Табыс

Пассивті табыс табудың түрлері

Пассивті табыс деген не?

Пассивті табыс – күнделікті қызметке тәуелді емес кіріс. Бұл табыс – сіздің жасыңызға, денсаулығыңызға және жұмысыңызға қарамайтын ақша. Пассивті табысты байыпты түрде жоспарлау керек, өйткені оған алғашында өзіңіз тер төгесіз.

Кеңес заманында пассивті кірісті қолдамады. Бұл игерілмеген табыстың бір түрі еді. Пассив табыстың кейбір түріне ауыр қылмыс ретінде жауапқа тартатын. Ал капитализм кезеңінде пассивті табыс өз қаражатыңызды көбейтудің ең ұтысты тәсілі болды. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты пассивті табыс табудың түрлерімен таныстырады.

Жылжымайтын мүлікті жалға беру

Қазіргі таңда кез-келген жұмысы бар адам болашаққа жоспарлап, үй алуды көздейді. Осындай қосымша үйі бар жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Жылжымайтын мүлікті жалға берудің бірнеше тәсілдері бар:

Ұзақ мерзімде жалға беру. Тұрақты түрде жалақы секілді ақша алып отырудың тиімді тәсілі. Бастысы – сенімді клиент табу. Үйге бақылау жасап, тексеріп қоюды ұмытпау керек.

Пәтерді күніне жалға беру. Тұрақты емес, бірақ ұзақ мерзімдіге қарағанда көбірек табыс табуға болатын тәсіл. Алайда ішіне әрдайым тазалық пен жөндеу жұмыстарын жасап отыру керек. Саяхаттап келген туристерге өткізуге тырысыңыз. Осы кезде тәуекел азырақ болады. Ал өз қалаңыздың тұрғындарына далға беретін болсаңыз, олардың ойын-сауық ұйымдастыратын ұмытпаңыз. Заттардың бүлінуі, көршілерден шақым түсу ықтималдылығы жоғары.

Бөлмені жалға беру. Егер жалғыз өзіңіз 3-4 бөлмелі пәтерде тұрсаңыз, бір бөлмені жалға беруге болады. Бұл кезде тәуекелге бел бумайсыз, қосымша ақша табумен қатар коммуналды қызмет ақшасын бөліп төлейсіз. Әрине, өзге адаммен тұруға екінің бірі шыдамайды, алайда бұл әдіс сіз үшін тиімді ме, соны тексеріп көрген жөн.

Коммерциялық мекеме негізінде жалға беру. Пәтер бірінші қабатта орналасса не тұрғын үйден бөлек жылжымайтын мүлік болса,  оны дүкен, офис түрінде жалға беру тиімді. Бұл кезде заңды актілер мен нормалармен таныссаңыз болады. Сізде белгіленген ауыртпалық пен қауіптер аз болады. Жалға алушы мекемеге өзі жөндеу, әсемдеу жұмыстарын жасайды.

Ақшаны банкке салу

Біріншіден, сіз аз ғана болса да ай сайын депозиттен табыс көре аласыз. Тоқсан сайын, алты айда, бір жылда алатын табыс көбірек болады. Бірінші жағдайда әр ай сайын пайыздарды алу мүмкіндігі бар жинақ шотын таңдаңыз. Ал екінші жағдайда пайыздар ай сайын негізгі салыммен есептелген кезде капиталдандырылатын салымды таңдаңыз. Осы кезде көбірек ақшаға ие боласыз.

Дивидендті акция сатып алу

Бағалы қағаз арқылы біршама қаржы иеленуге болады, бастысы акция сатушыны дұрыс таңдау керек. Алдымен артықшылығы бар акцияларды қарастыру керек: олардың дивиденті әрқашан төлене ме әлде директор шешімімен қабылдана ма? Екіншіден, сіз акциясын алатын компания әлеуетіне баға беріңіз. Перспективалы компания болса, қаржы да үнемі өсіп отырады.

