Біліп жүр

Әлеуметтік желі жазбасында кездесетін 5 қателік

Әлеуметтік желі қазіргі таңда түрлі құттықтаулар мен пікір бөлісу үшін таптырмас құрал. Ойдың оқырманға дұрыс әрі дәл жетуі жазбаңыздың мәтініне мен мәніне байланысты. Бүгін мәтіндегі қателер туралы сөз қозғаймыз.

Туылған күн/Туған күн

  1. Әлеуметтік желі алаңында ең жиі кездесетін қатенің бірі – «туылған күніңізбен» сөз тіркесі. Бұл – қате. Себебі, «туылған» сөзіндегі -ыл ырықсыз етіс жұрнағы. Ырықсыз етіс өздігінен болған әрекетке қолданылатынын еске түсірсек, сәби өздігінен туылмайтынын да ұмытпағанымыз жөн. Демек дұрысы – «туған күніңізбен» деу. Қазақ классиктерінің шығармаларынан іздесек те, түсіндірме сөздікті қарасақ та туған күн деп қолданылуы дәлел бола алады.

Сәттілік/Сәттілік тілеймін

  1. «Сәттілік» деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырамыз. Бұл – орыстың «удачи» деген сөзінің тікелей аудармасы. Дұрысы сәттілік тілеуіміз қажет.

Нәзік жандылар/Арулар

  1. 8-наурызда «құрметті нəзік жандылар» деп басталатын құттықтаулар қаптайды, иә? Бұл – калька, орыстың «представители слабого пола» деген тіркесінен шыққан. Бұның орнына қазақ тіліндегі әйел атауына байланысты «қыз-келіншектер», «бойжеткендер», «арулар» деген сөздерді қолданғанымыз абзал.

Болып табылады

  1. Соңғы уақытта «болып табылады» және осыған ұқсас тіркестер көп қолданысқа түсіп кетті. Бұл дұрыс емес. «Бұл жазбам жастарға пайдалы болып табылады» дегеннен «Бұл жазба жастарға пайдалы» десеңіз дұрысырақ.

Барлықтарыңыз/Барлығыңыз

  1. Көптік жалғауды кез келген жерге қоса беруге болмайды. «Барлықтарыңызға жұғысты болсын» деп жазады. Бірақ «барлық» сөзінің өзі көптік мәнді білдіргендіктен «барлығыңызға» деп қолданғанымыз дұрыс. Демек «барлықтарыңыз», «бүкілдеріңіз» емес , «барлығыңыз», «бəріңіз» дегеніміз абзал.

Жазбаңыз жарқ етіп, жұп-жұмыр болсын десеңіз, қате жазудан арылыңыз.

Дайындаған: Ақнұр Серікқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!