Отбасы статистикасына сүйенсек, Қазақстанда некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталады. Осыған байланысты алимент мәселесі аса өзекті. Алименттің қандай түрлері бар? Мөлшері қалай есептелінеді? Азаматтық некеден туған балалардың алимент өндіру құқығы бар ма?
Заңгер Тілеужан Кішкенебаев:
Алименттің қанша түрі бар?
4 түрі бар.
-кәмелеттік жасқа толмаған балаларға төленетін;
-бұрынғы ерлі-зайыптылардың біріне төленетін;
-18 жастан асқан, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға төленетін;
— кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына төлейтін алимент.
Ажырасқандар алиментті қандай жағдайда өндіре алады?
Заң бойынша балаға алимент төлеу қарастырылған. Одан бөлек экс ері не экс зайыбы қаржы талап ете алатын жағдайлар бар. Мысалы,
-бірі жұмысқа жарамсыз болса;
— экс жары жүкті болса;
-бірі мүгедек баланың күтіміне жауапты болса;
-бірі 3 жасқа толмаған некеде дүниеге келген балаларын тәрбиелеп отырса, өндіре алады.
Кәмелетке толған бала алимент өндіре ала ма?
Егер ата-анасы еңбекке жарамды болса, көмекке мұқтаж баласын асырауға міндетті. Ал бала мүгедек болса, кәмелетке толғанына қарамастан алимент өндіре алады. Мөлшерін сот отбасының материалдық жағдайына байланысты анықтайды.
Ал ата-ана баласынан алимент өндіре ала ма?
Егер бала қартайған немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын ерікті түрде асырағысы келмесе, ата-ана сотқа өтініш бере алады. Бірақ ата-ана құқығынан айырылған адамдар ала алмайды.
Заңды некеде болу шарт па?
Егер баланың ата-анасы екені расталса (туу туралы куәлігінде аты-жөні көрсетілсе), қай некеде тұрғаны маңызды емес. Ал әкесі не анасы екені анықталмаған жағдайда талап қоюшы сотқа өтініш бере алады. Сотта біреуі бұлтарса, ДНҚ сараптамасы жасалады. Сараптама қорытындысы бойынша сот шешім шығарады. Мысалы, әкесі екені анықталса, сот «әкесі деп танылсын және міндеттелген соманы төлесін» деп бұйырады.
Сондай-ақ қамқорлықта немесе патронаттық тәрбиедегі, асырап алынған балалар да алиментке құқылы.
Алимент төленбесе не болады?
Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, борышкерге Қазақстан аумағынан шығуға шектеу қойылады. Алимент бойынша қарызын өтемейінше жүргізуші куәлігінің күші жойылады.
Ерікті түрде төлемесе, қалай өндіріледі?
Сот орындаушысы қаулы шығарып, оны борышкердің жұмыс орнына жолдайды. Қаулыға сай бухгалтер ақшаны талап етушіге аударады. Ай сайын жалақы түскеннен кейін үш күн ішінде ақша аудару міндетті.
Алименттің мөлшері қанша?
-Бір балаға – табыстың немесе өзге де кірістің төрттен бір бөлігі;
-Екі балаға – үштен бір бөлігі;
-Үш және одан да көп балаға – тең жартысы.
Сұхбаттасқан Дүрия Қыдырбекова