Таным

Жалқаулықты жеңудің 10 тәсілі

Жалқаулықты жеңудің тәсілдері қалай жұмыс істейді?

Жалқаулықты жеңудің тәсілдерін іздеп, мақаланы оқуға кіріссеңіз, құттықтаймыз! Сіз өз мақсатыңызға жетуге бір қадам жақынсыз. 

Бүгінгі өркениет біздің өмірімізді жеңілдетуге арналған көптеген құралдардыойлап тапты. Бұл бір шетінен жақсы да шығар! Өйткені, қазір бар күшімізді маңызды істерге бағыттай аламыз. Мысалы, ғарышты игеру, ғылымға ден қою, өз мүмкіндіктерімізді анықтау. Бірақ оның орнына адамдар көп жағдайда жатып алып, қолындағы смартфонға телміруді таңдайды. Бұның барлығы «жалқаулық» деген жауымыздан келетін кесапат. А сол жалқаулықты қалай жеңуге болады? Сіздердің назарларыңызға осы тақырыптың аясында 10 тиімді тәсілді ұсынатын боламыз.

1. Жалқаулықты жеңуге болады, бірақ ерінеміз

Иә, ерінетініміз рас. Жалқаулық әрқайсымыздың бойымызда бар. Еріншектің ертеңі бітпестің кейпінен арылу үшін мына бір қарапайым тәсілді пайдалануды ұсынамыз. Бөлменің қақ ортасына барып тұрыңыз және ештеңе істемеңіз, қозғалмаңыз. Тіпті, су ішуге, ас ішуге болмайды. Кітап та оқымаңыз, бел жазып алуды ойламаңыз. Музыка тыңдаймын деп әуреленбеңіз, ештеңе ойламаңыз. Сіздің шыдамыңыз қанша уақытқа дейін жететінін байқап көрелік. Шындығын айтайық, 10 минут өтер-өтпестен жатып, жалығып кетесіз. Және бірден іске кірісеріңізге 100 пайыз кепілдік береміз.

2. Бес минут ережесі

Күні бойы жұмыс істегенге қарағанда, 5 минут еңбектенген анағұрлым жақсы. Сол себепті ең маңызды, бірақ бастауға ерініп жүрген ісіңізге 5 минутыңызды арнап көріңіз. Ары қарай сізді тоқтату мүмкін емес болады.

3. Көлемді істерді бөлшектерге бөліңіз

Бұл тәсіл алдыңғы тәсілге өте ұқсас. Бірақ бұл жерде сіз жүйелі түрде кезеңдерге бөлесіз. Бұл әдісті кітап, ғылыми мақалалар жазғанда пайдаланады. Өйткені оның көмегінсіз жазу да, оқу да оңай болмас еді.

4. Күнделікті жалықтыратын істерді өзгертіңіз

Жұмысыңыздағы бірқалыпты тірлікке өзгеріс енгізіңіз. Мысалы, жұмыс арасында музыка тыңдауға, көңілді ойындар ойнауға, жаттығу жасауға болады.

5. Таңертеңнен бастап іспен айналысыңыз

Көптеген адамдар жұмысқа тек кешке кіріскенді жөн көреді. Тіпті кешке істеген жұмысым жақсы болады деп ақталатындар бар. Шын мәнінде, өзіңізді таңертең ерте тұрып жұмысқа кірісуді үйретсеңіз, көп іске үлгересіз және өзіңізді сергек сезінетін боласыз.

6. Өзіңізді марапаттаңыз

Жалқау және еңбекқор – екеуі екі бөлек әлем. Алайда әрдайым дәл ортасын тауып, белгілі бір межені ұстап отырған жөн. Егер сізді ұзақ әрі ауыр жұмыс күтіп тұрса, өзіңізді серуендеумен, тәттілермен және бір шыныаяқ кофемен марапаттаңыз. Сол кезде сіздің миыңыз саналы түрде жұмыс істеудің оңай әрі қызықты екенін қабылдай бастайды.

7. Ертеңге қалдырмаңыз

Біздің ертеңіміз – қарбаласқа толы және ешқашан бос емес. Өйткені біз барлығын ертеңге қалдырып үйренгенбіз. Егер сіз өмірді басынан бастағыңыз келсе, дәл бүгінгі күнді таңдаңыз. Өйткені ертеңге қалған істің болашағы жоқ. Тіпті ертеңге қалдырып жүрген ісіңізді қазір бастауға кеш болса да, дәл бүгін бастауға кірісіңіз. Жаңа істі бастағаннан гөрі, басталғанды аяқтаған оңай.

8. Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз

Өзінің сүйікті ісін жұмысына айналдырған адам, өмір бойы ештеңе істемейтін болады. Әрдайым сүйікті ісіңіздің шыңына шығуға талпыныңыз. Сол кезде сіздің бойыңызда жалқаулық та болмайды. Көп ақша табу сіз үшін қиындық тудырмайды. Өйткені сүйікті ісін бар жан тәнімен істеген адамда өзіне тең келетін бәсекелес болмайды.

9. Зиянды әдеттерден арылыңыз

Ғаламторда сағаттап отыру, зиянды әдеттерге үйір болу, ішімдік ішу, компьютерлік ойындар ойнау сынды адамзаттың қас жауынан біржолата арылу керек. Өйткені, ол сіздің уақытыңыз бен энергияңызды алады және жалқаулыққа бастайды. Оның орнына табиғат аясында серуендеп, спортпен шұғылданыңыз. Тіпті, өзіңіздің ең сүйікті ісіңізге бір сағат уақытыңызды бөліңіз.

10. Мақсатыңыз айқын болсын

Егер осы істі аяқтасам, мен өзіме жақсы көлік сатып аламын… Бұл алға қойған нақты мақсат. Егер сіздің мақсатыңыз болмаса, демек жұмыс та істегіңіз келмейді. Мақсаты бар адамның өмірге талпынысы артып, жұмысы өнімді болады. Бұл жалқаулықты жеңудің бірден-бір құралы.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close