Біліп жүр

Арман Сқабылұлы. Перінің қызы

…Он жастағы баламын. Алматыға əкеммен ілесіп келіп, досының үйінде жатырмыз. Ораз ағамның үйінен жыл он екі ай қонақ айырылмайды. Кеген, Нарынқолда жұмыс істеп кеткеннен кейін бе, көбіне сол жақтың адамдары қонақтап жатады. Бұл жолы да солай. Үйде Жалаңаш жақтан келген Молдахмет деген туыстары бар екен. Əкем екеуінің жастары қатарлас. Бірден тіл табысып кетті. Өткен-кеткеннен əңгімені екеуі жібереді. Құлағымды қалқайтып тыңдап отырғаным.

— Əй, бала, сен ұйықта! — деді əлгі кісі бірде төсек салынып болған соң, — Əкеңе бір əңгіме айтып берейін. Саған тыңдауға болмайды. Жассың əлі…

Не дейін? Өтірік ұйықтағансып, пысылдап жаттым да қойдым. Молдахмет атамыз сыбырлап əңгімесін бастады.

— Ол кезде жаспыз ғой. Осы Алматыдан ат арбамен жолға шықтық. Қасымда жасы жиырмаға жетпеген ауылдың бір жігіті бар. Шелекке бір түнеп, ертесі Кегенге бет алдық. Қазанның соңы еді. Кегеннің асуына жете бере қас-қарайып, күн бұзыла бастады. Асудың бір биік жотасына шығып, түзде қонуды ұйғардық. Айналада тірі жан жоқ. От жағып, аздаған азығымызды қаужап отырмыз. Бір кезде сапарласым түртіп қалды. Жеңіл киінген, қызыл көйлегінің етегі жерге түскен бір əдемі қыз бізге қарай беттеп келеді екен. Күздің қара суығында сонша жұқа киінгені несі деп ойлап үлгергенімше өзі де келіп қалды.
— Шонжы жаққа кетіп бара жатыр едім… Арбам сынып… Отты көріп… Жылынып алсам деп…
Жөнін айтқан соң жүрек орнына түсті. Қасымдағы серігім асты-үстіне түсіп, бəйек болды да қалды. Ыстық шəй беріп, сырт киімін жауып дегендей. Қыз да оған кет əрі емес секілді. Қойшы, содан түн ортасы ауғанша екеуінің əңгімесі таусылмады. Бірер жас үлкендігім бар еді, жастарға кедергі жасамайын деп арбаны аулаққа апарып, жатып қалдым. Қатып ұйықтап қалған екенмін, серігім жұлқып оятты.
— Аға, қыз жоқ! Кеткен ізі де жоқ!
Мен ұйықтап қалған соң тау басына қар жауыпты. Айнала аппақ болып жатыр.
— Қар тоқтағанда қасымда болатын… Кеткен ізі қалуы керек еді ғой…
Серігім айналаны қарап жүгіріп жүр.
— Əй, болды! Жиналайық! Төменге кеткен де ол қызың.
— Төменде арба көрінбейді, аға! Қайдан іздесем болады?

Өте сымбатты жігіт еді. Түрі əлемтапырық болып кетіпті. Жол жүруге əзер көндірдім. Артына қарай-қарай кетті бауырым.

…Ауылға келген соң сол бала бейуақта үйден шығып, тау жаққа кетіп қалатын болды. Сай, сайдан əлгі қызды іздейтінді шығарды. Анасы ауыл молдасына апарған екен, «Балаң перінің қызына ғашық болған. Ол елу жылда бір таудан түсіп, адамнан ұрпақ алып кетеді. Емдеу қиын ондайды…» деп шығарып салыпты. Сол қыста əлгі бала тау етегінде қатып өлді…

…Молдахмет атам əңгімесін аяқтады. Əкем күрсінді. Мен əлі өтірік пысылдап жатырмын. Ұйқы қашқан. Ғашығын іздеп тау басында күңіреніп жүрген əлгі жігіт көз алдымнан кетер емес. Шынымен перінің қызы ма екен? Олай болса жігітті неге алып кетпеді? Бала қиялым сан-сауалға жауап іздеп жатып ұйықтап кеттім. Түсіме сол перінің қызының кіргені…

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!