Таным

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің ұтымды және осал тұстары

Туынды жас қазақ мемлекетінің тұс-тұсынан талаған сыртқы жаулармен арпалысын баяндайды

«Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинодастанының жалғасы «Алтын тақ» фильмін көрермен назарына ұсынды. Туынды жас қазақ мемлекетінің тұс-тұсынан талаған сыртқы жаулармен арпалысын баяндайды. Қазақ хандары Керей мен Жәнібек өздеріне тиеслі «Ақ Орда» ұлысы мен астанасы Сығанақты қайтару жолында күрес жүргізеді. Оларға Бұрындық пен Қасым сұлтандар, абыз Асан қайғы мен Қобыланды сынды батырлар көмектеседі. Balbal порталының тілшілері фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін оның ұтымды және осал тұстарына тоқталуды жөн санап отыр. 

Актерлық құрам мен кейіпкерлер. Фильмнің кейіпкерлері бірінші бөліммен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Сондықтан, актерлық құрам да толықтай дерлік сол қалпы.

  • «Алтын тақта» жас сұлтандар Бұрындық, Қасым мен Шах-Мұхаммедтің образдарына көп мән берілген. Оларды сомдаған Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин мен Ниязбек Шайсұлтановтар алдыңғы фильмнен жақсы тәжірибе жинағаны көрініп тұр — өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара алған. Ал, Қайрат Кемалов, Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров сынды өнер майталмандарының ойыны, тіпті, күмән тудырмайды.
  • Арман Асенов, Іңкәр Әбдіраш пен Қарлығаш Мұхамеджановалар өз рөлдерін дұрыс алып шыға алмаған. Бұл, бәлкім, тек актерлардың емес, режиссердің де қателігінен болар. Өйткені, осы актерлар сомдайтын кейіпкерлер толық ашылмаған. Туындыдағы Қобыландыдан бұрынғы батырлардың мінезін, Қанықтан сол замандағы қазақ қызының тәкаппарлығын, Рәбия Сұлтан бегімнен ханшаның болмысын көре алмайсың.

Локация. Фильм еліміздің бірнеше өңірінде түсірілген. Сол себепті, туындыдағы нысандардың әралуандығын байқамау мүмкін емес.

  • Түсірілімге арналған жерлер жақсы таңдалған. Көз сүйсіндірер табиғат, көне қалалар бір-бірімен әдемі үйлесіп, көрерменнің ішін пыстырмай сол заманның атмосферасына елітіп әкетеді. Локациялардың әсемдігінен кадрлар да сәтті шыққан. Әсіресе, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сығанақтағы хан сарайы, Қазақ сұлтандарының ордасы көрсетілетін сахналар ұтымды.
  • Дегенмен, локацияның әралуандылығының кемшіліктері де болады екен. Түсірілімдер жылдың әр мезгілінде өткендігі фильмдегі сахналар ауысқанда қатты байқалады. Мысалы, қалың шөп өскен Қазақ ордасынан шыққан Бұрындық пен Қасым жер әлі көктеп үлгермеген ерте көктемге ұқсас мезгілде (бәлкім күздің аяғы болар) жоңғар жасағына тап болады да, артынша алма ағашы гүлдейтін уақытта Алмалыққа жетеді. Сондай-ақ, режиссер табиғаттың сұлулығын көрсетуге шектен тыс ұмтылып, шығармашылық ашкөздікке ұшыраған сияқты.

Суретшілер жұмысы мен көпшілік көрініс туралы бірер сөз.

  • Туындыдағы суретшілердің жұмысына жақсы баға беруге болады. Кейіпкерлер киген киімнің өзі талғаммен таңдалғаны байқалады. Хандардың шапаны, батырлардың сауыт-сайманы, олар мінген жылқылардың әбзелдері, түрлі сахналарда қолданылған реквизиттер ізденіс пен еңбектің нәтижесі екені көрініп тұр.
  • Алайда, фильмде ауқым жоқ. Жоғарыда айтылған әдемі локация мен суретшілердің еңбегін көпшілік көріністердегі адам санының аздығы құртып тұр. Соның кесірінен екі хандықтың шешуші шайқасы екі ауыл жігіттерінің төбелесіне көбірек ұқсап қалған. Ал, Сығанақтағы халық көтерілісі айыр мен таяқ ұстаған жиырма шақты адам, оларды тоқтатуға тырысқан бес-алты сарбазды көрсетумен шектелген. Жәнібекті хан етіп көтергенде бір қатармен шаршы жасап тұрған халықты көріп, бәлкім, фильмді орыс тіліне дубляждауға кеткен ақшаны дәл осы сахнадағы халықты көбейту үшін жұмсағанда, басқа сәттердегі елдің аздығы байқалмай кетер ме еді деген ойға келесің.

Бұл екі сағатқа созылатын фильмге жасалған қысқаша шолу ғана. Қалғанын көрермен өзі  көріп, өзі бағалаған жөн болар. 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close