Біліп жүр

Қонақ үй таңдауға көмектесетін кеңестер

Қонақ үйді таңдауда неге назар аудару керек?

Қонақ үй – саяхаттың ажырамас бөлшегі. Таңдалған отель мен қонақ үйдің жақсы болуы сіздің демалысыңызға үлкен әсерін тигізеді. Алайда ғаламтордағы суреттер, сайттағы сипаттама шын өмірдегі көріністен мүлде басқа болуы мүмкін. Balbal.kz ғаламтор арқылы қонақ үй таңдауға көмектесетін кеңестер тізімін дайындады.

Жұлдыз – сапа көрсеткіші емес

Кейде үш жұлдызы бар қонақ үй бес жұлдыздыдан асып түсуі мүмкін. Оның іші кең, жиһаздары жаңа, таза әрі жайлы болуы ықтимал. Кей қонақ үйлер фитнес-клуб, бассейн мен хауыздар, киім жуатын бөлмелер үшін қызмет бағасын өсіреді. Бірақ сіз қонақ үйге түнеуге және таңғы асыңызды ішуге барасыз ғой?!

Туристердің пікірін оқыңыз

Қонақ үйді тәуелсіз ақпарат көздеріндегі рейтингі арқылы таңдау қажет. Дегенмен мұнда кей туристер болмашы дүние үшін төмен баға қоюы мүмкін. Сол себепті орта және төмен бағаға ие отельдерді де бір шолып өтіңіз. Себебі әр түрлі адамдар бар. Біріне нөмірді аптасына бір рет жинайтыны ұнамаса, енді біріне аумақтың өте тыныш болғаны ұнамайды. Үшіншісі анимацияның болмағаны үшін төмен бағалауы мүмкін.

         Орналасқан орынын таңдаңыз

Жағажайда орналасқан әдемі әрі үлкен отельді көре сала, бірден брондауға асықпаңыз. Алдымен ойланыңыз: сізге жағажай қажет пе, қажет болса қанша рет баруға дайынсыз? Әлде сізге экскурсиялық бағдарлама қажет шығар?

Егер демалысыңызды тек жағалауда өткізгіңіз келмесе, мұндай қонақ үй сізге қажет емес. Сондықтан орналасқан орыны үшін ғана артық төлеудің қажеті жоқ. Мұның орнына қаланың орталығына жақын жерден іздеңіз. Әрі бағасы да төмен болуы мүмкін.

         Қонақ үйдің көлемі мен аумағы

Жеке парк, демалыс аумағы бар үлкен отель шағын қонақ үйге қарағанда жақсырақ екені белгілі. Мұндай жерде жаңа таныстар тауып, өзге демалушылармен әңгіме-дүкен құрасыз. Үлкен қонақ үйдің артықшылығы – бақта серуендеу, табиғат аясында ұзақ болу, кешкі дастархан барысындағы отырыстар және т.б. Қонақ үй таңдау кезінде корпустардың көп болуына назар аударыңыз. Мұнда бөлмелерді таңдау да оңайға түседі.

         Жарнамалық суретке алданып қалмаңыз

Сайтта жарияланған суреттерді толық қарап шығыңыз. Фотошоп арқылы жасалған суреттер де болуы мүмкін. Жарықтың шынайылығы, бөлмені үлкен етіп көрсететін сурет ракурсы және т.б. жарнама берушілердің негізгі қулығы.

Сол қонақ үйде болған өзге туристердің түсірген суретіне назар аударыңыз. Бірақ мұндай суреттер де аз ақпарат береді. Сондықтан жарнамадағы суретпен  салыстырыңыз. Сонда ғана шындыққа көз жеткізесіз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!