МәдениетТаным

«Робинзонада» бағытында түсірілген фильмдер

Кино әлеміндегі Робинзон Крузолар

Әдебиет пен кинематографияда бір немесе бірнеше адамның белгілі бір себептермен елсіз мекенге тап болып, аман қалу үшін басына түскен барлық қиындықты жеңуін сипаттайтын жанр бар. Ол жанрдың пайда болуына Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» романы әсер еткен. Атауы да сол романмен үндес — «робинзонада» деп қойылған. «Робинзонадалардың» кейіпкерлеріне ортақ бір қасиет — олар қарлы боранға, алапат дауылға, аптап ыстыққа қарамастан дегендеріне ұмтылып, аман қалуға тырысады. Назарларыңызға осы жанрда түсірілген үздік 5 фильмді ұсынамыз. Әлбетте, бәрінің бастауы саналатын «Робинзон Крузо» фильмі бұл тізімде жоқ.

«127 сағат» («127 Hours»), 2010 жыл 

Сценарий: Дэнни Бойл, Саймон Бофой 
Режиссер: Дэнни Бойл 
Басты рөлде: Джеймс Франко 
Ұзақтығы: 97 минут 

Бұл фильм шын өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. Оның басты кейіпкері альпинист Арон Ралстон өзінің кезекті сапары кезінде абайсызда жартастың жарығына түсіп кетеді. Жағдайды жігіттің қолын қысып қалған 300 кг-дық тас қиындатады. Ол жартас арасында 6 күн жатады. Ақыры өз қолын өзі кесіп, сыртқа шығады. Туынды кейіпкердің табандылығы мен қайсарлығын көрсетеді. Сондай- ақ, қайда барсаң да жақындарыңа ескертіп, қауіпсіздік шараларын ұмытпау керектігін еске салады.

«Пидің өмірі» («Life of Pi»), 2012 жыл 

Сценарий: Янн Мартел, Дэвид Мэги 
Режиссер: Энг Ли 
Басты рөлде: Сурадж Шарма 
Ұзақтығы: 127 минут 

Пи — зообақ иесінің ұлы. Тағдырдың тәлкегімен оның ата-анасы елінен кетуге мәжбүр болады. Олар жаңа үйге өздері ғана көшпей, зообақта тіршілік ететін жануарларды да апаруды жоспарлайды. Бірақ Үндістаннан Канадаға барар жолда Пидің отбасы мінген кеме дауылға тап болып, дүрбелеңде теңізшілер Пиді құтқармақ ниетпен қайыққа отырғызып жібереді. Қайықта одан бөлек гиена, зебра, орангутан мен жолбарыс бар болып шығады. Жануарлар өзара алысып, қайықта ең соңында жолбарыс пен Пи ғана қалады. Жыртқышпен жалғыз қалған бозбала шексіз мұхиттағы тіршілік үшін күресі осы сәттен басталады.

«Шал», 2012 жыл 

Сценарий: Ермек Тұрсынов 
Режиссер: Ермек Тұрсынов 
Басты рөлде: Ерболат Тоғызақов 
Ұзақтығы: 102 минут 

Қасым қария келіні мен немересімен бірге алыстағы қыстақтардың бірінде тұрады. Аз ғана қойы бар ол күнделікті тіршілігін істеп күн көріп жүрген шаруалардың қатарынан. Көктем келер шақта Қасымның үйіне аңшылар келіп, одан қасқыр мекен ететін аймаққа жол көрсетуін сұрайды. Дала тағысы бұл уақытта күшіктейтінін ескерткен қария оларға көмектескісі келмейді. Аңшылар кетеді, артынша қария үйіндегі қойын ажайылымға айдамақ болып, жолға шығады. Бірақ сол күні даланы тұман басып, ол діттеген жеріне жете алмай адасып кетеді. Өмір бойы кезіп жүрген далада адасқанына Қасым алғашында қатты таңырқайды. Кейіннен бұл көктен түскен сынақ екенін түсінеді.

Айта кетерлігі, режиссер Ермек Тұрсыновтың «Жат» деген фильмі де «робинзонада» жанрына жақын. Алайда, ол туындының кейіпкері қоғамнан өз еркімен алыстайды және аратұра адамдар әлемімен байланыста болады.

«Марстық» («The Martian»), 2015 жыл 

Сценарий: Энди Уир, Дрю Годдард 
Режиссер: Ридли Скотт 
Басты рөлде: Мэтт Деймон 
Ұзақтығы: 142 минут 

Бұл фильм ғарыштық деңгейдегі «робинзонадалар» қатарынан. Туындыда елсіз аралда емес, тіршіліксіз планетада жалғыз қалған астронавт Марк Уотнидің оқиғасы баяндалады. Зерттеу тобымен бірге Марста қызметін атқарып, Жерге қайтар кезде келеңсіз жағдайдан кейін «Қызыл планетада» қалып қойған Марк Уотни нағыз шытырманға тап болады. Ауасы жоқ, суы жоқ ғаламшарда аман қалу үшіін оған ғылыми тұжырымдарды еске түсіріп қана қоймай, тапқырлық танытуға да тура келеді.

«Альфа» («Alpha»), 2018 жыл 

Сценарий: Дэн Уиденхаупт, Альберт Хьюз, Эндрю Рона 
Режиссер: Альберт Хьюз 
Басты рөлде: Коди Смит-МакФи 
Ұзақтығы: 96 минут 

Бұл туынды осыдан 20 мың жыл бұрын болған оқиғаны баяндайды. Ежелгі тайпаның көсемі кезекті аңшылыққа өзінің ер жеткен ұлы Кедті ертіп шығады. Сапар ұзақ болады. Аңшылар бизондар жайылып жүрген аймаққа жетеді. Аңшылық кезінде Кед алып бұқаның шабуылына ұшырайды да құздан құлап, ауыр жарақат алады. Адам аяғы жетпейтін жартаста ес-түссіз жатқан оны тайпаның басқа мүшелері өлдіге санап, сол жерде қалдырып кетеді. Кед тек бірнеше күннен кейін ғана оянады. Аяғы сынған, әбден әлсіреген ол шатқалдан аман-есен шығып, үйіне барар жолды табуы тиіс.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close