Таным

Пікірсайыс тарихы және оның заманауи түрлері

Пікірсайыс түрлері

Пікірсайыс – белгілі ереже бойынша қарсы тараптың өз позициясын қорғап, көпшілік алдында сөйлеуі. Ол ораторлық қабілет пен ойлау жүйесін дамытады. Balbal.kz мотивациялық сайты пікірсайыс түрлері, тарихы және маңыздылығы туралы материал дайындады.

Пікірсайыс деген не?

Пікірсайыс немесе дебат грек тілінен «оқимын», ал француз тілінен «талқылау» деген мағынаны білдіреді. Дебат – аргумент арқылы жеңу. Онда қарсы тараптар қоғамды өз сөзіне сендіруі керек. Пікірсайыста маңыздысы – аргумент, бірақ әр түрлі риторикалық әдістер, аудиториямен жұмыс жасау қабілеті ескеріледі. Ол – шешендік өнердің бір түрі, риториканың бір бөлігі. Демократиялы елдерде президент сайлауы пікірсайыс арқылы өтеді.

Пікірсайыс тарихы

Пікірсайыс тарихы ежелгі Грекиядан бастау алады. Афина азаматтары әртүрлі заңдардың артықшылығы мен кемшілігі туралы пікір таластырды. Мұндай даулы мәселені жан-жақты талдауға мүмкіндік берді.

Ежелгі Римде риторика деп аталатын мектептер болды, онда шешендік өнер оқытылды. Риторикалық мектептер беделді болды, ал риторика мектебінің мұғалімдері ең көп жалақы алатын болды.

Көпшілік алдында сөйлеу курстары мен пікірталастар орта ғасырларда Еуропада кең таралған. Бұл дәстүр кейінірек Ресейдің білім беру жүйесінде дамыды.

1999 жылы «Пікірсайыс» Халықаралық білім беру қауымдастығы (IDEA) тіркелді. Оған әлемнің 26 мемлекеті кірді.

Жыл сайын халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұрады, оған 5 құрлықтан ондаған елдердің клубтары қатысады.

Пікірсайыстың саясаттағы орны

Пікірсайыс саясаттағы мәселелерді шешуге үлесін қосқан. 1858 жылы АҚШ тарихында «Ұлы дебат» өтті. Бұл Республика партиясының мүшесі Авраам Линкольн мен Демократиялық партия басшысы Стивен Дуглас арасында болды. Екеуінің арасындағы мәселе – қара нәсілділердің теңдігі, АҚШ-тағы құлдық жүйе. Нәтижесінде қара нәсілділердің құқығын қорғаған Линкольн жеңіп, Сенат басшысы болады.

Ресей тарихында алғашқы саяси пікірсайыс 1989 жылы Ленинград қалалық кеңесін сайлау кезінде өтті. Алайда Ельцин билікке келген соң пікірсайыс өткізуден бас тартты. Содан бері Ресейде сайлау пікірсайыс түрінде өтпейді.

Америка Құрама Штаттарындағы пікірталас 1960 жылы президенттік сайлау кезінде Джон Кеннеди мен Ричард Никсон арасындағы алғашқы теледидарлық пікірсайыстан кейін күшейді.

2019 жылы Қазақстанда алғаш рет сайлау алдында теледидарлық пікірсайыс өтті.

Пікірсайыс түрлері

Пікірсайыс адам санына, қарсы топ санына және ережеге байланысты бірнеше түрі болады. Әр форматтың өзіне ғана тән ерекшелігі бар: уақыты, қарсылық түрі, т.б. Карл Поппер форматы, америкалық парламенттік, британдық парламенттік, Линкольн-Дуглас және Президент-Демократтық формат деп бөлінеді.

Карл Поппер форматы

Карл Поппер форматы – ең қарапайым пікірсайыс түрі, әдетте оқушылар арасында ойнатылады. Онда жақтаушы және даттаушы деген екі тарап болады. Ал әр топта 3 адамнан құралады. Әр спикер өз қызметін атқарып, топтың жеңіп шығуына теңдей үлес қосу керек.

Америкалық парламенттік формат

АПФ – әлем бойынша ең атақты әрі қызықты формат. Онда үкімет және оппозиция тарапы болады. Үкімет тобында премьер-министр және спикер, ал оппозиция тобында лидер және спикер болады. Бұл ойын түрінде аргумент және оның маңыздылығы есепке алынады.

Линкольн-Дуглас және Президент-демократтық

Бұл екі форматтың ерекшелігі – топ болып емес, жеке бір адамның өз позициясын қорғауы. Мұнда ойын тақырыбы 15 минут бұрын беріледі. Сол себепті тақырыптар оңай. Екі тараптың логикасы мен сөйлеу өнері бағаланады.

Британдық парламенттік формат

БПФ – пікірсайыстың ең күрделі түрі. Онда төрт топ жарысқа түседі, әрқайсысында екі адамнан болады. Ашушы үкімет және оппозиция, жабушы үкімет және оппозиция болады. Ойында саяси тақырыптар қойылады, әдетте дәлелденуіне аса мән беріледі.

Пікірсайысшы кейсі

Сіздің айтатын нәрсеңіз көп болары сөзсіз, бірақ сізге тек 8 минут беріледі. Сол үшін әр пікірсайысшының кейсі болу керек. Сөзіңізді ұмытып қалмай, арасында қарай аласыз. Ең маңызды нәрсені айтасыз. Кейс қалай құрылады:

  1. Амандасу

Мәдениеттілігіңізді көрсетіп, амандасуды ұмытпаңыз. Ойында көрермендер, төрешілермен жұмыс маңызды, қарсы тарапқа да сыйластық танытыңыз.

  1. Қарар

Тақырып атауы. Аудиториядағылар тақырып атауын және сіздің қандай позицияда екеніңізді білу керек.

  1. Дефиниция

Кілт сөздер. Тақырыптағы маңызды немесе түсініксіз сөздерге анықтама беру.

  1. Status Quo

Қалыптасқан жағдай қандай? Талқыға түсіп жатқан тақырып бойынша қандай жағдай болып жатыр? Статистикалық мәлімет, факт келтіресіз.

  1. Қарар өзектілігі

Мұны пікірсайысшылар «дебат тақырыбы» деп атайды. Осы тақырып бойынша талқыланатын мәселелер, ортақ шешілуі керек дүние.

  1. Аргумент

Бұл – пікірсайысшының басты қаруы. Аргументтің мықтылығы сізді жеңіске апарады. Аргумент саны бірнеше болу мүмкін. Бірақ 3-тен кем болмау керек. Аргумент төрт бөліктен тұрады:

Тезис (аргумент атауы)

Дәлелденуі

Қолдау (факт, статистика, мысал)

Қорытынды (аргумент нәтижесі)

  1. Философия

Айту аса маңызды емес. Бірақ сөзіңіз өтімді болу үшін қолданған жөн.

  1. Қорытынды

Сіздің сөзіңіздің соңы, мәселені шешу, қоштасу.

Сөйлеу барысында қарсыластар сізге сұрақ қоя алады.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!