Біліп жүр

Coursera – әлемдегі ірі онлайн білім беру платформасы

Coursera-ның қалыптасуы мен дамуы

Coursera – дәстүрлі сабақ өту негізінде құрылған онлайн платформа. Жобаны Стэнфорд университетінің профессорлары Эндрю Ын мен Дафна Коллер жасап шыққан. 2012 жылы құрылған компания акциясы 2021 жылдың наурызында қор биржасында сатыла бастады. Balbal.kz «Coursera» платформасының құрылуы мен дамуы жайлы материал дайындады.

         Компанияның құрылуы

Жобаны информатика пәнінің профессорлары дайындап шыққан. Олардың бірі Дафна Коллер «Мак-Артур» стипендиясының иегері болған. Халық арасында мұны «данышпандар стипендиясы» деп те атайды. Стартаптың артықшылығы – тек лекциялар ғана емес, толыққанды курстың болуы. Студент бейнежазбаны көріп, мәтіндік конспектілерді оқиды, үй тапсырмасын орындап, соңында емтихан тапсырады.

Бастапқыда курстардың барлығы ағылшын тілінде жүрді. Әр қайсысының ұзақтығы 6-10 аптаны құрайды. Апта сайын курс қатысушысы 1-2 сағаттық видеодәрісті тамашалап, арнайы тапсырмаларды орындайды. 2014 жылы платформада ағылшын тілінен бөлек, испан, француз, португал, қытай және орыс тілдеріндегі курстар пайда болды.

2015 жылы курстарды орыс тіліне аудару мақсатында арнайы жоба басталды. Бұл процесске барлығы 15 000 қатысушы қатысып, 30-дан астам курс орыс тіліне ауысты. Танымал курстардың арасында Эндрю Ын мен Дафна Коллердің де дәрістері бар.

         Серіктестер

Компания құрыла салысымен, дәстүрлі білім беру жүйесін дамыту мақсатында АҚШ-тағы ірі жоғарғы оқу орындарымен келісім жасасты. 2012 жылы «Coursera» Стэнфорд, Принстон, Мичиган және Пенсильвания университетімен жұмыс істеді. Бұдан кейін осы жылдың маусымында 12 оқу орыны, қыркүйекте 17 білім беру мекемесі қосылды. 2013 жылы ақпанда компания тағы 29 жаңа университетпен келісім шарт жасалғанын хабарлаған. Бүгінде мұндай серіктестер саны 200-ден асады.

         Курс қатысушылары

Курсқа қатысушылардың 38% АҚШ тұрғындары құрайды. Ал шетелдік студенттердің басым бөлігі Бразилия, Қытай, Үндістан мен Ресей елдерінен.

2020 жылғы дерек бойынша «Coursera»-ға барлығы 77 миллион қатысушы тіркелген. Студенттер «iOS» және «Android» жүйелеріне арналған ресми қосымша арқылы да сабақтарды өте алады. Ал тапсырманы растау үшін сурет арқылы қолданушыны тексереді. Сонымен бірге жүйеге керекті ақпаратты да енгізуге болады.

         Компания табысы

2013 жылы жобаның табысы $1 миллионға жеткендігі хабарланған. Кірістің басым бөлігін сертификатты алуға төленетін сомма құраған. Бүгінде платформаның таза табысы $294 миллионға тең. Пандемия кезінде көрсеткіш бірден 60 пайызға артқан.

2021 жылы қор биржасы арқылы компанияның 15,73 миллион акциясы сатылған. Бұл жалпы капиталдың 12,1 пайызына тең. Жалпы түскен пайда $519 миллионға жетті. Компания қазіргі уақытта 4,3 млрд долларға бағаланады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!