Инвестициялық пай қорына қаржы салу

Бұл қор мүлкінің құнын арттыру мақсатында мамандандырылған мүліктік кешен. ИПҚ мәні – инвестор мамандарға ақшасын сеніп тапсырады , ал олар қаражатты көбейту үшін бар мүмкіндікті жасайды. Алайда бұл жерде 100%-дық кепіл жоқ. Сол себепті сенімді әрі жақсы қорды табу үшін рейтингтерді қарап, ИПҚ туралы барлық мәліметпен танысып алыңыз.

Құрылыс жүріп жатқан үйді сатып алу

Құрылыс кезеңінде және пайдалануға беру кезінде пәтер бағасының айырмашылығы 15-30%-ды құрайды. Тиісінше сіз пәтерді мысалы, 7 миллион теңгеге сатып ала аласыз, ал бірнеше жылдан кейін оны 7,5-ке сата аласыз. Бұл тұрақты әрі айқын емес пассивті кіріс нұсқасы. Алданған үлескер ретінде ақшасыз қалмау үшін сенімді құрылыс жасаушыны таңдау маңызды.

Хоббиді ақшаға айналдыру

Кез келген адамның бойында бір ерекшелік бары сөзсіз. Егер сіз тігін тігу не ұсталық шеберлігіңіз болса, оны дамытуға болады. Әлеуметтік желілерден парақша жүргізіңіз немесе Etsy, «Ярмарка мастеров» сияқты атақты сауда алаңы сайттарына тіркеліп өз туындыңызды жариялаңыз. Міндетті түрде қызығушылық танытатындар табылады. Ал онымен айналысуды қолға алсаңыз, активті табыс көзіне де айналдыруға болады.

Фотоларды сату

Бұл үшін міндетті түрде атақты фотостудиясы бар фотограф болудың қажеті жоқ. Shutterstock, Dreamstime, Depositphotos сияқты фотостоктардың біріне тіркелсеңіз жетеді. Әр сайттың өз тіркелу формасы бар, солардың ішінде өз тематикаңызды тауып алыңыз. Фото түсіріп, сайттың біріне салсаңыз, қолданушылардың сол фотоны сақтап алғаны үшін ақша түсетін болады.

Интеллекттілі өнімдерді ұсыну

Егер білімге жақын адам болсаңыз, соны да тиімді пайдалануға болады. Ақылы түрде дипломдық жұмыс, СӨЖ, курстық жұмыстарды орындап беріңіз не ашық платформалы сайттарға жазбаларыңызды жариялаңыз. Көпшілікке ұнайтын мобильді құрылғыларға қосымша орнатып, ұсыныңыз. Егер видеолекция түрінде вебинар жүргізетін қабілетіңіз болса, онлайн-курс жүргізіп, ақша төлеген клиенттерге үйретіңіз.

Кешбэк

Кэшбек-сервистерін мүмкіндігінше жібермеңіз. Интернет-сауда, «Рахмет» сияқты қосымшалар, т.б. Әрине, сіз бұдан байып кетпейсіз, бірақ сіз өнімді қолданғаныңыз үшін тегіннен ақша алып жатырсыз. Ендеше ол мүмкіндікті неге қолданбасқа?

Актуалдылығын жоғалтқан пассивті табыс түрлері

  1. Желілік маркетинг

Желілік маркетинг өкілдері көп уәде береді. Әрине, ол кезде пайда сізге емес, сіз арқылы түседі. Желілік маркетингке жазылмас бұрын сіз артыңыздан кімді ертетініңізді ұмытпаңыз. Себебі қазіргі таңда желілік маркетингтің актуалдылығы жоғалып, халық арасында сенімсіздік бар. Оны ары қарай дамуы да сізге емес, сізден кейін жазылған адамдарға байланысты болады.

  1. Блог жүргізу

Қазіргі таңда интернет арқылы ақша табу қиын нәрсе. Оны жай ғана хобби ретінде алып жүре алмайсыз. Әрине, бастап көремін десеңіз, контент-жоспар, маркетинг стратегиясы, таргет жұмысын бақылап отыру керек. Онымен қатар бәсекелестікке төтеп беруге дайын болыңыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close