Таным

Клиенттің 8 типі. Кіммен қалай сөйлесеміз?

Клиенттің типтерімен танысыңыз

Клиенттің типтерін білу маңызды. Сол арқылы сіз алдыңызда кім тұрғанын анықтай аласыз. Balbal.kz мотивациялық сайт жиі кездесетін клиент түрі мен олармен дұрыс сөйлесу жолдарын ұсынады.

«Таңдай алмай тұрмын»

Мұндай типтегі клиенттер өздеріне не керегін біледі. Олар бағалар мен тауар түрлерін өзге дүкендермен салыстырып жүреді. Сол себепті оларға көмек беріңіз.

Не істеу керек?

Ол затты қандай бағаға іздеп жүргенін біліңіз.

Баға саясатын түсіндіріп, неге қымбат екенін, қымбат заттың артықшылығын түсіндіріңіз.

Шектеулі уақытты қамтитын тиімді ұсыныс жасаңыз.

Жеңілдік немесе тиімді ұсынысқа ие болу үшін не істеу керегін түсіндіріңіз.

«Мен жай қарап жүрмін»

Клиентке ештеңе керек емес, жай қарауға келген. Ал әр тауарды бақылап жүрсе, демек қызығушылығы бар. Онымен тілдесуге тырысыңыз.

Не істеу керек?

Диалогқа тартыңыз.

Барынша оның қажеттілігін анықтаңыз. Мүмкін оған жеке ұсыныс тастай аласыз.

Ерекше сатып алу шарттарын ұсыныңыз (несиеге алу, бөліп төлеу, жеңілдіктер)

Байланыс нөмірін алып қалыңыз. Клиент бүгін сауда жасамаса да, жақсы әсер қалдырсаңыз, қайтып келуі мүмкін. Байланыс нөміріне дүкенде болып жатқан жеңілдіктер, жаңа тауарларды хабарлап отырасыз.

«Мен бәрін білем»

Өз айтқанынан қайтпайды, әр нәрсеге күдікпен қарайды. Олар жиі жанжалдасады.

Не істеу керек?

Клиентті мұқият тыңдаңыз.

Өз позицияңызды қорғайтын факт келтіріп, жауап қайтарыңыз. Эксперттер ойы, статистика, т.б.

Өзіңізді позитивті ұстап, сабырлы кейіппен сөйлеңіз.

Әңгімешіл клиент

Клиент тым ашық, көп сөйлейді, өз эмоциясын жасырмайды. Олар тым сенгіш келеді, бірақ уақытыңызды алады.

Не істеу керек?

Клиент басқа нәрсеге алаңдап, соны талқылап кетсе, тақырыпқа оралыңыз.

Иә/жоққа негізделген жабық сұрақ қойыңыз.

Сөзін бөлуге қысылмаңыз, тек позитивті дауыс ырғағымен сөйлеңіз.

Интроверт

Ұялшақ, көмек сұрамай, өзі жүреді, сұраққа сұрақпен жауап береді. Байланыс орнату қиын.

Не істеу керек?

Тек иә/жоқ дейтін емес, ашық сұрақтар қойыңыз.

Тез сөйлемеңіз, жауап беру үшін пауза жасап отырыңыз.

Көп сөйлемесе де, оған қызмет түрі не тауардың толық сипаттамасы мен артықшылықтарын түсіндіруге ерінбеңіз.

Тым көп сөйлеп, қысым жасамаңыз, клиентке ойлануға мүмкіндік беріңіз.

«Мен қазір сұрап көрейін»

Бұл көбіне коропорация не компания қызметкерлеріне тән. Олар бір тауарды не қызмет түрін қолдану үшін бірнеше адамның рұқсатын күтеді. Анасы және құрбыларының жағымды пікірін күтетін клиенттерді де осы типке жатқызуға болады.

Не істеу керек?

Сізбен тек бір адам сөйлесу керек. Келген клиенттің өз пікірін біліп алуға ұмтылыңыз.

Сіздің жай сатушы емес, оған расымен жанашыр көмекші екеніңізді көрсетіңіз.

Телефон артындағы тапсырыс берушілердің қалауын қандай екенін сұраңыз.

«Не аларымды білмей тұрмын»

Мазасыз әрі күдіктенгіш клиент. Өз таңдауына сенімсіздік танытады. Шешім қабылдау қиын.

Не істеу керек?

Сабырлық танытып, өз позицияңызда нық болыңыз. Клиентті жалғыз тастамаңыз.

Клиенттің барлық наразылығын ескеріп, басқа нұсқаны ұсыныңыз.

Қазір және дәл осы жерде жасаған сауданың артықшылығын атап өтіңіз. Неден ұтатынын білу керек.

Жазбаша келіссөз жасаңыз. Тауарды қайта тапсыруға болмайтынын ескертіңіз.

Дөрекі

Дау тудыруға бейім, тез ашуланады, шыдамсыз. Кез-келген нәрсеге агрессия танытады. Өзгенің пікірін елемейді.

Не істеу керек?

Клиентті тыңдаңыз.

Дөрекі не ауыр сөздерін өзіңізге қабылдамауға тырысыңыз.

Келісімге қол жеткізуге болатын ортақ мүдделерге назар аударыңыз.

Нақты дәлелмен сөйлеңіз. Ойыңыз шашыраңқы болмасын.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close