Таным

Журналистік сұхбат: Дана Нұржігіт ұсынатын кеңестер

Сұхбат жасау өнері

Журналистік сұхбат мақсаты бар әңгіме. Бұл материалда сіз сұхбаттың түрлері, сұхбат барысындағы сұрақ құрылымы сияқты негізгі элементтермен танысып, пайдалы кеңестер аласыз. Ұсынылып отырған материал медианың қай түрінде болмасын қызмет атқаратын журналистер мен журналистика факультетінің студенттері үшін өзекті болмақ.

Сұхбат жүргізудегі мақсатыңыз 

Сұхбат – қажетті мәліметтерді негізгі дерек көздерден жинаудың басты жолы. Сондықтан сұхбат жүргізудегі мақсатыңыз тек қажетті ақпаратты жинау ғана емес, ақпаратты зерттеу жолымен мұқият тексеру болып табылады. Себебі сұхбат барысында жасалған мәлімдеме оның ақиқат екенін растамайды. Ақпарат алғашқы дерекккөзден келіп түссе де барлық мәлімет мұқият зерттеуден өтуі қажет. 

 Сұхбат түрлері

Сұхбат мақсаты мен форматына қарай бірнеше түрге бөлінеді. 

Едел-жедел. Жаңалықтар немесе шұғыл ақпарат таратуға қажетті сұхбат орын мен уақыт талғамайды. Әдетте сұрауға қатысушыларға бірдей сұрақ қойылады. (street talk)

Портреттік. Кейіпкерді ашуға бағытталған сұхбат. Негізгі фокус кейіпкердің атқарған еңбегіне не жеке басына жасалады. 

Талдамалы, сараптама сұхбат. Қандай да бір қоғамдық маңызы бар оқиға не тақырыпты жан-жақты талдау, себеп-салдарын анықтауға бағытталған сұхбат.                          

Әдетте сараптамалық немесе портреттік сұхбаттар студияда жасалады.  Мұндай сұхбат түрі тақырыпты терең зерттеу мен алдын ала дайындықты талап етеді.

Кейде сұхбатты электронды пошта арқылы алуға тура келетін жағдайлар да болады. Бұл әдістің артықшылығы мен кемшіліктері де бар. 

Артықшылығы: Сұхбатты кез-келген сәтте растауға болады. Әрі ойланып жауап жазған соң сұхбат жинақы болуы мүмкін; 

Кемшілігі: Мұндай сұхбат кезінде кейіпкер өз жауабын өзгертуге мүмкіндік алады. Бұл электронды сұхбат кезінде жағдайды сіз емес кейіпкер қадағалап отырады деген сөз. Әрі сіз жауап алған соң туындайтын ілеспе сұрақтар қоя алмайтыныңыз тағы бар.

Сұхбатқа дайындық кезеңі

Дайындық сұхбат берушіге хабарласпай тұрып басталады. Сұхбатқа дайындық сізге әңгіме тақырыбынан ауытқымай, нәтиежелі сұхбат жүргізуге көмектеседі.

Егер сіздің сұхбатыңыз кейіпкердің қызметімен байланысты болса, кейіпкерге тек жұмыс уақытында әрі жұмыс орынына хабарласып келіскен жөн. Ал егер портреттік сұхбат жасағыңыз келсе, сұхбатты кейіпкердің үйінде немесе ештеңе алаңдатпайтын қолайлы жерде өткізген дұрыс. 

Ескеретін жайт: Кәмелетке толмаған кейіпкерлерге қатысты қатаң заңдар қарастырылған. Сондықтан мұндай сұхбат редакциямен кеңесе отырып жасалуы тиіс. 

Регламент сақтаңыз. Сұхбат уақыты 30-40 миннуттан аспағаны абзал. Техникалық дайындық уақытын ескергеніңіз жөн. Кейіпкермен келісілген уақыт регламентін сақтауға тырысыңыз. 

Эмоциялық байланыс маңызды. Сапалы сұхбат үшін адамның бет-бейнесі, көзқарасы маңызды. Бұл ерекшеліктер журналиске оқиғаның жан-жақты ашылуына ықпал ететін қадамдар жасауға жол ашады.  

Дереккөзді көрсетіп отыруға тырысыңыз. Кейде кейіпкер сұхбаттың кейбір бөліктерін жарияламауды өтінеді немесе дереккөзін жасыруды қалайтын жағдайлар да болады. Мұндай жағдайда журналист дереккөзді жасыра отырып мәліметті қолдана алады. Бірақ бұл сіздің сұхбатыңыздың сенімділік деңгейінің төмендеуіне әсер ететінін ойдан шығармаңыз.

