Салауат
Джефф Кавальер және оның сымбатты денеге арналған кеңестері
Джефф Кавальердің онлайн сабақтарында берген кеңестері
Джефф Кавальер – әлемдегі ең танымал онлайн-фитнес жаттықтырушылардың бірі. Оның жеке бағдарламасы бойынша әлемдік жұлдыздар мен кәсіби спортшылар жаттығу жасайды. Balbal.kz мотивациялық сайты Джефф Кавальердің онлайн сабақтарынан сымбатты денені қалыптастыруға арналған ақыл-кеңестерін ұсынады.
Жаттығуды дұрыс жасау
Сұлу денені қалыптастырудың басты ережесі – жаттығуды дұрыс жасау. Күніне қанша сағат жаттығу жасасаңыз да, қаншалықты ауыр темір көтеріп, дұрыс тамақтансаңыз да жаттығуды дұрыс техникамен жасамайтын болсаңыз, сізде сымбатты дене қалыптаспайды. Себебі жаттығу дұрыс орындалған кезде сіздің дамытқыңыз келетін бұлшық еттерге ауырлық түседі. Сол ауырлықтың арқасында дененіңіз болашақта өсетін болады. Ал техникаңыз қате болатын болса, ауырлық денеңіздің басқа бөліктеріне түсіп, жарақат аласыз немесе уақытыңыз бос кетеді. Сонымен қатар тым ауыр салмақпен жаттығуды қайталай беру де денеңізге кері әсерін тигізеді. Күшіңізге, бой мен салмаңызға қарай бәрінің өлшемі бар.
Спортпен айналысуды енді бастаған адамдар жаттығудың дұрыс техникасын да, өз өлшемдерін де анық біле бермейді. Сондықтан мен жаңадан бастағандарға кәсіби жаттықтырушылармен жаттығуға кеңес беремін.
Дегенмен оған бәрінің мүмкіндігі бола бермеуі мүмкін. Ондай жағдайда жаттығуды өз бетінше қалай болса солай емес, тым болмағанда интернеттегі видеолардан көріп жаттыққаны абзал.
Тұрақтылық
Маған жыл сайын жаз жақындағанда хабарласатындардың саны көбейеді. Ондай адамдар жазға 1-2 апта қалғанда денелерін тез қалыпқа келтіріп аламыз деп ойлайды. Иә, мүмкін олар 2 аптаның ішінде күнделікті жаттығу жасап, денелеріне сәл тартымдылық берер. Алайда одан кейін жаттығуды жалғастырмаған соң олар бар жетістіктерінен айырылады. Неге дейсіз ғой? Себебі кез келген жетістікке жетудің төте жолы – тұрақтылық. Одан басқа ешқандай құпия не жеңіл жол жоқ.
Күнделікті жаттығу жасаудың арқасында ғана сіз сұлу денеге қол жеткізіп, бұл қалыпты сақтай аласыз. Тұрақтылық ережесі тамақтануға да қатысты. 1 күн дұрыс тамақтанып, арықтап кете алмайсыз. 1 жыл ішінде 365 күн жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанатын болсаңыз, сіздің денеңіз сымбатты болады.
Диета ұстау
Диета артық салмақтан арылғысы келетіндерге ғана емес, салмақ қосуға ниеттенген адамдарға да керек.
Себебі жаттығудан соң қарным жарылғанша тамақ ішсем, бұлшық етім өседі деп ойлау – қате. Ондай жағдайда теріңіздің астына артық майлар жиналып, өзіңіз қалаған жетістікке жете алмайсыз.
Сымбатты денені қалыптастыру үшін уақытылы тамақтану керек. Ал дұрыс тамақтану үшін ас үйіңізді ыңғайлаңыз. Алдын ала бірнеше күнге тамақ жасап қойыңыз. Қажетті заттарға күнде жүгіре бермеу үшін азық-түлікті жеткілікті етіп алыңыз. Ондай мүмкіндігіңіз болмаса, тым болмағанда уақытылы тамақ ішуді қадағалаңыз.
Үйде жаттығу
Көпшілігі сымбатты денені қалыптастыру үшін міндетті түрде жаттығу залына бару керек деп ойлайды. Қазіргі пандемия уақытында адамдар жаттығу жасауды мүлдем қойды. Сымбатты денеңіздің болғанын қалсаңыз, үй жағдайында да жаттығуды тастамаңыз. Денеңізді өз салмағыңызбен де жақсы қалыпта ұстап тұруға көмектесетін қаншама жақсы жаттығу түрлері бар. Соларды үйреніңіз. Бастысы ниетіңіз болсын. Жаттығу жасаумаудың күніне мың себебі табылады. Алайда сымбатты денені қалыптастыру үшін әрбір күннің маңызды екенін ұмытпағаныңыз жөн.
Дайындаған: Досбол Атажан