Таным

Лу Пиау өлеңдерінің аудармасы

Қытай поэзиясы

Лу Пиау – Қытай ақыны, 1953 жылы Шаңхайда дүниеге келген. Қытай Жазушылар одағының мүшесі. «Солтүстіктің қары», «Кері ағыс», «Аспанға ұшқан шамдар», «Найзағайдың күңгірі» атты жыр жинақтарының авторы. Лу Пиаудың бір топ өлеңін ақын, драматург Ардақ Нұрғазыұлының аудармасында назарларыңызға ұсынамыз.


СУРЕТ

Тасыр-тасыр етті де
Жаңғақ жатты әйнек столдың бетінде.
Қара қарға мұздың бетін сыза
Төбемнен өтті,
Бұлтты аспаның көгіне сіңді.

Сенбей тұрмын,
Мына дүние өзіммен бірге қирайтынына.
Шытынаған да
Бір минуттың алдындағы сәттің
Қабырғасын сөгіп,
Айдынның айы шағылатынына.

Қалай да суретке түсіріп алғым келеді,
Не болса да
Бір дүние қирап,
Енді біреуі жаңадан жаралып жатса да.

Кенеттен, қара аспаннан қарға тік шаншылып түсті
Мұздың бетіне,
Мен суретке түсіріп үлгірген сәтте
Бәрі бітті.
Мен, қалғанмен аман, мұз жарылып,
Көңілім құлазып кетті.


АРЫСТАН ТАС

Таудай бір арыстан
Қаншырын астына басты.

Қаншырдың астында да
Жатыр тас.

Екі арыстан сүйкенген сәтте
Әлгі тас ән салады.

Тас шықырлап емес,
Қайта ыңырсып жатты.


ЖАБУ

Терезені жауып,
Есікті бекіткеніңмен,
Бәрібір көктемнің лебін тоса алмайсың.
Жасыл жапырақ
Майда шуаққа үн қосады,
Құс баласы аспанда әнге басады.

Менің ешкімге залал жеткізгім келмейді,
Шырын сорған көбелек пен
Тіміріскілеген итке де.

Дүниенің кеңдігіне бәрі сиғанда,
Мен де өзімнің ішкі әлеміме
Сиғым келеді.

Менің ұшқым да,
Секіргім де,
Тіпті, қозғалғым жоқ.

Өзімнің ішімде
Өзімнің ұям,
Жұмыртқадай әлемімде жатқым келеді.


ЖАРТЫ-АҚ САҒАН

Тибет үстіртінде саған берілетін уақыт
Жарты-ақ сағат.

Аналар
Береді
Жарты-ақ сағат.

Қасқырға да,
Аюға да,
Қарға мен
Сауысқанға беретін уақыт та тек жарты-ақ сағат.

Жаңа туған еліктің лағы
Сөзсіз жарты сағатта аяқтануы керек.

Аяқтана салып,
Енесіне еріп желе жортып,
500 километрды артқа тастауға тиіс,
Мынау сырлы дүниеге ол осылай бауыр басуға міндетті.

Тибет үстірті
Жұмбақ,
Бәрі жарты сағатқа байланған ғажап өлке.


КИІМ

Төсекте жатыр,
Жерде жатыр
Шашылып.

Мен тұрып:
Қайсысы сенікі,
Қайсысы менікі, дедім.

Ол тұрып:
Сиғаны сенікі,
Симағаны менікі.

Осылай болды,
Сұрай беріп қайтесің, деді.


Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close