Біліп жүр

Мектеп таңдаудағы 6 критерий

Мектеп таңдауда нені білуі керек?

Мектеп таңдау – ата-ана мойнына жүктелетін жауапкершілік. Білім ордалары көбейген уақытта таңдаудан қателеспеу маңызды. Әсіресе жекеменшік мектеп жайлы ойланып жүрген ата-аналардың көкейінде сұрақ көп. Осы ретте мектеп таңдау жайлы Tamos Education мектебінің бас директоры Бауыржан Серікұлымен сұхбаттастық.

Бауыржан Серікұлы:

1 критерий – тарихқа мән береміз

Жекеменшік я мемлекеттік мектеп болсын тарихына зер салған жөн. Тарих деп оқушылардың жетістігін айтамыз. Ол – олимпиададағы жүлделі орындар, ғылыми жобаларға қатысуы, спорттағы нәтижелері, әлеуметтік бастамалары. Сонымен қатар мектеп түлектерінің жақсы оқу орнын таңдап, грант ұтып, мықты маман иесі атануы да есепке алынады. Мұндай көрсеткіштерге жету үшін кем дегенде үш жыл қажет.

Tamos соңғы үш жылда құндылықтарды өзгертіп жатыр. Бұрын балалар «мынадай машинамен келіпті», «мынадай бренд киеді екен» десе, қазір «мынандай балл алды», «ағылшын деңгейі осындай екен», «мына бала Лондондағы олимпиададан орын алып келіпті» деп жарысады. Сондай жетістікке жеткен балаларды насихаттап жатырмыз. Ата-анасын шақырып, мәртебесін өсіреміз. Қай баланың қандай оқу орнына түскені жазылған стендіміз бар. «Мен жайлы қандай ақпарат жазылады екен» деп бала алға ұмтылады. Себебі ол стендте мынадай бренд киіпті, мынадай телефон ұстапты деген ақпарат жазылмайды. Былайша айтқанда, қазір брендпен емес, біліммен жарысатын балаларды өсіріп жатырмыз.

2 критерий – ұстаздарына қараймыз

Әрине, осынау жетістікке ұстаздарсыз жету мүмкін емес. Баланы білім нәрімен сусындататын жандардың еңбек өтілі қандай? Олар қай оқу орнын бітірген деген сұраққа жауап іздеу қажет. Дегенмен ұстаздардың бәрі тәжірибелі немесе кіл жас болуы міндет емес. Ең дұрысы – тәжірибелі тіс қаққан мен тәжірибесі аз, бірақ энергиясы асып-тасып тұрған ұстаздардың миксі бар мектеп таңдау. Соңғы 30-40 жылда түлектер мұғалімдікті саналы тұрғыда емес, мәжбүрліктен, грант үшін таңдап келді. Педагог болу оңай емес, әсіресе, бастауышта мұғалім болу деген өте қиын. Бір айта кетерлігі, бастауыш, орта, жоғары сыныптың спецификасы әртүрлі. Мұғалімдердің жұмыс істеу барысы, ата-анамен қарым-қатынас құруы да сынып түріне байланысты ерекшеленеді. Мысалы, бастауышта балаға энергия көбірек кетеді. Балалармен қоса олардың әке-шешесімен, ата-әжесімен жұмыс істеуге тура келеді. Әр ата-ананың талабынан шығу психологиялық, физикалық тұрғыда да мүмкін емес. Мұндайда сынып жетекші өзінің талаптарын қоя білетін лидер болуы тиіс. Мектеп таңдағанда сыныптың спецификасын ескеріңіз. Соған сәйкес педагогтардың құрамымен танысып, олардың кәсібилігіне, тұлғалық болмысына назар аударыңыз.

3 критерий – инфрақұрылым мен орналасқан орнын көреміз

Инфрақұрылымы жақсы мектептер баршылық. Мемлекеттің қолдауымен олардың саны Алматыда ғана емес, еліміз бойынша да көбейіп жатыр. Алматыда инфрақұрылыммен қатар мектептің орналасқан орны да өте маңызды. Баланы апарып-алып кеткенге азырақ уақыт кетеді деп жақын жердегі мектепті таңдауымыз мүмкін. Бірақ ыңғайы келсе қаладан тыс, ауасы тазарақ жердегі мектепті қарастырған дұрыс. Жалпы инфрақрылым деген бір жерде тұрмайды. Қазір жекеменшік мектептерде бассейн, заманауи кітапхана, ыңғайлы парталар бар. Сонымен қатар ерекше дизайндағы білім ордалары тұрғызылып жатыр. Дегенмен әп-әдемі мектепте отырып ешқандай жетістікке жетпеуге болады. «Екі, үш жыл оқыдық. Мектеп әдемі. Бірақ негізгі пәндерден де, ағылшыннан да, математикадан да жетістікке жеткен жоқпыз» деп ата-аналар налып келеді. Себебі инфрақұрылым мектеп таңдаудағы критерийлердің бірі, бірақ негізгісі емес.

4 критерий – заңды құжаттарымен танысыңыз

Мектеп «мектеп» атануы үшін оған арнайы лицензия берілуі керек. Сонымен қатар санитарлық, антитеррорлық, өрт қауіпсіздігі бойынша құжаттардың болуы міндетті. Бұл құжаттар дайын болмай мектеп жұмыс істей алмайды. Мектеп таңдағанда ата-ана ретінде осылардың бәрін сұрата аласыз.

5 критерий – халықаралық стандарт жайлы сұраңыз

Қазақстанда 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Олардың арасында сапалысы да, сапасызы да бар. Мемлекеттік мектептер арасында да жағдай сондай. Қазақстандағы мектептер халықаралық стандартқа жақындап келді. 10-15 жыл бұрын ата-аналар IB, Cambridge A levels деген не екенін, оның мемлекеттік стандарттан айырмашылығын біле бермейтін. Қазіргі бәсекелестің арқасында ата-аналардың сауаты артқан.

«Swiss Innovators Club» (Швейцария) ассоциациясымен және FEYDEY (Калифорния, АҚШ) ұйымымен стратегиялық серіктестіктің арқасында енді Tamos Global Secondary Education бағдарламасы бойынша оқытады. Бұл оқушыларға үздік білім беру бағдарламаларының бірі – К-12 бағдарламасы бойынша пәндерді ағылшын тілінде оқып, 11-сыныпты бітіргенде Қазақстанның мемлекеттік аттестатымен қатар АҚШ дипломын да алуға бірегей мүмкіндік береді.

6 критерий – ортасына қараңыз

Ортаның қалыптасуына біршама жыл кетеді. Ата-ана мектеп таңдағанда тарихына үңіліп, барлық критерий бойынша мағлұмат жинады делік. Ондай ата-ана бір емес, жүз, екі жүз. Демек сапалы ортаны сапалы білім іздеген, күрделі таңдау жасаған әке-шешенің өзі қалыптастырады. Брендпен емес, біліммен жарысайық деген құндылықтарды насихаттайтын мектеп те ортаға әсер етеді. Сонымен қоса халықаралық стандартқа сай білім беріп, баланы да, оның әке-шешесін де басқара алатын көшбасшы мұғалім орта деңгейін өсіреді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бірнеше критерийдің нәтижесін сапалы орта қалыптасқанынан, қалыптаспағанынан көріп сезе аламыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!