Таным

Вендинг дегеніміз не?

Вендинг автоматтарының артықшылықтары мен кемшіліктері

Вендинг дегеніміз не? Оны күнделікті өмірде жиі байқап жүрсіз, тіпті заманауи құрылғының қызметін пайдаланып та көрген боларсыз? Вендинг ұғымын қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, автоматтандырылған жүйелер арқылы тауарлар мен қызметтерді сату деген мағынаны білдіреді (vending ағылшынның vend — сату (автоматтар арқылы). Яғни, тауарлар мен қызметтер адамның қатысуынсыз сатылады.

Таңданбаңыз, мұның барлығы 21-ғасырдың кереметі. Вендинг аппараттары – заманауи саудаға арналған құрал.

Вендингтердің ең танымал нұсқалары – пластикалық шыныаяқтар мен кофе сататын сауда автоматтары. Бүгінгі таңда аталған автоматтардың түрі өте көп. Автоматтар Инстаграм аккаунтыңыздағы жеке парақшаңызда салынған суреттерді шығарып береді, автоматтар жылдам әрі дәмді пицца әзірлейді, тіпті автоматтар көлігіңізді жайғастыруға жайлы тұрақты да тауып беріп жатқан жоқ па? Сол себепті вендинг автоматтарының қандай түрлері бар екенін төменде баяндайтын боламыз.

Ал әзірге, қызықты ақпарат – ең алғашқы вендинг автоматтары біздің ғасырымыздан бұрын пайда болған.

Вендинг қашан пайда болды?

Археологтар Вендинг автоматтарын ежелгі Римнен тапқан.  Иә, таңданбаңыз, бұл шындық! Өйткені ежелгі Римде бір тиынға аз мөлшерде таза су құйып беретін қарапайым механизмдер болған. Әлбетте, қазіргі сіз бен біз көріп жүрген компьютерленген аппараттармен салыстырғанда аралары жер мен көктей. Бірақ ең алғашқы вендингтердің тарихы сол кезеңдерден бастау алады.

Өткеннің еншісіндегі қызықты фактілер

17-ғасырда Англияның мейрамханаларында шылым шегетін түтікшені темекіге толтыратын механикалық машиналар орнатыла бастады.

Тағы да Англияда бір ғасыр өткеннен кейін суды газбен толтыратын құрылғыларды ойлап тапты. Содан бастап вендингтің даму тарихы нығая түсті. Өйткені біраз жылдар өткеннен кейін газдалған су құйып беретін автоматтар пайда болды. Және олар біздің қазіргі автоматтарға ұқсай бастады. Ұлыбританияны вендинг индустриясындағы «идеялар қоймасы» деп атауымызға толық негіз бар. Дәл осы елде 1888 ақшаға сағыз беретін алғашқы аппарат іске қосылды.

Содан кейін вендингті дамытуды АҚШ өз қолына алды. Вендингтердің жаңа форматтары пайда бола бастады. Автоматтар газды сусындар мен сағыз берумен ғана шектеліп қалған жоқ, басқа да тауар түрлерін ұсынатын дәрежеге жетті.

Вендинг автоматтарының қандай түрлері бар?

Вендинг автоматтарын бірнеше негізгі категорияларға бөлуге болады:

  • Ыстық сусындарды сататын автоматтар (кофе);
  • Тағамдарды сататын автоматтар (шоколадтар, бутербродтар, чипсылар);
  • Сода, коктейльдер, шырындар мен квас сататын автоматтар;
  • Су сататын автоматтар. Аквадинг;
  • Тамақ сататын автоматтар (дайын таңғы, түскі, кешкі ас);
  • Азық-түлік емес тауарларды сату автоматтары (ойыншықтар, парфюмерия, шаруашылық тауарлары).
Вендинг автоматтарында бизнесті қалай бастауға болады?

Вендинг автоматтарын орнатып,  кәсіп ашудың артықшылықтары:

  • Өндірудің қажеті жоқ;
  • Дүкен ашуды қажет етпейді;
  • Ғимаратты жалға алу үшін көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ, ең көбі – екі шаршы метр жерді жалға аласыз;
  • Қызметкерлерді жалдап, айлық төлемейсіз;
  • Күні бойы бақылауды талап етпейді;
  • Орнатылған аппараттар санына байланысты кәсіпті дамытуға болады;
  • Қосымша кәсіп ретінде қатар алып жүруге болады.

Вендинг автоматтарын орнатып,  кәсіп ашудың кемшіліктері:

  • Кәсіптің таза пайдаға шығу мерзімі ұзақ;
  • Автоматтарды көптеп орнатқаннан кейін ғана үлкен пайдаға қол жеткізуге болады;
  • Техникалық қызмет көрсетуді және мерзімді жөндеуді қажет етеді;
  • Бәсекелестік көп.
Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close