Кітап

Мег Джей. Адам өміріндегі ең маңызды онжылдық

Біреулер 20 мен 30 жас аралығын екінші жастық шақ деп санаса, енді бірі өмір енді басталды деп ойлайды. Ал  клиникалық ғылымдардың зерттеушісі, психология ғылымдарының докторы Мег Джей бұл  кезеңді «адам өміріндегі ең маңызды онжылдық» дейді. «Осы онжылдықта бәріне үлгеріп қалу керек» деген Мег Джей неге меңзеді?

«The defining decade» кітабының идеясы

Кітаптың негізгі идеясы «жас кезіңде бейнет көр, қартайғанда зейнет көр» деген мақалға саяды.

«20 мен 30 жас аралығында отбасын құрып та, карьераға да, саяхаттап та, балалы болып та үлгеру керек», — дейді автор.

Кітаптың негізгі үш бөлімі бар. Онда жұмыс, махаббат, ақыл мен тән тақырыптары туралы егжей-тегжейлі айтылады.

Ақыл мен тән

Адам өмірінде нейрондық байланыс екі рет қана түзіледі екен. Бірі баланың тым елгезек болатын, сұрағы көп 3-4 жастағы кезеңі. Ал екінші және соңғы рет нейронды байланыс осы 20  мен 30 жас аралығында пайда болады. 30  жасқа дейін мидың маңдай тұсы дамып жетіледі. Мидың бұл бөлігі ертеңіңді жоспарлауға, әдеттеріңе жауап береді.

Жоспарлау қиынға соғып жатса, уайымдамаңыз. Бұл мидың маңдай тұсы даму үстінде деген сөз.

Бұл кезеңде нейрондық байланыс қайта пайда болған соң, адамға екінші мүмкіндік беріледі деуге болады. Сіздің осы жаста жаңа тіл үйренуге, профессия ауыстыруға мүмкіндігіңіз бар.

Жеке капитал

Адам қалай есейетінін білесіз бе? Оны жеке капиталдың арқасында жиналған өмірлік тәжірибе есейтеді. Бірақ жеке капиталың болмаса, жеке тұлға болып қалыптасуың екіталай.

Жеке капитал – адамның өз бойына жинаған қасиеттері, өз-өзіне салған инвестициясы. Ол сіздің біліміңіз, шеберлігіңіз не резюмеңізде жазылатын дүниелер болуы мүмкін.

Бұл онжылдықта жеке капиталыңызды жинап үлгеруіңіз керек. Өйткені, бұл кезеңді «мүмкіндіктер кезеңі» деп айтсақ қателеспейміз.

2 кеменің басын ұстаған суға кетеді

Өзіңді шарқ ұрып іздеудің қажеті жоқ. «Өзімді табамын» деп әр істің басын шалып жүргенде уақыт өтіп кетеді. Мұны автор америкалық зерттеушілер жүргізген мынадай эксперимент арқылы жақсы түсіндіреді.

Супермаркетке алғашында үш түрлі йогуртты сатылымға шығарып қояды. Олар сол күні-ақ таусылып кетеді. Екінші күні сөреге йогурттың  апельсин, мандарин, құлпынай, шие, алма т.б. дәмі бар он шақты түрін қояды. Сол күні йогурт өнімін алушылардың саны күрт азаяды. Эксперимент көрсеткендей, таңдау көп болған сайын шешім қабылдау да, іске кірісу де қиынға соғады.

Қызығушылықтарыңыздың көп болуы заңды. Бірақ өзіңізді тежей білуіңіз керек. Ден қойып жасайтын бір істі таңдап алыңыз. Екі кеменің басын ұстаған суға кететінін ұмытпаңыз.

Алыс таныстық не әлсіз байланыстар

Жеке капиталды жинап қана қоймай оны карьерада пайдалана білу керек. Бірақ арманымдағы жұмысты қайдан табамын?

Міне, әлсіз байланыстардың пайдасы осыда. Ойыңызға алған ісіңізге бастау болатын жұмысты алыс танысыңыз арқылы таба аласыз. Мысалы, бұрынғы басшыңыздан, жолда көріп қалған танысыңыздан не көршіңіздің ағасының досынан бір жұмысқа шақырту алуыңыз мүмкін. Алыс таныстық арқылы бейсаналы түрде өзіңізге керек жұмысқа тұра аласыз.

Махаббат

«Махаббат, отбасын құру үлкен бір ғылым іспеттес. Оны үйрететін ғылым саласы жоқ екені өкінішті», — дейді автор. 20 мен 30 жас аралығы осы ғылымды үйренетін кез.

«Қазір азаматтық неке, үйленбей жатып үй болу сияқты жайттар көп. Бұл отбасы алдындағы жауапкершілікті азайтады. «Тұра алсақ, үйленеміз» деген ойдың өзі бейсаналы түрде ғашығыңды тастап кетуге дайын тұру деген сөз. Өйткені идеал адам болмайды. Әр адамның өзіне жарасатын минусы бар.  Махаббат – сол жартыңды бар болмысымен қабылдау. Ал азаматтық неке махаббаттың бұл заңына қайшы келеді. Сондықтан бұл кезеңде отбасы боламыз деген адамның ғана қолынан ұстау қажет», — деп түсіндіреді автор.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!