Кітап

Сөз менеджменті: Демосфеннен Жандарбекке дейін

Сөз менеджменті кітабына жасалған шолу

Сөз менеджменті – айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақтың алғашқы кітабы.  208 беттен тұратын кітап ораторлық өнерге арналған. Balbal.kz бизнес және мотивациялық сайты алғашқылардың бірі болып кітапты оқып шықты. Ендігі кезекте кітапқа жасалған шолуды назарыңызға ұсынады.

Кітаптың қаңқасы

«Сөз менеджменті» сөйлеуге дейін, сөйлеу барысы және сөйлеуден кейін деген 3 бөлімге бөлінген. Ораторлық қабілетті анықтауға арналған тестті 26-шы беттен таба аласыз. Сонымен қатар теорияны бекітуге арналған 10 түрлі тапсырма бар. Автор кітапты аяқтамас бұрын қорытынды тесттен өтуге кеңес береді.

Сөз менеджменті
Сөз менеджменті @Balbal.kz

Сөйлеуге дейін

Автор сөзді екі түрге бөледі. Ол естілетін және тыңдалатын сөз. Бұл кітапты оқып шыққан адам тыңдалатын сөз айтуға ұмытылуы қажет. Себебі адамға ой салатын, естен кетпейтін де сол сөз. Тұтынушыға «Сізге соус керек пе?» деп қойылған сұрақ McDonald`s-қа $1 800 000  алып келді. Аузыңыздан шыққан сөз тыңдалып, сізге қалаған нәтиже алып келу үшін дайындалыңыз. Себебі дайындықсыз мықты оратор болу мүмкін емес.

Аудитория алдында сөйлеуге қалай дайындаламыз?

Алдымен мақсатты айқындап алыңыз. Кімнің алдында қандай мақсатта сөз сөйлейін деп тұрсыз? Сөйлейтін сөзіңіз сол мақсатқа қарай жоспарлануы шарт. Мәтін дайындамай сахнаға шығып, тәуекелге бармаңыз.

Оратордың сөзі үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Уақытыңыздың 60%-ын негізгі бөлімге, 30%-ын кіріспеге арнаңыз.

Сахнаға шығатын киіміңізді ойластырыңыз. Қатты көзге түсетін аксессуар тақпаңыз. Арқаңызды тік ұстаңыз. Бүрісіп тұрған адам аудиторияны ешқашан сендіре алмайды. Әйел адам болсаңыз, тізеден жоғары киім кимеңіз. Ешқандай сызығы, жолағы жоқ шұлық таңдаңыз.

«Рұқсат етіңіздер, мен сөзімді бастаймын» деген сөзді айтпаңыз.

Микрофонды тексеру үшін «бір, екі, үш…» демеңіз. Жай ғана амандасыңыз. Даусыңыздың шыққанын не шықпағанын халықтың реакциясынан байқауға болады.

Сөйлеуге қанша минут берді? 20 минут па? Демек 19 минутта айтарыңызды айтып сахнаны босатыңыз.

Сөз менеджменті
Сөз менеджменті кітабы @Balbal.kz

Сөйлеу барысы

Автор сахнаға тыңдаушыдан бұрын келіп алуға кеңес береді. Сонда ғана оратор өзін қожайын есебінде сезінеді дейді. Кітапта халықтың назарын ұстап тұру құпиясы айтылған. Шет жағасын айта кетейік. Аудиторияға үнемі сұрақ қойып отыру керек.

Аталмыш бөлімде Жандарбек Бұлғақ дауыс пен дикцияға ерекше көңіл бөледі. Тіпті бір мәтінді оқып, видеоға түсіруге тапсырма береді. Сосын сол видеоны 5 рет дауыссыз, кейін құлаққаппен, содан соң жылдамдатып қарап шығыңыз дейді. Мұның барлығы сөйлегенде қандай қате жіберетінін байқауға көмектеседі. Онымен қоймай қандай ым-ишаратты шамадан тыс пайдаланатынын да байқатады.

