Салауат

«Айкөне» – ежелгі ата-бабамыздың сауықтыру техникасы

«Айкөне» деген не?

«Айкөне» – ежелгі ата-бабамыздың сауықтыру техникасы. Ол қазіргі таңда шет елде аса танымал. «Айкөне» –  кей ауруды хирургиялық жолсыз-ақ емдеп жазуға мүмкіндік беретін жаттығулар жиынтығы.

Айкөне тарихы

«Айкөне» – бұл қазақтың ежелгі гимнастикасы. Кез келген адам үйде немесе офиста отырып-ақ алғашқыда көзге оп-оңай болып көрінетін жаттығулар жасайды. Нәтижесінде бұлшық етке күш түсіріп, қан айналымы қалпына келеді. Тән сауығады. Ой жинақталады.

Ежелгі түркі халқы жауынгерінің жағдайына ерекше көңіл бөлген. Әсіресе атты әскерге талап қатаң болған деседі. Алдымен атта дұрыс отырғандарын бақылаған. Себебі атта дұрыс отырмайтындардың ұзақ сапар кезінде белі, омыртқасы ауырады. Ал бір жері шаншып ауырған адам шайқасуға күш таппайтыны белгілі. Сондықтан да жауынгерлер гимнастика жасап денсаулықтарына көңіл бөлген.

1998 жылға дейін бұл туралы хабарымыз болмады. Тек сол жылы Абай Баймағамбетовтың оны ресми медициналық жаттығу ретінде патенттеуі «Айкөненің» реинкарнацияға ұшырауына себеп болды.

Абай мырза және «Айкөне»

1997 жылы Абай Баймағамбетов ауған соғысына қатысады. Соғыстан соң медицинаға бет бұрып, ерекше жаңалық ойлап тапқысы келеді. 1998 жылы «Айкөненің» алты жаттығуын ойластырады. Ел ішінде жарнамалауға көшеді. Бірақ қолдау таппағандықтан үш айдан соң Ресейге бағыт алады. Новосібірдің ҒЗИ-ы «Айкөнені» медициналық жаттығу ретінде мойындайды. Ал 2002-2003 жылдары Мәскеуде патент алады.

2005 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік педиатрлік медициналық университетінде «Айкөнені» медицинаға енгізу қадамдары ойластырылды. Ленинград және Санкт-Петербургта оны ЛФК жаттығулары ретінде қабылдайды. Осылайша Абай Ақатұлы өз клиникаларын ашады.

Бүгінде «Айкөне» орталықтары Мәскеу, Омбы, Махачкала, Днепропетровск, Қазан, Минск, Симферополь, Челнах қалаларында бар. Франция, Беларусь, Германия және Үндістан халқы Айкөне туралы хабардар.

Қазақстанның бірнеше облысында да «Айкөне» орталықтары өз есігін айқара ашты. Күн өткен сайын «Айкөненің» арқасында тән ауруынан азат болғандар саны көбейіп жатыр.

«Айкөне» жаттығулары

«Айкөне» жаттығулары қазақ руларының атауымен аталады: жаныс, құмық, керей, тама, суан. Себебі қазақ руларының өз таңбалары бар. Ал ол таңбалар өзіндік ақпарат, энергия арқалаған дейді Абай Баймағамбетов.

Гимнастика бірнеше деңгейден тұрады: Негізгі курс, классикалық және күрделі деңгей. Қазіргі таңда «Айкөненің» 11 мыңдай жаттығу түрі бар.

Гимнастика қалай орындалады?

Жаттығулар әр бұлшық етті қозғалтуға арналған. Өте баяу жасалады. Бірінші кеуде белі және мойын омыртқасындағы мәселелерді анықтау үшін омыртқа бұлшық етіне қысым түсіреді. Сосын омыртқаны барынша созады. Екі жауырынды бір-біріне айқастыруға тырысады. Тіпті миды да іске қосу керек. Себебі оны тек денемен емес, ой-санамен сезініп орындайды. Жаттығу кезін инструктор бақылап отырғаны дұрыс. Статика яғни әр жаттығудан кейінгі тыныштық күйі 3-10 минутқа дейін созылады. Әр жаттығудың дұрыс жасалуын біліп алған соң  мұның бәрін үйде өзіңіз жасай аласыз. Күніне 20 минутты «Айкөнеге» арнауды әдетке айналдырған дұрыс.

Жаттығуды кімге және қай кезде жасауға болмайды:

Қатерлі ісігі бар адамдар;

Созылмалы аурудың асқынуы кезінде;

Өткір жұқпалы яғни инфекциялық ауру кезінде.

«Айкөненің» пайдасы

Курстың үшінші күнінде адамның халі жақсарып, бойын тік ұстай бастайды. Көру қабілеті, көңіл-күйі жақсарады. Бұлшық еттерді қозғалту барысында сіңірлер де созылады. Жаттығудың арқасында тыныс алатын кеуде бұлшық еті кеңейеді. Осылайша тыныс алу жақсарады. Денеге оттегі барады. Диафрагма кеңейеді, қарын жоғалып, ішкі ағзаларда өзін-өзі массаждау процесі жүреді. Қан айналым жақсарады. Омыртқаны жайлап созу қауіпті емес. Адам бұлшық етін қыздыратыны сонша жаттығудан кейін малмаңдай тер болады. Шлактар шыға бастайды.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!