Салауат

Толқын Маратқызы. Қос дипломымды фейсфитнеске алмастырдым

Толқын Маратқызы қыз-келіншектерге жасарудың құпиясымен бөлісіп, әдемілік әлеміне жетелеуші фейсфитнес-тренер.

Толқын Маратқызы әрбір қыз-келіншек әдемі болып көріну үшін ең алдымен өзін бағалауы керек дейді. Иә, бұл шындық. Өйткені…

Ақ тамақ, қиылған қас, жазық маңдай

Әдемі, ақша бетің жауған қардай!

Жайдары, еркелеген жарқын мінез

Жарқ етсең, жадыратар жанған шамдай!

Қыз баланың ажары, әдемілігі, табиғи сұлулығы бір-ақ шумақ өлеңде тамаша сипатталған. Барлығымыз ажарлы, сымбатты, мүсінімізде бір мін болмағанын қалаймыз. Бұл заңдылық. Әйел затының табиғаты осындай. Бетімізді сәл әжім торласа, уайымның жел қайығына мініп, одан сайын қиындатып жіберетініміз тағы бар. Олай болмаған жағдайда жасанды жолмен түзетіп, мәңгілік жас болып көрінудің құпиясын алты қырдан іздеп кететін сіз ғана емессіз. Өйткені әсемдік әлемінде шектеу жоқ.

Қазір сұлулықтың сипаттамасы өзгерген. Осыған дейін бетке, ерінге ине салып ісіткен сәнде болса, қазір барлығының мейлінше табиғи болғаны ерекше бағаланады. Қыз-келіншектердің барынша шынайылыққа ұмтылғаны қуанарлық жағдай. Өйткені қазір сұлулықты қалпына келтірудің табиғи жолдары сұранысқа ие.

Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз мүлдем ерекше жан. Қатал тәртіп пен қайсарлықты талап ететін мамандығын өзінің сүйікті ісіне алмастырып, талай қыздың арманының орындалуына себепкер болып отыр. Фейсфитнес атты көпшілігіміз үшін таңсық атаудың қыр-сырын меңгерген Толқын Маратқызы Balbal.kz сайының оқырмандарымен өз сырымен бөлісті. Ол фейсфитнеске қалай келді? Мамандығы заңгер бола тұра, мүлдем басқа кәсіптің көзін қалай тапты?

Негізгі мамандығым — заңгер

Мен 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Осы жерде мектепті аяқтап,  Заң университетін бітірдім. Ең алғаш рет Астанаға 2001 жылы көштік. Одан кейін жанұямыздағы жағдайларға байланысты қайтадан Алматыға оралдым. 2005 жылы тұрмыс құрып, жолдасыммен Астанаға келдім. 12 жыл мамандығым бойынша заңгер болып жұмыс істедім. Бір жыл Лондонда болып қайттық. Жолдасым сол жақта оқыды. Келгеннен кейін Атырауда 3 жылдай тұрдық. Сөйтіп, кейін қайтадан Астанаға көшіп бардық. Өзім 3 баланың анасымын.

Оған дейін өзімнің негізгі мамандығым бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының НR (Эйчар) департаментінде заңгер болып жұмыс істедім. Сол жерде үшінші баламды босандым. Үш бала болғаннан кейін кеңсеге жұмыс істеуге қайту мүмкін емес. Біріншіден, түрлі жағдайлар болып, жұмыстан сұрану жиілейді. Екіншіден, өзімді де кеңседегі жұмыстар қатты шаршатты.

Алдымда жылап тұрған әйелді көріп қиналдым

НR департаментінде жұмыс істегеннен кейін менің негізгі міндетім – адамдарды жұмысқа алу, жұмыстан шығару болатын. Еңбек кодексімен жұмыс істедім. Бір күні зейнеткерлерді жұмыстан қысқартатын болдық. Зейнетақы жасына келгендер әлі жұмыс істеп жүрген болатын. Барлығына бір ай бұрын «жұмыстан босатылдыңыз» деген хабарлама тараттық. Ол жерде: «Бір айдан кейін сізбен еңбек шартын тоқтатамыз, жұмысқа келмесеңіз болады» деп жазылып тұрады.

Содан алпыстан асқан үлкен кісіге келдім де, хабарламаны қолына ұстаттым. Ол жылап: «Қызым, мен 17 жасымда мұнайға келдім. Талай жыл Гурьевте бұрғышы болып жұмыс істедім. Содан бері өсіп-өніп, 17 жастан 60 жасқа дейін мұнай саласына бүкіл өмірімді арнадым. Енді бір жап-жас қыз алдыма келіп, бір айдан кейін жұмыстан боссың деп айтып тұр», — деді. Иә, ол саналы ғұмырын осы салға арнаған. Мен не істей аламын? Ол кісі жылағанда біртүрлі болдым.

