Біліп жүр

Инвестор іздеуде жіберілетін қателіктер

Инвестор мен демеушінің айырмашылығы қандай?

Инвестор дегеніміз сіздің бизнесіңізге не бизнес-идеяңызға қаражатын құю арқылы табыс тапқысы келетін адам. Болжанған табыс іске аспауы да мүмкін. Сондықтан инвестор деп  қаражатын бәйгеге тігіп-бизнеске құйып, тәуекелге баратын адамды меңзейміз. Инвестор іздеудің, онымен жұмыс істеудің өз тәртібі бар. Balbal.kz (business&motivation) арнайы оқырмандары үшін инвесторға барарда қажет болатын лайфхактарды жинақтады.

Инвесторды қалай және қайдан іздейміз?

Туысқанымыз, досымыз, әріптесіміз көп. Алайда қиындыққа тап болып ақша сұрасақ, біз сенім артып жүрген адамдардың ақшалай көмектесуі екіталай. Сұраған адамыңыз ақша берсе, ол сізге имандай сенеді деген сөз.

Инвестор іздеген кезде де адамды тани білу маңызды. Инвестор іздегенде сіз бөгде біреу сізге толыққанды сенім арта алатындай дәрежеге жетуіңіз қажет.

Инвесторды өз салаңыздан іздеңіз. Мысалы, тоқыма өндірісімен айналысуды жоспарласаңыз, сол тоқыма өндірісінде жетістікке жеткен кәсіпкерге назарыңыз түссін. Егер сіз құрылыс бизнесімен айналысып жүрген адамға барып «тоқымама қаражат құйыңыз» десеңіз, 100-дің 98-і ұсынысыңыздан бас тартады. Ал бұл өз кезегінде сіздің сенімділігіңізге селкеу түсіреді.

Кейде сол салада тәжірибесі жоқ кәсіпкер келіссе де, қуану әлі ерте. Себебі ол бос сөйлеп, іске келгенде ширақ қимылдамауы мүмкін. Тіпті келісілгендей ақша бермеуі ғажап емес. Ақшасын берген күннің өзінде тәжірибесі жоқ инвестор сізге бағыт-бағдар сілтеудің орнына аяғыңызға тұсау болуы да ықтимал.

Инвесторға бірнешеу емес, бір-ақ идея ұсыныңыз.

Инвестор іздеуде жіберілетін 3 қателік

-Потенциалды инвесторға бар шындықты айтпауы;

-Бірлесіп жұмыс істеудің тәртібін қағазға түсірмеуі;

-Инвестор ойланамын десе, екінші рет оған бармауы

(инвестордың алдына кемінде 5 рет бару керек)

Инвесторға сөз емес, жоспар қажет

Ойыңызды, идеяңызды қағазға жазып үйреніңіз. Инвесторға сіздің эмоцияға толы әңгімеңіз қажет емес. Қанша от ауыз, орақ тілді болсаңыз да ол мұны жақсылыққа баламайды. Бір беттік болсын инвестициялық жоспар дайындаңыз.

2 айдың ішінде-ақ «табысымыз пәленше болады» деп асырып жазып, оптимист болмаңыз. Керісінше ой іске аспаса, жағдай қандай болатынын ашып көрсетіңіз. Жаман айтпай, жақсы жоқ.

Егер есебіңіз дұрыс болса, бәрі тап-тұйнақтай тізімделіп тұрса, сіздің инвестордың көзінше бағаңыз артады. Ол сізді бала емес, болашақ кәсіпкер ретінде көре бастайды. Демек «иә» дейтін жауап алуға мүмкіндігіңіз артады.

Бизнес-жобаның бір данасын инвесторға беріңіз. Ол идеяны ұрлап алады деп қорықпаңыз. Кәсіби инвесторларға күніне бәленбай жоба ұсынылады. Олар соның арасынан мардымдысын таңдап алуға ғана тырысады.

Бизнес-жобада қандай мәліметтер болуы тиіс?

-Сізге қажет сома (теңге, доллар).

Асырып көп сұрамаңыз. Өйткен жағдайда инвестор «мені қазірден-ақ алдап жатыр» деп ойлап қалады.

-Құйылған қаражат қанша уақытта, жылда қайтара алатыныңыз.

«Жобаны іске асыру үшін $100 000 керек. Оны екі жылда қайтарамын» дейсіз.

-Жобаның қаншалықты табысты болатындығы.

