Біліп жүрМиллионер

Конор Макгрегор: Сантехниктен әлемдік жұлдызға дейін

Конор спорт әлемінің алпауытына қалай айналды?

Конор Макгрегор – бүгінде аралас жекпе-жектен әлемнің ең жарық жұлдызы. Forbes журналының есептеуінше ирландиялық спортшы 2019 жылы 47 миллион доллар табыс тапқан. Алайда Конор Макгрегор жетістікке жетпес бұрын сантехниктің көмекшісі болғанын, жұмыссыздық бойынша жәрдемақымен күн көргенін көпшілік біле бермейді. Макгрегорды жәрдемақы алушыдан спорт әлемінің алпауытына айналдырған өмірлік қағидаларымен таныс болайық.

Конор Макгрегор:

Өз ісіңді сүй

Мен өз ісімді бар жүрегіммен сүйемін. Менің ойым, сөзім бәрі аралас жекпе-жек туралы. Басқа ештеңе туралы ойлай алмаймын. Ойлағым да келмейді. Кейде адамдар менімен футбол, кино тақырыбында әңгіме-дүкен құрғысы келеді.Бірақ мен ондай әңгімелерді қалай жалғастыру керегін білмеймін. Себебі менің ойымда аралас жекпе-жектен басқа ештеңе жоқ. Осының барлығын адамдар біртүрлі не дұрыс емес көруі мүмкін. Меніңше, өз ісіңе мұншалықты берілу біртүрлі емес. Таңғы 6-да тұрып, өзіңе ұнамайтын офисте 12 сағат жұмыс істеу біртүрлі. Міне, осы дұрыс емес. Қазір мен бір күнде жұмыс істемеймін. Мен сүйікті ісіммен айналысамын.
Менің сантехниктің көмекшісі болған кезім есімде. Ешкім бағаламайтын 14 сағаттық жұмыс. Суық үйлер, ұнжырғасы түскен адамдар. Бір күні жұмысқа бара жатып, аялдамада ойландым. Дала қараңғы, нөсерлеп жаңбыр жауып тұр. Ал көліктер мүлдем жүріп жатқан жоқ. Сонда қателесіп жүргенімді түсіндім. Бұл орта, бұл жұмыс менікі емес екен. Сол күні шындықтың бетіне тік қарап, өзіме ұнайтын іспен ғана айналысамын деп уәде бердім.

Алғашында адамдар менің сыртымнан күлді, ата-анам қарсы болды. Ирландияда төбелес арқылы ақша табуға болатынына бірде бір адам сенбеді. Бірақ мен сендім. Мен бұл спортты сүйдім және өз жетістігіме шынайы сендім. Ал қазір қараңыздар, менде бәрі бар. Күлген адамдар қайда, мен қайдамын?

Арманыңнан бас тартпа

Егер сен арманыңа шынайы сеніп, оны жасырмай айтатын болсаң, бәрі сен айтқандай болады. Мен ойыммен болашағымның суретін саламын. Көз алдыма елестетемін және оны айтудан қорықпаймын.

Сондықтан да мен бәрінен артық жетістікке жетемін. Көп адамның ішінде өзіне сенетін арманы бар. Бірақ оны жасырып жүреді. Айтуға қорқады. Осы қорқынышты жеңу керек. Өз арманын нық сеніммен қорықпай айта алатын адамдар тартылыс күшін тудырады. Өзгелер де оның арманына сеніп, оған көмек береді. Арманы көз алдыңда шындыққа айналады.

Оқи отырыңыз: «Ең бай спортсмендер және олардың миллиондары»

Басқалар сияқты ойлама

Мен әртүрлі спорттық залдарда жаттықтым. Бәрінің ережелері болды. Былай тұру керек, былай ұру керек деген секілді. Басында жаттығудың мұндай тәсілі дұрыс деп ойлайтынмын. Алайда қазіргі жаттықтырушым Джон Кавананың «SBG gym» орталығына келгенде ойым түбегейлі өзгерді. Джон нақты бір тәсілмен қатып қалмайды. Спортшыға еркіндік береді. Өзіндік стилін қалыптастыруға жол ашады. Джон Кавананың қоластында жаттыққан алғашқы күндерден бастап маған керегі осы екенін бірден түсіндім. Оның басқалар сияқты ойламайтыны маған қатты ұнады. Өзімнің жекпе-жек стилімді қалыптастыруға кірістім. Ал одан кейінгі оқиғалар тарихқа айналды.

Өміріңе алғыс айт

Өміріңе жақсылық алып келудің бастысы жолдарының бірі – алғыс айту.

Өміріңде бар мүмкіндікке шынайы алғыс айтатын болсаң, саған жаңа жолдар ашылады.

Мен кішкентай жетістікке де қуанамын. Өміріме ризашылығымды білдіремін. Ештеңем жоқ кезде де өмірлік ұстанымым осындай болған. Атақ, байлық, спорттық жетістіктерім болмаса да өміріме алғыс айтатынмын. Ал өмір жауап ретінде маған одан да көп мүмкіндік берді. Қазірде дәл солай. Мен барыма алғыс айтамын.

Дұрыс орта қалыптастыр

Ең биік шыңға шығып, ол жерде қалу үшін мықты команда болуы керек. Қасыңда артық ештеңе және ешкім болмасын.

Менің айналамда басқа іспен айналысатын, басқа жолмен жүретін адамдар жоқ. Себебі ондай достар саған кері әсерін тигізеді. Арманыңа барар жолда артық жүкті көтерудің не керегі бар? Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек.

Ди екеуміз Дублиннен 30 шақырым қашықтықта тұратынбыз. Мен тек жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып, күнімді жаттығумен өткіземін. Ал менің жарым бізді қамтамасыз ету үшін жұмыс істеді. Ол менің чемпион болатыныма сенді. Ауыр жаттығудан соң шаршап келгенімде «Конор сенің қолыңнан бәрі келеді. Мен саған сенемін» деп әрқашан қолдап отырды. Бүгін мен жекпе-жектерім үшін миллиондаған ақша аламын. Қалаған үйде тұрып, қалаған көлікке міне аламын. Ди осының бәріне лайықты. Мені қолдаған әрбір адам осыған лайықты.

Материал Конор Макгрегордың сұхбаттарының негізінде дайындалды.

Дайындаған: Досбол Атажан

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!