Сөйтіп, кабинетке келдім де орныма отырдым. Ойландым. Мен қазір 30-дан енді астым. Тағы 30 жыл жұмыс істесем, сосын маған да жас қыз келеді де «жұмыстан шығыңыз» деп айта салады. Ешкімге керегің жоқ болып қаласың.

«Бай әке, кедей әке» өмірімді өзгертті

Сол кезде Роберт Киосакийдің «Бай әке, кедей әке» атты кітабын оқыған болатынмын. Сенсеңіз, сол кітапты оқығананнан кейін мүлдем жұмыс істегім келмей қалды. Сенің беріліп жұмыс істегенің ешкімге керек емес екендігін түсіндім. Күні бойы құжат жазасың, қағаздар толтырасың, оның өзгелерге көрініп жатқан пайдасы жоқ. Сөйтіп күйзеліске ұшырап кеттім.

Кейін жұмысты қойып, Атырауға көштік. 3 баламен кеңсеге қайтуға, біреуге жұмыс істеуге ниетім болмады. Біреуге жұмыс істеу қиын. Таңертең сағат 8-де тұрып жұмысқа барып, 9-да кешікпей кіру керек. Кешігіп қалсаң, түсініктеме жазасың. Сөйтіп өзім кәсіп ашқым келіп бизнес идеяларды ойластыра бастадым.

Немен айналысқым келеді? Атырауда болғанымызбен, уақытша тұрып жатқанымызды білеміз. Күнде құдайдан «Алла, маған жақсы бизнес идея берші, тек құрал-жабдықтарды сатып алуға байланысты болмасыншы» деп сұрадым. Менің анам марқұм киім тігетін. Біз кішкентай кезімізде арнайы тігілген киімдермен өстік. Киімдеріміздің барлығы сәнді болатын. Сөйтіп дизайнер болсам ба деп ойладым. Тіпті тігін шеберлігі курсына да қатыстым. Сол жерден байқауда тігін машинасын ұтып алдым. Тігін бизнесін дамытамын ба деп жүргенмін. Бірақ…

Босанғаннан кейін толып кеттім

Бетім де дөңгеленіп кетті. Біз жақта «тәте» десе, ол жақта «апа» дейтін. Сен дүкенде тұрсаң, олар саған «апа» дегенде ішіңнен жының келеді. Сосын өз-өзімді қолға алайын деп спортқа бардым. Спортпен айналысып, тренер жалдап, азудың жолдарын қарастырдым. Қатты арықтаған жоқпын, бірақ біраз салмақ тастадым. Кішкене жинала бастадым. Сол кезде бетім салбырап кетті. Бір күні айнаның алдында тұратын жүгіретін жолақпен жүгіруді бастадым. Жүгірсем бетім де менімен бірге кәдімгідей секіріп жатыр.

Менің логикам қатты дамыған. Заңгерлердің логикасы болған жағдай мен себептің арасындағы байланысты іздеу емес пе? Сөйтіп ойладым, бетте де бұлшық ет бар.  Денемді кішкене жинадым ғой. Енді бетімді де жинайтын бір жаттығулар бар шығар дедім. Сөйтіп оның жолдарын ғаламтордан іздей бастадым.

Фейсфитнес туралы ақпарат мүлдем аз еді…

Іздеу барысында фейсфитнес дегеннің бар екенін ұқтым. Пайдаланып көрейін деп шешім қабылдадым. Сол кездегі жаттығулардың видеолары өте аз еді. Күнде жаттығулар жасап жүріп, бетім жазылып қалғандай болды. Бір күні Алматыға тойға келетін болдым. Фейсбукке жаңа сурет салмағаныма жарты жыл болған. Енді Алматыға тойға барайын, сөйтіп күштілеп суретке түсемін деп ойладым. Тойда фотографты шақырып алдым да, ақшасын төлеп суретке түстім. Ол керемет қылып түсірді. Суретті алып қарасам, бетім төртбұрыш. Шошып кеттім.

Менің бетім өмір бойы жинақы болған. Семіргеннен кейін ісіп кетті. Ендігі түрі мынау. Сосын ютубтағы видеоның астына «бетім төртбұрыш болып қалды, енді не істеуіме болады?» деп жаздым. Ешкім жауап бермеді. Видеода жаттығу көрсетіп жатқан 18 жастағы қыз. Оның білімі де жоқ екені көрініп тұр.