Есептеріңізге сай 20% не 40% табыс тапқыңыз келетіндігін көрсетесіз. Барлық сандарды жатқа білуіңіз шарт. Инвестордың көзінше қағазға қарап айту, өз есебіңді білмеу күмән тудырады.

-Қандай қиын жағдайларға (форс-мажорға) ұшырап қалу мүмкін екендігіңіз.

Шығындарды барынша азайта отырып, осы тығырықтардан қалайша шығатындығыңыз туралы жазасыз. Бұл арқылы қандай жағдай орын алмасын бәріне дайын екендігіңізді көрсетесіз. Нәтижесінде бар ойыңыз ақша емес, өміршеңді бизнес екендігіне инвестордың көзі жетеді.

-Өнімнің бір данасы (көрсетілетін қызметтің бір түрі) қанша тұратынын анықтау

Мысалы, пластикалық бөтелкеде су шығарамын дедіңіз. Ендеше бір пластикалық бөтелкенің бағасы қанша тұратынын жазасыз.

-Өнімнің бір данасы (көрсетілетін қызметтің бір түрі) қанша табыс алып келетінін білу

Бір пластикалық бөтелкедегі суды сатсаңыз, қанша теңге пайда түсетінін анықтау қажет. Сонда бір айда бәленбай сомаға қол жеткізу үшін нақты қанша су сату қажет екендігін білеміз.

Мысалы, сіз бірнеше қабатты үй салуға ұсыныс жасайсыз. Инвестор сізден бір шаршы метрдің өзіндік құны мен нарықтағы сатылым бағасын сұрайды. Сосын барып бүкіл ғимараттың қанша шаршы метр екендігін білгісі келеді. Осы ақпараттарға негізделе отырып қанша табыс табуға болатындығын есептейді. Мұны инвестордың «тілі» дейді. Инвестормен сандар арқылы сөйлеуді үйреніңіз.

-Ең құрығанда 10% ақша құюды қарастырыңыз.

Өз ақшасын бәйгеге тікпеген адамға инвестор жылы қабақ танытуы қиын. Себебі өз маңдай терімен тапқанын бизнеске салған адам барынша ширақ қимылдайды. Ал біреудің ақшасына бизнесін құрып жатқан адам кейде жалқаулыққа салынып кетеді.

-Бұл жоба несімен инвесторға тиімді болатынын жазыңыз.

Инвестормен келіссөз жүргізу тәртібі

Әдетте келісімшартқа сай бизнестің 40%-ы сіздікі, 60%-ы инвестордыкі болып есептелінеді. Инвестор ақша құйса, сіз негізгі жұмысты істейсіз. Осы пайыздық есепке сай келісімшарт бойынша ол құйған қаражатын болашақта қайтаруды талап етпейді. Халықаралық тәжірибеде бизнес аталмыш жүйе бойынша жасалынады.

Ал егер сіз инвестор құйған қаражатты қайтаратын болсаңыз, пайыздық үлесіңіз артады. Бүкіл қарыздан құтылған күні сіз бизнестің 60%-на, ал инвестор 40%-на ие болып қалады.

50%-де 50% деген пропорция болмайды. Себебі бұл әділетсіздік. Қаражатын құйған адам яғни инвестор сіз үшін тәуекелге барып отырғанын ұмытпағайсыз.

Инвестор үшін уақыт маңызды

Ешқандай инвестор сізбен өмір бақи жұмыс істегісі келмейді. Ол тек өз пйадасы үшін қаражатын уақытша береді. Сіздің бизнесіңізді тартып алуды да көздемейді. Инвестор жобалармен емес, қаржымен айналысатынын білгейсіз. Сондықтан қанша жылдан кейін құйған қаражат орнына келетіндігін, тағы қанша жылдан кейін өз үлесін сізге сату арқылы бизнесіңізден кетуге болатындығын ашып жазасыз.

Инвестор мен демеушінің айырмашылығы

Инвесторды демеушімен салыстырмаңыз. Ол қайырымдылықпен айналысатын не қайтарымсыз грант бөлетін қайырымдылық қоры емес.

Инвестор сіздің бизнес-идеяңыз арқылы өз табысын молайтуды көздейтін адам.

Сіздің мақсатыңыз инвестордың ақшасы арқылы баю емес, онымен бірге даму, өсу, капиталды арттыру, болашақта оның серіктесіне айналу болу қажет.

Материал Саидмурод Давлатовтың «ТМД аумағындай қалай миллионер атануға болады?» кітабында берген ақпараттары негізінде дайындалды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!