Жаңылтпаш миға және тілге арналған болып бөлінеді екен. Миға арналғаны оңай айтылады, бірақ жаңылдырады. Тілге арналғанын айту қиын. Бірақ белгілі бір әріпті айтып үйренгенге жақсы. Автор жаңылтпаш айтуды әдетке айналдыруға кеңес береді.

Сахнада шашын, киімін ұстай беретін адамдар үшін Жандарбек арнайы жаттығулар ұсынады. Соның бірі – «ұзын қауын».

«Ұзын қауын» жестіне сәйкес қауын ұстап тұрғандай боласыз. Оны екі жағынан ұстайсыз да ары-бері қозғалтасыз. Екі қол кезекпен қимылдасын.

Сөйлеуден кейін

Сөзіңізді ерекше қорытындылауға мән беріңіз. Бұған бөлек дайындалыңыз. Мұндай сәтте эмоцияға беріліп, бастан кешкен бір оқиғаны қысқа айтып берсеңіз болады. Сонымен қатар бүгін айтып өткен ақпаратқа қысқа шолу жасаңыз.

Аудиторияға сөз соңында алғыс білдіруді ұмытпаңыз.

Кітаптағы нақыл сөздер

Бүгінгі өміріңіз – кешегі сөзіңіз.

Уинстон Черчилль PowerPoint-ты таныстыру үшін презентация пайдаланған жоқ. Наполеон көрерменнің алдында сурет салған жоқ. Нағыз оратор ешқандай көрнекі құралдарының қыз тілі мен харизманың орнын ештеңе баса алмайтынын жадында ұстағаны абзал.

Өзіңіз жауабын білмейтін сұрақты еш уақытта публикаға қоймаңыз.

Халықтың алдында «Мен үйретемін», «Мен түсіндіремін» деген сөздерді айтпаңыз. «Біз бірге осы сұрақтың жауабын табамыз» дей отыра сіз бен тыңдаушының арасында үлкен айырмашылық жоқ екенін байқатыңыз.

Әр қазақтың ұлттық кодында атаның қанымен, ананың сүтімен келген шешендік өнер бар.

Сөз менеджменті
Сөз менеджменті @Balbal.kz

Жандарбектен мотивация

Демосфен тумысынан шешен болмаған. Тек еңбекқорлығының арқасында ғана сөйлеп үйренген. Ол үшін аузына қиыршық тас салып қиналған.

Цицерон дайындықсыз екі ауыз сөздің басын құрай алмаған. Бірақ мұны ешкім білмеген. Білдіртпеген.

Маргарет Тэтчердің даусы жағымсыз болған. Халықпен тілдесе алмай сайлауда жеңіліс тапқан ол «Дауыс имиджі» курсына қатысып өзін шыңдаған.

Левитан 7 сыныпты 9 жылда әрең оқып бітірген. Диктор болу үшін ол студияға кезекші болып орналасады. Ол дегенің еден жуушымен бірдей мәртебе болатын. Левитан «Молоко» деген сөзді дәл осы қалпында оқитын. Енді ол дұрыс айту үшін бұл сөзді «Малако» деп қағазға жазып алады. Міне, осындай еңбекқорлығының арқасында ол Сталиннің жеке дикторына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Жүрсін Ерман мен Бекболат Тілеуханның ғана ел алдында сөйлеу стилі ерекше. Көрші Ресейде саясаткерден бастап спорт комментаторына дейін дауыс мәнерінен бірден тани аласыз. Бұл дегеніміз елімізде жеке тұлғалық болмысты қалыптастыру ақсап жатыр.

Сөз менеджменті
Сөз менеджменті @Balbal.kz

Кітаптың мұқабасындағы үш нүкте

Кітап мұқабасының дизайнын Абай Омар жасаған. Ол «Soz» деген жазудың О-сындағы үш нүктенің идеясын айтты. Бұл үш нүкте кез келген сөздің кіріспесі, негізгі ойы мен қорытындысы болуы керек дегенді меңзейді. Демек жай ғана осы реттілікті сақтаған, ойластырған оратор сөз менеджеріне айнала алады.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!