Екі жоғары білімің бола тұра, кішкентай қызды тыңдап қатырдың деп өзіме күлкім келді. Сол себепті, жеке фейсфитнес тренер керек деп шештім. Қазақстанда ондай жоқ. Ресейден Анастасия Бурдюг деген тренерді таптым. Сөйтіп оған жазылып, ақшасын төлеп, онлайн сабақ алатын болдым.

Бір күні Мәскеуге жолым түсті. Осы жолы тренеріммен жеке кездесіп, барлығын өз көзіммен көрейінші деп ойладым. Сабағына бардым. Дұрыс жасамаған жаттығуларымды дұрыстап көрсетті. Сөйтсем бұл сала Мәскеуде бүтін бір нарыққа айналған екен. Тіпті әр түрлі мектептері бар. Гуглдан іздеп барлығын зерттедім. Кейін Астанаға келіп, құрбыларыма айттым: «Қыздар, Ресейде «фейсфитнес» деген мода шығыпты. Сендердің біреулерің соны қолға алыңдар. Мен Атырауда жатырмын, айналысатын уақытым жоқ. Балаларым кішкентай», — дедім. Бәрі «иә» деп қалған.

Фейсфитнес тренері болуыма күйеуім себепкер

Құрбыларымнан хабар болмаған соң, жолдасым өзің айналыса салмайсың ба деді. Шыны керек, көп ойландым. Екі бірдей білімім бар. Заңгерлікті оқыдым, экономикалық білімді меңгердім. Енді келіп фейсфитнеспен айналыспақпын ба? Бірақ мен оқыған кітаптардың барлығында сүйікті ісіңмен айналыс деген кеңестер берілетін. Мен де барлығын ысырып, сүйікті ісімнің жетегіне еріп кеттім. Неге бастап көрмеске деп талпындым.

Алдымен Ресейге барып, бірнеше мектепті оқып шықтым. Анастасия Бурдюктің Кэрол Маджио деген  мұғалімі бар. Ол фейсбилдингті Америкада ойлап тауып, сол жақтың жұлдыздарымен жұмыс істейді. Кэрол Маджионы таптым да, Америкаға барайық деп шештік. Америкаға барып, сол кісіден оқып, лизенциясымен Қазақстанға франшизасын алып келдім.

Алып келіп үйде отырдым. Күйеуім «Қашан бастайсың?» деп сұрайды. Қорқамын, бастай алмаймын деймін. Сөйтіп күйеуімнен ұялғаннан бастадым (күліп). Алғашқы тренингімді Атырауда өткіздім. Астанаға, Алматыға келетін болдым. Сөйтіп қыз-келіншектермен жұмыс істеп келемін.

Күн сайын ізденуге дайынмын

Украинадағы Остеопатия мектебінде оқимын. Денеге жаттығулар жасаймыз. Сол сияқты бетке арналған 14 түрлі жаттығу ойлап таптым. Олар маңдайды көтеруге, көзге, қысылған бұлшықеттерді босатып, теріні жазуға арналған. Осыған дейін дене жаттығуларының дұрыс жасалуы туралы көп ойландым. Қазір миофасциальді гимнастика деген курсым бар. Курсымды қалаларды аралап жүріп өткізетін болдым. Оның нәтижесі тез, күтудің қажеті жоқ. Бұрын Америкадағы үлгімен жаттығу жасағанда, нәтижесін екі ай күту керек болатын. Қазір миофасциальді гимнастиканы дұрыс жасадың ба, бетің бірден тартылады.  2017 жылы Орталық ашып, курстарымды сол жерде өткізетін болдым. Одан кейін онлайн курс пайда болды.

Өткен жылы өзім үшін кинезология ғылымын аштым. Кинезологоя деген адамның денесіндегі ақаулардың ең алғашқы себебін табу. Людмила Федорова деген кісі бар. Ол Ресейде кинезологияның негізін салған. Сол кісі адамның жүріс-тұрысына қарап, қай бұлшық еті жұмыс істемейтінін, сүйегі не себепті қисық екенін бірден анықтайды. Қазір сол кинезология мамандығын оқып, кинезологтың дипломын алдым. Украинаның қолданбалы кинезиология қауымдастығына мүше болдым. Қазақстанда кинезологтар жоқ. Өйткені бұл мамандық енді ғана еніп жатыр.

Адамның денесін Алла тағала кереметтей етіп құрастырған. Біз биороботпыз. Денемізде артық немесе кем ештеңе жоқ. Сол себепті Алланың аманаттаған денесін қалпында ұстау үшін сапалы өмір сүруіміз керек. Ауыр көтеруге, өзімізді зорықтыратын шаруамен айналысуымызға болмайды.

Сұқбаттасқан: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close