори ортасы

Монтессори әдісінің мақсаты — баланы дамытатын орта құру. Оған арнайы орын керек.

Онда ол өзі бір нәрсені алады, қояды, жабады, бүктейді және т.б. Мұндай жерде оған барлық ойыншықтар қолжетімді. Сонымен қатар, барлық жерде бұрыштар тегістелген, розеткалар қорғалған, өткір заттар жоқ қауіпсіз кеңістік.

Монтессоридің әдістемесі сабақтарды беске бөледі. Бұл тәжірибелік өмір, сенсорлық даму, математика, ғылым және сөйлеуді дамыту салалары. Әрбір бөлмеде пәнге сәйкес оқу материалдары бар. Әдетте бір сабақ үздіксіз үш сағат өтеді. Оны тәрбиеші сыртынан бақылайды.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!