Таным

Мастермайнд тобына қосылудың пайдасы

Мастермайнд тобы деген не?

Мастермайнд деген ұғымды ағылшын тілінен аударсақ, «ұйымдастырушы, жетекші, шабыттандырушы тұлға» деген аударма аламыз. Сіз енді ісін бастаған стартапер не кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкер болсаңыз, сізге жан-жақты қолдау қажет болады. Қолдау деп отырғанымыз айтқаныңызды бірден түсінетін, ақыл-кеңесін аямайтын адамдар. Енді көз алдыңызға, өзіңіз сияқты жалындап тұрған, жетістікке жеткісі келетін ниеттес адамдарды елестетіңізші. Міне, белгілі бір мақсат үшін басы біріккен мүдделестерді мастермайнд тобынан кездестіре аласыз.

Мастермайнд тобына қанша адам мүше болады?

5-7 адам жеткілікті дейді мастермайнд тобын ұйымдастырушылар. Бұдан аз болса, қысқа ғана уақыт ішінде шабыттан айырылып, шаршап қалу қаупі бар. Ал егер жетеуден көп болса, жиын уақыты созылып, жұмыс өнімділігі азайып, бейберекетсіздік орнауы тағы ықтимал.

Мастермайнд тобының жиналыстарына анда-санда белгілі бір сала бойынша нақты жауап/кеңес бере алатын эксперт мамандарды шақырып тұруға болады. Дегенмен бір-біріне тұрақты түрде көмек беретін, бір-бірінен білгенін аямай бөлісетін мақсаттары бір адамдар ғана топтың негізгі мүшелері болып табылады. Мастермайнд тобына қосылған кез келген адам сарқылмас шабыт пен ерік-жігерден басқа мол пайдаға кенеледі.

Жаңа идеялар

Мастермайнд тобының әр мүшесі бір-бірінің кәсібін өрге домалату үшін пайдасын тигізуі мүмкін жаңа идеяларды ұсынып отырады. Мысалы, бір қатысушы орнынан тұрып өз жобасына қатысты орын алған мәселесімен бөліседі немесе қандай мақсаттарға қол жеткізгісі келетіндігін ашық айтады. Сол кезде топ мүшелері кезек-кезек бойынша идеялар мен ұсыныстар жасайды. Ең қызығы, кейде сұрақ қоюшы осындай талқылаулар кезінде өз мәселенің шешімін өзі оңай табады.

Жаңа дем

Сіз бір жобаны қолға алып, оны іске асырып жатырсыз. Алайда сырт көз сыншы екенін жақсы білесіз. Өз кемшілігіңізді өзіңіз байқаған жүрген болуыңыз ғажап емес. Сондай кезде топ мүшелерінен көмек сұрайсыз. Олар жобаңызды талқылап, артықшылығы мен кемшілігін тізіп береді.

Ресурс алмасу

Мастермайнд тобына қосылудың артықшылығы – топ мүшелері білгендерімен, түйгендерімен, тәжірибелерімен, қажет телефон нөмірлерімен, қызмет түрлерімен алмасып отырады.

Берекелі орта және нетворкинг

Робин Шарма былай депті кезінде: «Алдағы 10 жылдағы барың да нарың да екі дүниеге тікелей қатысты болады: көз майыңды тауысып оқитын кітаптарың және әңгіме-дүкен құрып, араласатын ортаң».

Мастермайнд топта кілең мықты әрі белсенді адамдар бас қосқандықтан бір-біріне шабыт беретін позитивті орта қалыптасады. Соның арқасында әркім жеке дами отырып, өзгелерге де әсер етеді.

Тегін жарнамашы

Топтағы 5-6 адам сіздің өніміңізді/компанияңызды жүрген жерінде ауызға алып, тегін жарнамалық қызмет көрсетеді. Сіз де өз кезегіңізде уақыт өте келе топтағы әріптестеріңіз үшін тақымыңызды қысып отыратын боласыз.

Мастермайнд тобының ережелері

Кездесулер онлайн не оффлайн форматта болуы мүмкін. Әдетте екі сағатқа созылып жатады. Мастермайнд тобы өз жұмысын бастамас бұрын мүше болғысы келген әр адам өзін 2-3 минутта таныстырып шығуы міндет. Маңыздысы – бұл топқа не үшін қосылғандығын, қандай мақсат қуалайтынын, қандай қарым-қабілетке ие екендігін айтып шығуы қажет.

Сонымен қатар мүшелікке өту арқылы ережеге сай іс-әрекет етуге іштей дайын болуы шарт.

Құпиялылық

Топ ішінде айтылатын ақпаратқа/дерекке/идеяға барынша сақ болған жөн. Оны рұқсатсыз жар салуға тыйым салынады.

 Дайындық

Топ кездесуіне аттанбас бұрын 15-20 минутыңызды ой жұмысына арнаңыз. Сізді қандай мәселелер мазалайтынын, қандай идеяларды жүзеге асырғыңыз келетіндігін, әріптестеріңізге қандай ұсыныс айта алатыныңызды қағазға түртіп алыңыз. Әрбір жиынға жауапкершілікпен қараңыз.

Сынға орын жоқ

Мастермайнд тобының ең негізгі ережесі – бос қосу барысында ұсынылатын идеяның жүзеге асырылуы мүмкін еместігін меңзеп, сын айтуға, бірден мінін тізбектеуге қатаң тыйым салынады. Бастапқыда «ақымақ идея» болып көрінген болмашы идея жетістікке бастауы ғажап емес.

Қатаң тайминг

Жұмыс өнімді болуы үшін топтағылардың біреуі уақытты қадағалауды өз мойнына алуы тиіс. Әрбір талқылауға қанша минут кететіндігін шешіп, сол уақыт шеңберінен асып кетпеуін қадағалағаны абзал.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close