Біліп жүр

Тіл табысу: Ұнайтын және керісінше шамға тиетін сөздер

Тіл табысу қиын емес

Тіл табысу бәріміз үшін маңызды. Әлеуметтік қарым-қатынасқа түсу бәріміз үшін ауадай қажет дүние. Ол үшін әр сөзіңізге мұқият болып, орынды сөйлеңіз. Ендеше Balbal.kz мотивациялық сайты тіл табысу үшін сөздерді қалай қолдану керегін айтады.

«Және», «бірақ»

«Бірақ» қарсылықты шылауын қолданғанша «және» деп айтыңыз. Мысалы, «Сіз жақсы дайындалып келгенсіз, бірақ мына тапсырманы орындау керек». Бірақ сөзінен кейін алдыңғы сөздер маңызды емес болып қалады. Ал оның орнына: «Сіз жақсы дайындалып келгенсіз және мына тапсырманы орындап келіңіз» деген сөз өтімдірек болады.

«Шынымды айтсам»

Пікіріңізді білдіретін кезде «шынымды айтсам» деген сөзді қоспай-ақ қойыңыз. Бұл сізді тек осы жағдайда ғана шынын айтатын адам ретінде көрсетеді. Сол себепті артық сөзді қоспай, пікіріңізді білдіре беріңіз.

«Жоқ»

«Жоқ» деген сөз жағымсыз естіледі. Ол әңгімені аяқтап тастайды және тілдесушіге ұнамайды. Қатаң «жоқ» дегеннен гөрі «олай емес» деген сияқты сөйлемді «емес»-тен аяқталатындай етіңіз.

«Енді», «әлі»

Екеуінің мағынасы бір сияқты көріну мүмкін. Бірақ тілдесушіге екі түрлі әсер қалдырады. «Әлі» деген сөздің орнына «енді» сөзін қолданған жөн. Мысалы, «сіз әлі 19-дасыз» дегеннен гөрі «сіз енді 19-дасыз» деген сөз жауапкершілік сыйлайды.

«Үшін», «қарсы»

«Қарсы» сөзі адамды негативті ойға бағыттап қояды. «Сіздің ауруыңызға қарсы қандай дәрі берсем екен?» дегеннен гөрі «Сіздің жазылып кетуіңіз үшін қандай дәрі берсем екен?» деп айтқан жағымды естіледі.

«Жай», «тек»

Өз ойыңызды айтқан кезде «жай», «тек» деген сөздерді қолданбаңыз. Ол сөзіңізді маңызы жоқ сияқты көрсетеді. Осыдан кейін сізді сенімсіз деп қабылдауы мүмкін. Мысалы, «Бұл жай менің ойым», «Мен тек не ойлайтынымды айттым».

Дұрысы: «Бұл менің ойым», «Мен не ойлайтынымды айттым»

«Шамасы», «таман», «қарай»

Уақыт пен күнін белгілейтін кезде нақты сөйлеңіз. «9-10-дардың шамасында», «келесі аптаға таман», «кешке қарай» деген жауап емес. Мынадай келіссөзден кейін міндетті түрде кездесу уақытылы болмайды не іс тынбайды. «Мен кешке қарай қоңырау шаламын» дегенше «Мен 18:00-20:00 аралығында қоңырау шаламын» дегенге сенімді боламыз.

«Негізі», «іс жүзінде»

Бұл екі сөзді сөздік қорыңыздан алып тастаңыз. Оларды қолданбағанда сөйлемнің мағынасы өзгермейді. Ал айтсаңыз, ақылгөйсіп отырғандай боласыз.

«Жер Күнді 365 тәулікте айналып шығады» деген сөз бен «Негізі Жер Күнді 365 күнде айналып шығады» сөз арасында айырмашылық жоқ, бірақ оны қабылдау әртүрлі.

«Керек», «жөн», «абзал»

Тілдесушіге жиі «керек» деп аяқталатын сөздерді айтпаңыз. Сіз бұйырып сөйлейді деп ойлауы мүмкін. Арасында «жөн», «абзал» деген сөздерді айтыңыз. Осы кезде сіз кеңесші, ал өзі шешім қабылдайтын адам деп түсінеді. Мысалы: «Саған көп кітап оқу керек».

Дұрысы: «Саған көп кітап оқыған жөн», «Кітапты көп оқығаның абзал».

Ашық сұрақ қою

Әңгіме ұзаққа бару үшін иә/жоқ деп жауап беретін сұрақ қоймаңыз. Тіпті ондай сұрақты ашық етіп, түрлендіруге болады. Мысалы, «Бүгінгі сабақ қаншалықты ұнады?», «Қай кезде маған көмек бере аласың?», «Қашан кездесе аламыз?», т.б.

Қарсылықты сөйлемдер қолданбаңыз

Позитивті жауап беретін болсаңыз, қарсылықты сөйлемдерді қолданбаңыз. Қарсылықты сөйлемдер жағымсыз әсер қалдырады. Ұзақ жолмен қажетсіз сөйлеп кетесіз. «Стилің жаман емес», «Бұл түк те қиын емес» дегеннен гөрі «Стилің жақсы екен», «Бұл оңай» деп айтқан ұнамды.

«Мен», «сіз», «біз»

Әңгімені өзіңізге нұсқай бермеңіз. Ол сізді өзімшіл әрі өзіне назар аудартқанды жақсы көретін адам деп қабылдайды. Керісінше әңгімені оған бұрсаңыз, ол өзін маңызды адам ретінде түсінеді. Ал біз деп ортақтасу арқылы назару ауып, тез жарасып кетуге асық болады. Мысалы: «Мен қазір бәрін түсіндірем», «Маған осыны түсіну керек» дегеннен «Сіз қазір түсініп кетесіз», «Бізге мынаны түсіну керек» деп айтқан дұрыс.

«Ешқашан», «әрқашан», «ешкім», «бәрі»

Жалпылау – әлсіздердің әңгімесі. Нақты айту керек. Сөз кімге қатысты және оқиға қай кезде болғанын тілдесуші түсіну керек. Жалпылау арқылы қатысы жоқ жандарды да кірістіріп жіберуіңіз мүмкін.

Мысалы: «Маған жұмыста ешкім көмектеспейді», «Бәрің әрдайым кешігіп жүресіңдер».

Дұрысы: «Маған жұмыста Пәленше көмектеспеді», «Екі күннен бері 8 адам жұмысқа кешігіп келді».

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!