Сұхбаттағы дыбыстық фон. Сұхбатқа  кейіпкер жауабынан бөлек дыбыстық фонның болуы маңызды болатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, бейбіт шеру кезінде алынатын сұхбат. Студияда жазылатын сұхбаттың басты артықшылығы кедергі келтіретін бөгде дыбыстардың болмауы.

Уақыт тығыз болмаса, еденде кілемі бар бөлме таңдаңыздар. Бұл дыбыс сапасын жоғарылатуға көмектеседі. Осы секілді ұсақ бөлшектер сіздің сұхбатыңыздың сапасына үлкен әсер етеді. Сондықтан сұхбатқа дайындық кезеңінде барлық элементтерге аса мән берген абзал. 

Сұхбат сұрақтары: түрлері мен қолданылу ерекшеліктері 

Журналист үшін маңыздысы – сұрақты дұрыс құрастыра білу қабілеті. Сұхбат кезінде қойылатын сауалдардың басты екі түрі бар: жабық (иә немесе жоқ деп жауап беретін) және  ашық (кім? қайда? қашан? қалай? не себепті?). 

“Дәмдеуіш” сұрақтар. Әр сұрақ түрінің өзіндік қолдану ерекшелігі бар. Құрғақ сауалға берілген құрғақ жауаптар сұхбатты ерекшелігінен айырады. Сондықтан әр жауапты мұқият тыңдап әңгіме барысында туындаған ілеспе сұрақтар қойып отыруға тырысыңыз. 

Ақпарат қызметінде басты құндылық – уақыт. Сондықтан ақпараттар қызметіндегі сұрақтар саны төртеуден аспайды. Егер сауалдар құрылымы ойластырылған болса, онда 2-3 сауалмен-ақ нақты ақпарат алуға болады. 

Сауалдардың қолданылу реті. Сұхбат әдетте жаңалыққа негізделген қарапайым сауалдардан басталады. Бұл дәйектер мен мәліметтердің дұрыстығын тексеруге көмектеседі. 

Келесі кезеңде ашық сауалдарға көшуге болады. Сұхбаттың бұл кезеңінде пікірталастар мен қарама-қайшылықтарға дайын болуы қажет. 

Күтпеген жағдай. Кейде кейіпкер сіздің сұрағыңызға жауап беруден жалтаруы мүмкін. Егер әңгіме өрісін ауыстыруға тырысқан әрекетті байқасаңыз, ойша келесі сауалдарыңызды дайындап оларға нақты жауап алуға тырысыңыз. 

Журналист  қоғамның бір бөлшегі. Сіз тыңдарманыңыздың сауалдарын қойып отырмын деп елестетіңіз. Сондықтан сіздің сұрақтарыңыз қоғам үшін өзекті болуы керек екенін естен шығармаған абзал. 

Сұхбатым сапалы болсын десеңіз…

Ойыңызда сұхбаттың нәтиежесі туралы түсінік болуы керек. Міне, осындай жағдайда ғана кейіпкердің тақырыптан ауықтымауына жағдай жасауға болады. 

Сәтті сұхбат құпиясы

Объективтілік. Жеке ойыңызды мойындатуға тырысудан аулақ болыңыз. Сұхбат нәтижесі үнемі жеке тұжырымдарыңызбен сай келе бермейді;

Әділ болыңыз. Сұхбатты құпия түрде жазбаңыз. Қандай маңызды мәлімдеме болса да бұл журналистік этикаға қайшы әрекет. 

Сұрақтарыңыз қысқа, түсінікті болсын. Мағыналы жауап аламын десеңіз, тым ұзақ сұрақ қоймауға тырысыңыз;

Уақыт үнемдеуге көмектесетін лайфхак: Аудионы тыңдау уақытын қысқарту үшін сұхбат барысында негізгі бөліктерін түртіп алып, кодтап отырған жөн; 

Пайдалы әдеттер: Кейіпкерге тек қолайлы уақытта ғана хабарласыңыз.Түскі үзіліс пен кешкі тоғыздан кейінгі қоңыраулар мәдениеттілікке жатпайтынын ескергеніңіз жөн;

Хабарласып отырған себебіңізді толық айтып, өзіңізді таныстырыңыз; 

Кейпкердің мәлімдемесі несімен маңызды, не үшін қажет екенін атап өту қажет.

Егер “жоқ” деген жауап алып жатсаңыз, оны қабылдай біліңіз. 

Кейіпкер бастапқы шешімін өзгертіп сізге хабарласуы мүмкін. Сондықтан өз нөміріңізді немесе басқа да байланыс жолдарын қалдырыңыз.

Материал Дана Нұржігіттің «Медиа және журналистика» курсында айтылған ақпараты негізінде дайындалды.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!